Abai Instituty / Шетелдегі қазақ өнері / Димаш Құдайберген феномені

Димаш Құдайберген феномені

Димаш Құдайберген феномені

Димаш Құдайберген феномені 

Бүгінгі таңда қазақ ұлттық музыкасының шетелдік кеңістікте танылуы бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жүріп жатыр. Бұл үдерісте мемлекеттік деңгейдегі бастамалар, жеке орындаушылардың халықаралық жетістіктері, заманауи этно-ансамбльдердің қызметі арқылы қалыптасып жатқан жаңа мәдени дипломатияны байқауға болады. Мемлекеттік деңгейде жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі – ЮНЕСКО шеңберіндегі жұмыс. 2014 жылы қазақтың күй өнері «адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының» тізіміне енді. Бұл оқиға тек символикалық қадам ғана емес, сонымен қатар халықаралық қауымдастық алдында дәстүрлі қазақ музыкасының өзіндік мәдени жүйе екенін мойындатудың бір көрінісі болды. Бұған қоса, осы тізімге бұған дейін айтыс өнері, қазақ күресі, Наурыз мерекесі сынды бірқатар мәдени құндылықтар да енген. Бұл жұмысты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, ЮНЕСКО ұлттық комиссиясы және отандық этнографтар мен музыкатанушылар бірлесе атқарды. Бір күйдің өзінің тізімге кіруі – шетелдік аудитория алдында оның құрылымы, мазмұны мен тарихи мәнін түсіндіруге ресми негіз береді.

Жеке бастамалар деңгейінде соңғы онжылдықта ең көп назар аудартқан құбылыс — Димаш Құдайберген феномені. Ол өзінің вокалдық диапазонымен ғана емес, қазақтың мәдениетін танытуға бағытталған ұстанымымен ерекшеленеді. Қытайдағы I am a Singer жобасына қатысқан сәттен бастап Димаштың танымалдығы Азия мен Еуропа елдерінен бастап, мұхит асып АҚШ-қа дейін тарады. Ол салған әндерінің репертуарында ұлттық нақыштағы элементтерді (домбыра, халық әуені, тіпті сахналық костюмдер) сақтауы арқылы ол қазақтың музыкалық бейнесін тек дыбыс емес, тұтас мәдени код ретінде жеткізді. Оның «Дайдидау», «Самалтау», «Ұмытылмас күн» сияқты әндеріндегі ұлттық интонация мен тақырыптық мазмұн шетелдік тыңдаушыны қызықтырды. Бұл жаһандық аудиторияға қазақ өнерін тікелей жеткізудің жаңа формасы деп білеміз.

Сонымен қатар, әлемдік музыкалық сахнада этно-ансамбльдер ерекше рөл атқара бастады. «Тұран», «Ұлытау», «Хассақ» топтары – дәстүрлі аспаптарды (домбыра, қобыз, сыбызғы, шертер) заманауи музыкалық технологиялармен ұштастыра отырып, халықаралық фестивальдер мен концерттерге қатысуда. Бұл топтардың ерекшелігі – олар таза фольклорлық орындаудан гөрі, дәстүрлі музыканы кросс-жанрлық форматқа көшіру арқылы тыңдаушыға жақындатуға ұмтылады. Мысалы, «Ұлытау» тобы домбыраны рок гитарамен қатар қойып, ұлттық аспаптың дыбыстық мүмкіндігін жаңа қырынан көрсетті. Осы тәсілдер ұлттық музыканың универсал тілін қалыптастыруға үлес қосып жатыр.

Мәдени шаралар мен ірі халықаралық жобалар да қазақ музыкасын насихаттауға ықпал етуде. EXPO – 2017 көрмесі аясында өткен концерттерде дәстүрлі музыка шетелдік меймандарға түрлі форматта ұсынылды. Бұған қоса, Түркі мемлекеттері ұйымының бастамасымен өткізілетін Түркі әлемі музыка фестивальдері, «Ұлы дала сазы», Aspara fashion week секілді шараларда қазақ өнері таныстырылып жүреді. Бұл музыканың және жалпы өнер арқылы мәдениетаралық диалог орнатудың тиімді алаңына айналған.

Осы жетістіктердің барлығы – музыка тек орындаушылық өнер емес, сонымен қатар мәдени бірегейлікті танытудың және ұлттық өнерді әлемге ұсынудың құралы екенін айқын көрсетіп отыр. Алайда бұл жетістіктер тұрақты жүйеге айналуы үшін келесі бөлімде қарастырылатын бірқатар күрделі мәселелер де бар.