ҚАЗТЕСТ тілдік тест тапсыру

Нұсқаулық ▼

Тарихи отанына оралған этникалық қазақтар мен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат және Қандас мәртебесін алғысы келетін азаматтар үшін тілдік тест тапсыру — міндетті шарт. Оны онлайн түрде өтудің қадамдары:

1-қадам: Тіркелу және поштаны растау
app.testcenter.kz сайтына кіріп, электронды поштаңызды енгізіп тіркелесіз. Поштаңызға келген хат арқылы поштаны растайсыз (хат келмесе, «Спам» папкасын тексеріңіз). Содан кейін жеке кабинетіңізге кіресіз.

2-қадам: Жеке мәліметтерді енгізу
Жеке кабинетте ЖСН-іңіз болса — ЖСН арқылы мәліметтеріңізді шығарасыз. Ал ЖСН жоқ болса — «ҚР ЖСН жоқ» бөлімін таңдап, қажетті жеке деректеріңізді толтырасыз да, «Сақтау» батырмасын басасыз.

3-қадам: Өтініш беру және тест параметрлерін таңдау
• Мәзірден «Өтініш беру» бөлімін таңдайсыз.
• «ҚАЗТЕСТ Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі» бағытын белгілейсіз.
• «Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келетін иммигранттар үшін онлайн диагностикалық тестілеу» бөлімін таңдайсыз.
• Тест тапсыру күні мен уақытын таңдап, қажетті деректерді толтырасыз да, «Жалғастыру» батырмасын басасыз.

4-қадам: Төлем жасау
Жүйе ұсынған QR-код арқылы 9 000 теңге төлемді (Kaspi немесе картамен) жасайсыз. Төлем сәтті өткен соң рұқсатнама пайда болады.

5-қадам: Тест тапсыру
Тест онлайн өтеді. Ұзақтығы — 1 сағат 10 минут (70 минут). Жалпы 60 тапсырма бар:
• Тыңдалым — 20 тапсырма (20 минут).
• Оқылым — 40 тапсырма (50 минут).
• Шекті балл: тесті сәтті тапсыру үшін сұрақтардың кемінде 70%-ын орындау қажет. Сынақ онлайн-прокторинг арқылы бақыланатындықтан, камера, микрофон және интернеттің үздіксіз жұмыс істеуі шарт.

6-қадам: Нәтиже
Нәтиже 3 жұмыс күні ішінде жеке кабинетіңізде шығады. Сертификаттың жарамдылық мерзімі — 2 жыл. Өтпей қалсаңыз, 30 күн ішінде 2 рет қайта тапсыруға болады.
Тесттің мақсаты — күнделікті өмірде қазақша түсінісе алатыныңызды тексеру.