Қожа Ахмет Ясауи кесенесі - Орталық Азиядағы теңдесі жоқ сәулет және тарихи ескерткіштердің бірі. Ол Түркістан қаласының дәл орталығында орналасқан және мұсылман әлеміндегі ең қасиетті орындардың қатарына жатады. Кесене көзі тірісінде «Сұлтан-ул-Ғарифин» атанған, яғни «Алланы танығандардың патшасы» деген мәртебеге ие болған ұлы ойшыл, ақын және сопы Қожа Ахмет Ясауиге арналып тұрғызылған.
Бұл - халықаралық маңызы бар мәдени мұра нысаны. Қазақ халқының тарихында ерекше орын алған көптеген хан, би, сұлтан, батырлар мен қолбасшылар өздерінің өсиеттері бойынша осы кесене маңына жерленген.
1928 жылы ғалым М.Е. Массон қазіргі кесенеден бұрын Қожа Ахмет Ясауидің алғашқы кесенесі болған деген пікір айтқан. Оның болжамынша, әулиенің қабірінің үстіне алғашында шағын мазар салынған. 1923 жылы кесененің төбесін жөндеу кезінде табылған бес өрнекті қыш бөлшегі сол көне кесененің қасбетін сәндеуге пайдаланылған болуы мүмкін. 1939-1941 жылдары жүргізілген қалпына келтіру жұмыстары кезінде ғимараттың төбесінен көне кесенеге тиесілі қыштар мен кірпіштер табылды. Ал 1957 жылы солтүстік порталдың батыс тіреуін жөндеу барысында алғашқы кесененің қабырғалары анықталды. Кейін 1975 жылғы реставрациялық жұмыстар кезінде бұл қалдықтар толық зерттелді. 1994 жылы кесененің төбесінен алпыстан астам үлкенді-кішілі терракоталық өрнек бөліктері табылды.
Археолог Ерболат Смағұлов осы деректерді талдай келе, Қожа Ахмет Ясауидің алғашқы кесенесі өз дәуіріндегі ең көркем әрі жоғары деңгейде безендірілген сәулет ескерткіштерінің бірі болған деген қорытынды жасады. Оның сыртқы келбеті өсімдік және геометриялық өрнектермен безендірілген. Бұл ерекшелік XII ғасырдың екінші жартысында салынған көптеген ескерткіштерге тән болған. Алғашқы кесене Қарахан мемлекеті дәуіріндегі атақты сәулет туындылары - Өзгент кесенелері, Ибраһим ибн Хусайн кесенесі және Самарқандағы Шах-и Зинда кешеніндегі кесенелерге ұқсас болған.
XIV ғасырдың соңы - XV ғасырдың басындағы жаңа кесененің салынуы
XIV ғасырда көне Ясы қаласы шағын ғана қала болатын. Дегенмен Дешті Қыпшақ даласында ислам дінінің кең таралуы және Шыңғыс хан ұрпақтарының исламды қабылдауы Қожа Ахмет Ясауи жерленген Ясы қаласының беделін арттыра түсті. Қожа Ахмет Ясауидің алғашқы кесенесінің маңынан XII-XIV ғасырларға тән сырлы және сырсыз терракоталардың табылуы бұл жерде жаңа құрылыстардың бой көтергенін көрсетеді. XIV ғасырдың соңында Мәуераннахр билеушісі Әмір Темір Сырдария бойындағы өңірлерді өз қарамағына қаратты. Ясы қаласы тарихи деректерде алғаш рет Әмір Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы соғыстар кезінде аталады. Екі жақ Сырдарияның орта ағысындағы қалалар үшін ұзақ уақыт күрес жүргізді. 1388 жылы Тоқтамыс хан Сауран қаласын ала алмаған соң, Ясы қаласына шабуыл жасап, оны тонаған. Халық арасында сақталған аңыз бойынша, сол жорықтардың бірінде Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі мен оның айналасында тұрған дін қызметкерлері де зардап шеккен. Кейін Әмір Темір Тоқтамысты жеңіп, тоналған дүниелерді қайтарып алады. Осы жеңістен кейін ол Қожа Ахмет Ясауидің қабірінің үстіне алып кесене тұрғызуға бұйрық береді. Тарихшы Шараф ад-дин Али Йаздидің «Зафар-наме» еңбегінде 1397 жылы Әмір Темірдің Ясыға келіп, Қожа Ахмет Ясауидің мазарына зиярат жасағаны және жаңа кесене салуды бұйырғаны айтылады. Темір ғимараттың негізгі өлшемдерін де өзі белгілеген. Жоспар бойынша кесене аса үлкен әрі салтанатты құрылыс болуы тиіс еді. Ғалым М.Е. Массонның пікірінше, Әмір Темір бұл құрылысты тек діни мақсатта ғана емес, саяси мақсатта да салдырған. Ол көшпелі халықтардың құрметіне ие әулиені дәріптеу арқылы халықты өзіне жақындатуды және өзінің мемлекетінің қуатын көрсетуді көздеген. Дегенмен зерттеушілердің пікірінше, кесене құрылысы дәл 1397 жылы емес, XIV ғасырдың 90-жылдарының басында басталған болуы мүмкін. Әмір Темірдің 1405 жылы қайтыс болуына байланысты ғимараттың кейбір бөліктері толық аяқталмай қалған.
Ғимараттың архитектурасы мен құрылымы
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі - өз ішінде кесене, мешіт, ханака және медресе қызметтерін біріктірген ерекше сәулет кешені. Ғимарат 34 бөлмеден тұрады. Оның негізгі бөліктері - алып портал, Қазандық залы және Қабірхана. Кесененің жалпы көлемі 65,5 х 46,5 метрді құрайды. Бірнеше жеке ғимараттың орнына осындай алып кешеннің салынуы өз дәуірі үшін сәулет өнеріндегі үлкен жетістік саналды. Кесененің басты есігінен кірген адам ең алдымен оның орталық бөлігі болып саналатын Қазандық бөлмесінеөтеді. Бұл залдың әр қабырғасының ұзындығы 18,5 метрге тең. Бөлме өте кең әрі биік етіп салынған. Қазандықтың дәл ортасында ортағасырлық қола құю өнерінің бірегей туындысы - атақты Тайқазан орналасқан. Оны шебер Әбд әл-Әзиз ибн Шараф ад-дин Тебризи жасаған. Қазандық бөлмесінің үстін Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы ең үлкен күмбездердің бірі жауып тұр. Күмбездің сырты жасыл түсті жылтыр қыштармен қапталған. Оның биіктігі 39 метрге жетеді. Ішкі жағы бедерлі сталактиттермен және түрлі сәндік өрнектермен әшекейленген. Осы ерекшеліктердің барлығы кесенені қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің ең құнды тарихи және сәулет ескерткіштерінің біріне айналдырады.
Дереккөз: azretsultan.kz