Abai Instituty / Шетелдегі қазақ өнері / Қазақ музыкасының шетелдегі насихаты

Қазақ музыкасының шетелдегі насихаты

Қазақ музыкасының шетелдегі насихаты

Қазақтың дәстүрлі музыкасы – ғасырлар бойы қалыптасқан рухани тәжірибе мен эстетикалық дүниетанымның көрінісі. Ол тек музыкалық құндылық қана емес, сонымен қатар ұлттық болмысты, тарихи жадыны және дүниеге көзқарасты бойына сіңірген мәдени код ретінде қарастырылады. Ән, күй, жыр, терме сияқты жанрлар халықтың ауызша тарихын жеткізіп, ұрпақтар арасындағы байланысты қамтамасыз етіп келеді.

Қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық музыкалық мұраны сақтау және оны әлемдік аудиторияға тиімді таныстыру – мәдени саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Қазақ музыкасын шетелде насихаттау барысында бірқатар жетістіктерге қол жеткізілгенімен, бұл үдеріс түрлі кедергілер мен шектеулермен қатар жүріп жатыр. 

Бұл мақалада осы тақырыпты зерделеп, қазақ ұлттық музыкасының халықаралық деңгейде таралу жолдары, қолданылып жүрген әдістер, қол жеткізілген табыстар мен әлі де шешімін таппаған мәселелер жүйелі түрде қарастырып көрмекпіз.

Қазақ өнерін шетелде насихаттауды Әміре Қашаубаев бастады

Қазақ музыкасын шетелде насихаттау «ғайыптан тайып пайда болды» дей алмаймыз. Бұл ХХ ғасырдың басындағы нақты оқиғалармен астасып жатыр. Мысалға музыкамызды алғаш рет ірі халықаралық аренада таныстыруға талпыныс 1925 жылы Парижде өткен Бүкілдүниежүзілік көрмеге Қазақстан атынан қатысқан Әміре Қашаубаевтың өнер көрсетуін айтуға болады. Сол оқиға жиі айтылғанымен, оның шын мәніндегі маңызын терең түсіну үшін контекске үңілу қажет. Әміре – кәсіби музыкалық білім алмаған, алайда табиғи дарынымен және орындаушылық шеберлігімен қазақтың ән өнерін еуропалық сахнада паш еткен алғашқы өнерпаз. Ол орындаған «Ағаш аяқ», «Жалғыз арша» сияқты халық әндері Париж тыңдарманын ерекше әсерге бөлегені туралы деректер архивтік басылымдарда сақталған. Бұл жағдай қазақ музыкасының өзге мәдениеттер өкілдеріне де эмоционалды және көркемдік тұрғыдан түсінікті екенін көрсетті. Алайда Әміренің бұл жетістігі жүйелі музыкалық экспортқа айналмай, көбінесе жеке-дара құбылыс ретінде қалғанын да айту керек.

2018 жылы жарыққа шыққан «Әміре» фильмінен үзінді (режиссер Джефф Веспа)

Кеңестік кезеңде қазақ музыкасының сыртқа шығуы мәдениетаралық алмасу саясатының шеңберінде, көбіне идеологиялық мақсатпен ұйымдастырылды. Кеңес Одағы өзінің «достықта өмір сүретін көпұлтты ел» бейнесін көрсету үшін одақтас республикалардың фольклорлық өнерін шетелдерге таныстыруға ерекше мән берді. Мысалы, 1950-1980 жылдары «Отырар сазы», «Гүлдер», «Сазген», Құрманғазы атындағы оркестр сынды өнер ұжымдары Чехословакия, ГДР, Франция, Жапония, Үндістан сияқты елдерге гастрольдік сапармен барды. Бұл ансамбльдердің бағдарламасында көбінесе ұлттық киім, ұлттық аспаптар мен репертуар пайдаланылды. Бірақ олар көбінесе кеңестік пропаганда талаптарына бейімделген түрде ұсынылды. Қарапайымдап айтсақ, қазақ музыкасы шетелге шықты. Бірақ ол толықтай өзіндік болмысымен емес, белгілі бір идеологиялық сүзгіден өтіп барып ұсынылды.

Дегенмен осы кезеңнің бір елеулі жағы – музыка зерттеушілерінің бастамасымен ұйымдастырылған фольклорлық экспедициялар болды. Олар XX ғасырдың ортасында қарқын алып, қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын нотаға түсіру, аудиожазбаларға түсіру арқылы сақтап қалуға мүмкіндік берді. 1930-жылдары басталған бұл жұмыс 1960-1970 жылдары өзінің шарықтау шегіне жетті. Сол кезде жинақталған материалдар кейін шетел зерттеушілері үшін негізгі дереккөзге айналды. Затаевичтің жинақтары, Ерзакович, Брусиловский, және т.б. ғалымдардың еңбектері тек кеңес кеңістігі үшін ғана емес, Еуропа мен АҚШ-тағы этномузыкатанушылар үшін де құнды материалға айналды деп толық сеніммен айта аламыз.

https://aikyn.kz/upload/media/entries/2025/05/284464-entry-0_0-1747137319.jpg

Б. Төлегенова, Р. Бағланова, Ш. Қажығалиев бастаған өнер қайраткерлері Венгрияда (1969 ж.) гастрольдік сапарда. Фото Әсет Жұмабаевтың facebook парақшасынан алынды.

Жалпы алғанда, бұл тарихи кезеңде қазақ музыкасының сыртқа танылуы көбінесе мемлекеттің бастамасымен жүзеге асқан, шектеулі әрі біржақты бағытта жүргізілді. Саяси жағдай қазақ өнерінің шынайы бейнесін толық жеткізе алмады. Соған қарамастан, бұл кезең шетелге шығуға алғашқы көпір салып берді. Әрі болашақта жеке бастамалар мен тәуелсіз жобалардың пайда болуына жол ашты.
 


Дереккөз: aikyn.kz