Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын және қандастарға, олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсетуге және уақытша тұруға арналған заңды тұлға.
Орталықтың негізгі міндеті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін ұсыну мақсатында қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің уақытша тұруын (тегін) қамтамасыз ету болып табылады.
2008 жылдан бастап Қарағанды, Шымкент қалаларында және Түркістан облысының Ақсукент ауылында қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары өз жұмысын бастады.
Орталықтарда іске асырылатын бейімдеу бағдарламалары құқықтық мәселелер бойынша консультация беруді, мемлекеттік тілді және қалауы бойынша — орыс тілін оқытуды, кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды көздейді.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары» КММ Байланыс ақпараты:
1. Орталықта уақытша негізде тұру үшін қандастар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері тегін орналастырылады.
2. Орталықты қайта құру немесе тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Орталық заңды тұлға құқығын иеленеді, дербес теңгерімі, Қазақстан Республикасы қаржы заңнамасына сәйкес банктерде шоттары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік мекеменің атауы бар мөрі, бланкілері болады.
3. Орталықта қандастардың қоғамға тезірек бейімделуі мен ықпалдасуына бағытталған жағдайлар жасалады.
4. Орталықта тегін тұратын қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне мынадай қызметтер көрсетіледі:
1) ақпараттық және анықтамалық қызметтер ұсыну;
2) аударма бойынша қызмет көрсету;
3) жұмысқа орналастыруда, кәсіптік даярлауда, қайта даярлауда және біліктілікті арттыруда көмек;
4) Қазақстан Республикасының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі жөнінде, заңнама негіздері және шағын бизнес ашу бойынша оқыту курстарын өткізу;
5) әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізу;
6) құқықтық қызмет көрсету (тіркелуге, "Оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі міндетін атқарушының 2016 жылғы 15 қаңтардағы № 20 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13334 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтініш беруге, азаматтық, әлеуметтік жәрдемақылар алуға кеңестер, консультациялар беру және көмек көрсету);;
7) Қазақстан азаматтығын алу және құжаттандыру мәселелеріне жәрдемдесу;
8) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін;
9) қазақ және орыс тілдерін оқыту;
10) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесу.
5. Орталыққа орналастыру және ол жерде қандастарды ұстау Қазақстан Республикасының медициналық қамсыздандыру, санитарлық саулық, сәулеттік реттеу, құрылыс саласы, тұрғын үй қатынастары және коммуналдық шаруашылық салаларының талаптарына сай болуы тиіс.
Орталық қандастарды оқыту үшін қажетті әдістемелік құралдар мен материалдық-техникалық жабдықтармен қамсыздандырылады.
6. Орталықтың жұмыс режимі ішкі еңбек тәртібі қағидаларында белгіленген және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуге тиіс.
Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары қызметінің қағидаларын және Уақытша орналастыру орталықтарының қағидаларын бекіту туралы Бұйрыққа сілтеме: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1300008601