«Отандастар қоры» КеАҚ жанындағы Қоғамдық комиссия (бұдан әрі ‒ Комиссия) тұрақты жұмыс істейтін консультативтік орган болып табылады.Комиссияның негізгі мақсаты – шетелдегі отандастар мен қандастарды қолдау жөніндегі мәселелерді талқылау және мүдделі мемлекеттік органдарға ұсыныстар мен ұсынымдар енгізу.
Комиссияның міндеттері:
– шетелдегі қазақтардың мәселелерін және қандастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін талқылау;
– заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
– шет елдердегі отандастар мен елге келген репатрианттар мәселелері бойынша мемлекеттік деңгейде шешімдерді талқылау кезінде қоғамдық мүдделерді білдіру.
Комиссиятөрағасы – Мұрат Бақтиярұлы, саяси ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің экс-төрағасы.
Комиссия құрамында Мемлекет және қоғам қайраткерлері – ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Жүсіп Нұртөре Байтілесұлы және Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Иса Қазыбек Жарылқасынұлы, ҚР СІМ штаттан тыс кеңесшісі, экономика ғылымдарының докторы Батырша-ұлы Сайлау, түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы және басқа да белгілі ғалымдар, саясаттанушылар мен сарапшылар бар.
Шетелдегі қазақтарды қолдау және репатриация проблемалары бойынша 2019 жылы – 3 отырыс, 2020 жылы ‒ 2 отырыс, 2021 жылы ‒ 2 отырыс, 2022 жылы – 1 отырыс, 2023 жылы – 2 Комиссия отырысы өткізілді.Жалпы, Комиссия отырыстарында саладағы өзекті проблемалар бойынша 36 мәселе талқыланды.
Қоғамдық комиссияның барлық хаттамалық шешімдеріне сәйкес, әсіресе өзекті деп танылған мәселелер жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар мүдделі мемлекеттік органдарға жолданып отырды.
Талқыланған кейбір тақырыптар:
– Шетелдік қазақтардың ұлттық қатыстылығын анықтау мәселесі туралы;
– Шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қолдау мәселелері: әлемдік озық үлгі және қазақстандық тәжірибе;
– Қазақстандық телебағдарламаларды шетелде тарату мәселелері (Қоғам құзыреті шеңберіндегі тақырып), оның ішінде арналарды/бағдарламаларды өтеусіз негізді тарату мүмкіндігі туралы;
– Қандастардың ҰБТ тапсыру механизмін оңтайландыру немесе ҰБТ-дан басқа да альтернативті жолдарды ұсыну;
– Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын барлық өңірлерде ашу туралы;
– Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын талқылау;
– Түрікменстан – Солтүстік Қазақстан – Маңғыстау: қоныстану мәселелері туралы.
– ҚР Халықтың көші-қоны туралы Заңының этникалық репатриацияға және қандас мәртебесіне қатысты кейбір мәселелер туралы.