Abai Instituty / Шетелдегі қазақ өнері / Қазақ музыкасын әлемге жеткізудің заманауи тәсілдері

Қазақ музыкасын әлемге жеткізудің заманауи тәсілдері

Қазақ музыкасын әлемге жеткізудің заманауи тәсілдері

Қазақ музыкасын жеткізу үшін жай ғана нота немесе дыбыс жеткіліксіз 

Қазақ музыкасының шетелге танылу жолында айтарлықтай алға жылжу бар екені рас. Алайда бұл үдерістің жүйелі сипат алуы үшін түйткіл де аз емес. Бұл қиындықтар көбіне музыканың өзі бар болғанымен, оны дұрыс жеткізетін жолдың жоқтығынан және қажет көмектің аздығынан пайда болады.

Ең әуелі айқын байқалатын мәселе – тіл мәселесі. Яғни, шетел адамына айтып отырғанның мағынасын, аудармасын жеткізудің қиындығы. Дәстүрлі әндер мен күйлердің көпшілігі аударылмаған немесе аудармасы жай түсініктемеден аспайды. Мәселе тек сөзбе-сөз аудармада емес, мағыналық жеткізуде жатыр. Күй сияқты сөзсіз музыканың өзінде де әр шығарманың атауы, тарихи сипаты, орындаушылық мәнері шетелдік тыңдаушыға түсініксіз қалып жатады. Тыңдарман күй тыңдағанымен, оның ішкі айтар ойын, ұлттық үн мен ырғақтағы ерекшеліктерін сезіне алмауы мүмкін. Қазақ музыкасы – дыбыстың ғана емес, дүниетанымның тілі, ал оны жеткізу үшін жай ғана нота немесе дыбыс жеткіліксіз.

Соған байланысты туындайтын екінші мәселе – музыкалық контекстің қабылданбауы. Мысалы, күйде қалыптасқан «төкпе» мен «шертпе» дәстүрі, оның аймақтық ерекшеліктері, орындаушы мен тыңдаушы арасындағы «үнсіз диалог» – мұның бәрі сырттан келген көрермен үшін жат дүние. Батыс музыкалық жүйесіне бейімделген тыңдарман үшін домбыраның үніндегі нәзік иірімдер мен философиялық астарлар еленбей қалуы ықтимал. Мұндағы мәселе музыканың сапасында емес, оны басқаларға түсінікті етіп жеткізе алмауда.

Үшінші үлкен кедергі – маркетинг пен сапалы менеджменттің жетіспеушілігі. Музыкалық жобаларды шетелдік нарыққа шығару – шығармашылықтан бөлек, кәсіби басқаруды талап ететін процесс. Қазақ музыкасы көбінесе энтузиазм мен шабытқа ғана сүйеніп жүзеге асады. Ал халықаралық деңгейде алға жылжу үшін продюсерлік, брендинг, медиа-контент жасау, құқықтық қорғау, мақсатты аудиториямен жұмыс істеу сияқты бағыттар қажет. Бұл салада арнайы дайындалған кадрлар мен команда саны өте шектеулі.

Төртіншіден, академиялық зерттеулер мен сапалы аудармалардың жеткіліксіздігі қазақ музыкасының ғылыми айналымға енуіне кедергі болып отыр. Қазақ музыкасы туралы еңбектердің көпшілігі тек қазақ немесе орыс тілінде жарық көрген. Ал шетелдік зерттеушілер үшін қолжетімді ағылшын, француз, неміс тілдеріндегі дереккөздердің саны мардымсыз. Сонымен қатар, бар аудармалардың біразы ғылыми өңделмеген, контекстен үзік күйде берілген. Бұл мәселе тек шетел аудиториясы үшін ғана емес, халықаралық ғылыми қауымдастықпен диалог орнату үшін де тосқауыл болып отыр.  

https://aikyn.kz/upload/media/entries/2025/05/284464-entry-0_1-1747137319.jpg

Ақырында, қаражат тапшылығы, қаржыландыру мәселесін айналып өту мүмкін емес. Мемлекеттік деңгейдегі жекелеген жобалар болғанымен, көп жағдайда бастамалар жекелеген орындаушылардың немесе шағын топтардың иығына түседі. Концерттік сапарлар, студиялық жазбалар, видеоконтент жасау, шетелде насихат жүргізу сияқты жұмыс тұрақты қаржы көзі болмаса үзіліп қалады. Сонымен бірге демеушілік мәдениеті де жүйелі дамымаған: бизнес өкілдері ұлттық музыканы қолдау арқылы бренд құру мүмкіндігін толық бағаламайды.

Басқаша айтқанда, қазіргі жетістіктер – белгілі бір «жалпы ережеден тыс» нәтижесі болса, алдағы даму кезеңі – жүйелеу мен тұрақтандыру кезеңі болуы тиіс. Ол үшін жоғарыда аталған қиындықтарды жете түсініп, нақты механизмдермен жұмыс істейтін мәдени саясат қажет.

Қазақ музыкасын әлемге жеткізудің заманауи тәсілдері қандай? 

Қазақ ұлттық музыкасының халықаралық кеңістікте толыққанды және жүйелі түрде таныстырылуы үшін қазіргі заманның ұсынған құралдары мен мәдени алмасу мүмкіндіктерін тиімді қолдану маңызды деп білеміз. Бүгінгі күнгі жаһандану мен цифрлық технологиялардың дамуы бұрын мүмкін болмаған бағыттарды ашып беріп отыр. Қазақ музыкасын әлемге жеткізудің заманауи тәсілдері мен нақты ұсыныстарын осы тұрғыдан қарастыру қажет. 

Алдымен ерекше назар аударарлық сала – цифрлық платформалар арқылы тарату. YouTube, Spotify, Apple Music, Deezer секілді халықаралық платформалар бүгінде музыка тыңдаудың негізгі арнасына айналды. Бұндай музыкалық контенті бұл кеңістікте енді ғана жүйелі түрде ұсынылып келе жатыр. Әрине жүктеген тректер бар болғанымен, олар көбінесе дерексіз, визуалды сүйемелдеусіз немесе контекссіз ұсынылады. Ал арнайы әзірленген плейлистер, тақырыптық жинақтар, ағылшын тіліндегі сипаттамалар мен авторлық парақшалар бұл платформаларда жетіспейді. Бұл олқылық нәтижесінде қазақ музыкасы өзін-өзі шетел тыңдарманына бейімделіп таныстыра алмай отыр. Сондықтан ұлттық музыканы заманауи музыкалық дистрибуция заңдылықтарына сай өңдеп, сапалы әрі танымды түрде ұсыну қажет.

Екінші өзекті бағыт – ағылшын, француз, қытай секілді халықаралық тілдерде контент дайындау. Бұл тек аударма мәселесі ғана емес, қазақ музыкасын шет тілінде түсіндірудің жаңа деңгейін қалыптастыру. Қазақ музыкасының мағынасын, жанрлық құрылымын, тарихы мен философиясын түсіндіретін бейнебаяндар, мақала-эсселер, презентациялар мен мультимедиялық материалдар халықаралық деңгейде сұранысқа ие. Әсіресе күйдің мазмұнын, домбыраның дыбыстық тілін, дәстүрлі ән орындаушылығының ерекшелігін талдайтын визуалды материалдар қажет. Бұл жұмыс бір ғана орындаушының емес, тұтас команданың (музыкант, лингвист, медиамаман, аудармашы, мәдениеттанушы) бірлескен еңбегі арқылы жүзеге асуы керек.

Үшінші бағыт – шетелдік университеттер мен музыка академияларымен серіктестік орнату. Бүгінде этномузыкатану, мәдениетаралық коммуникация және фольклористика салаларында жұмыс істейтін шетелдік орталықтар аз емес. Қазақ музыкасы осы алаңда нақты пән ретінде енгізіліп, мастер-класстар, онлайн курстар, бірлескен зерттеулер мен жобалар арқылы кеңірек танылуы мүмкін. Бұл үшін қазақ музыкасын ғылыми тілде сипаттап бере алатын зерттеушілер, орындаушылық дәстүрді көрсете алатын кәсіби музыканттар, әрі халықаралық жобаларды басқаруға қабілетті менеджерлер қажет. Қазақстан тарапынан мұндай әріптестіктерге арнайы гранттар мен ғылыми алмасу бағдарламалары арқылы қолдау көрсету маңызды.

Төртінші – ұлттық музыканы креативті формада таныту. Заманауи тыңдарманның назары үшін күрес күрделене түскен бүгінгі медиакеңістікте тек концерт немесе деректі фильм жеткіліксіз. Қазақ музыкасы анимация, қысқа метражды видео, әлеуметтік желілерге бейімделген контент, интерактивті карта немесе тіпті VR (виртуалды шындық) форматында ұсынылуы мүмкін. Мысалы, белгілі күйлердің тарихы көрсететін анимациялық роликтер немесе дәстүрлі аспаптарды 3D (немесе одан да көп) бейнелеу арқылы пайдаланушы олармен виртуалды әрекеттесе алатын цифрлық өнімдер жасау керек. Мұндай жобалар жастар аудиториясына ұлттық музыканы заманауи тілде жеткізудің тиімді құралы болады.

Соңғы, бірақ маңызды ұсыныс – музыкатану бағытындағы халықаралық ғылыми конференцияларға қатысу және қазақ музыкасы туралы баяндамалар мен зерттеулердің жариялануы. Бұл бағытта шетелдік академиялық журналдар мен форумдарға қазақ музыкасының тарихы мен теориясы бойынша сапалы, дәлелді мақалалар ұсыну қажет. Сондай-ақ Қазақстанда өтетін ғылыми конференциялардың мазмұнын халықаралық стандарттарға сай дайындап, шетел ғалымдарын тарту да өз әсерін береді. Академиялық кеңістікте бар болу (яғни, жұмыс істеу) тек ғылыми бедел ғана емес, музыка туралы объективті түсініктің қалыптасуына ықпал ететін стратегиялық ресурс деп білеміз.

Рүстем НҮРКЕНОВ, музыка зерттеушісі