Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Жұмағазы хазірет Дәдем ата кесенесі

Жұмағазы хазірет Дәдем ата кесенесі

Жұмағазы хазірет Дәдем ата кесенесі

Жұмағазы хазірет Тәңкеұлы (Дәдем ата) - ХІХ ғасырда өмір сүрген, Батыс Қазақстан өңіріне кең танылған дін ғұламасы. Ел аузындағы деректерге сай, ол Түркістанда білім алып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде діни қызмет атқарған. Кесененің орналасқан жері - Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Тоғанас ауылдық округіндегі Қараоба.

Аңыздардың бірінде оның бала кезінде намаз үстінде ерекше оқиға болғаны айтылады. Намаз біткен соң имам шығып кеткеннен кейін Жұмағазы әулие жамағатқа: «Сендер кімге ұйыдыңдар?» деп сұрайды. Көпшілік имамға ұйығанын айтқанда, ол: «Жоқ, сендер көк сиырға ұйыдыңдар» дейді. Мұны естіген жұрт оны имамға алып барады. Сонда имам намаз кезінде ойы табыннан бөлініп кеткен көк сиырда болғанын мойындап, баланың мұны сезгеніне таң қалып: «Мен тамшы, мына бала көл» деп айтқан екен.

Тағы бір әңгімеде Жұмағазы хазіреттің туған жеріне оралып, мешіт-медресе ашып, халыққа рухани білім таратқаны баяндалады. Бірде ол қазіргі Сырым мен Теректі арасындағы ру басылардан қоныс сұрайды, бірақ олар бастапқыда келіспейді. Сол кезде кетіп бара жатқан хазіреттің арқасынан от жалыны көрінгені айтылады. Мұны байқаған ақсақалдар оның киелі адам екенін түсініп, жер беруге келіседі.

Оның ерекше қасиетін сипаттайтын тағы бір аңызда Жұмағазы хазіреттің ерте күзде қатқан Аңқаты өзенінен тарантас арбамен еркін өтіп кеткені айтылады. Қабыршақ мұз арбаны көтеріп өткен, ал соңынан ерген күшік ит суға батып кеткен делінеді. Сол кезеңде қазіргі Тамасай, Үбінияз жайлаулары оған берілген жерлер болған. Қыстауы Қараоба маңында болса, жазғы жайлауы Қауыз мен Тамасайдың кең жазық даласы болған.

 

Дереккөз: ruh.kz