Отандастар қоры жанындағы Қоғамдық комиссия



  • «Отандастар қоры» КеАҚ жанындағы Қоғамдық комиссия (бұдан әрі ‒ Комиссия) тұрақты жұмыс істейтін консультативтік орган болып табылады. Комиссияның негізгі мақсаты – шетелдегі отандастар мен қандастарды қолдау жөніндегі мәселелерді талқылау және мүдделі мемлекеттік органдарға ұсыныстар мен ұсынымдар енгізу.
  •  
  • Комиссияның міндеттері:
  • – шетелдегі қазақтардың мәселелерін және қандастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін талқылау;
  • – заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
  • – шет елдердегі отандастар мен елге келген репатрианттар мәселелері бойынша мемлекеттік деңгейде шешімдерді талқылау кезінде қоғамдық мүдделерді білдіру.
  •  
  • Комиссия төрағасы – Мұрат Бақтиярұлы, саяси ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің экс-төрағасы.
  • Комиссия құрамында Мемлекет және қоғам қайраткерлері – ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Жүсіп Нұртөре Байтілесұлы және Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Иса Қазыбек Жарылқасынұлы, ҚР СІМ штаттан тыс кеңесшісі, экономика ғылымдарының докторы Батырша-ұлы Сайлау, түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы және басқа да белгілі ғалымдар, саясаттанушылар мен сарапшылар бар.
  •  
  • Шетелдегі қазақтарды қолдау және репатриация проблемалары бойынша 2019 жылы – 3 отырыс, 2020 жылы ‒ 2 отырыс, 2021 жылы ‒ 2 отырыс, 2022 жылы – 1 отырыс, 2023 жылы – 2 Комиссия отырысы өткізілді. Жалпы, Комиссия отырыстарында саладағы өзекті проблемалар бойынша 36 мәселе талқыланды.
  •  
  • Қоғамдық комиссияның барлық хаттамалық шешімдеріне сәйкес, әсіресе өзекті деп танылған мәселелер жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар мүдделі мемлекеттік органдарға жолданып отырды.
  •  
  • Талқыланған кейбір тақырыптар:
  • – Шетелдік қазақтардың ұлттық қатыстылығын анықтау мәселесі туралы;
  • – Шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қолдау мәселелері: әлемдік озық үлгі және қазақстандық тәжірибе;
  • – Қазақстандық телебағдарламаларды шетелде тарату мәселелері (Қоғам құзыреті шеңберіндегі тақырып), оның ішінде арналарды/бағдарламаларды өтеусіз негізді тарату мүмкіндігі туралы;
  • – Қандастардың ҰБТ тапсыру механизмін оңтайландыру немесе ҰБТ-дан басқа да альтернативті жолдарды ұсыну;
  • – Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын барлық өңірлерде ашу туралы;
  • – Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын талқылау;
  • – Түрікменстан – Солтүстік Қазақстан – Маңғыстау: қоныстану мәселелері туралы.
  • – ҚР Халықтың көші-қоны туралы Заңының этникалық репатриацияға және қандас мәртебесіне қатысты кейбір мәселелер туралы.