Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлік – жай ғана тегін жұмыс емес, бұл бүгінгі буынның жауапкершілігі мен әлемді жақсы жаққа өзгертуге дайындығының көрсеткіші» деп атап өткен еді. Сондықтан, бүгінде волонтерлардың қоғам дамуындағы орны орасан зор.
2023 жылдың тамыз айында «Отандастар қоры» КеАҚ жанынан «Волонтерлар ассоциациясы» құрылды.
Қазіргі уақытта Ассоциацияға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және Түркия сияқты елдерден 50-ден астам адам мүше.
Ассоциацияны құрудағы негізгі мақсат – шетелдегі отандастарымыздың арасында волонтерлік қозғалысты дамыту және оларды бір арнаға тоғыстыру. Ассоциацияға мүше болу үшін бұрын-соңды волонтерлікпен айналысқан және бұл салада белгілі бір жетістіктерге жеткен жас болуы керек деген талап қойылды.
Бұған дейін, 2023 жылғы 20-21 мамыр күндері Астана қаласында «Халықаралық волонтерлар форумы» өткен болатын. Аталған форумға әлемнің 30 елінен 200 белсенді жас, 40-тан астам спикер және 10 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. Оның ішінде, Отандастар қорының шақыртуымен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолия елдерінен қандастар да бар.
Жалпы, Ассоциацияны құру туралы идеяны «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы аталмыш форумға қатысқан қандастармен өткен кездесуде ұсынған болатын. Қазіргі уақытта ұйымға мүше болған жастар арасында әр өңірге бір жетекші тағайындалып, әрі қарай волонтерлік бастамаларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстар әзірленуде.