Abai Institute / Абай жолы / философиясы / АБАЙ ҚАРА СӨЗДЕРІНІҢ ТҮСІНДІРМЕСІ

АБАЙ ҚАРА СӨЗДЕРІНІҢ ТҮСІНДІРМЕСІ

АБАЙ ҚАРА СӨЗДЕРІНІҢ ТҮСІНДІРМЕСІ

БІРІНШІ СӨЗ

1890

Абайдың санасын сарпылтқан көкейкесті ойларын жазуға қалай кіріскенін байыптайтын қара сөзі.

Қашан жазылды?

Өз замандастары шұғылданған ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, дін бағу және бала бағу секілді негізгі қарекеттерге талдау жасаған қара сөзін Абай 1890 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1916 жылы Орынбор қаласынан шыққан «Абай термесі» (бастырушы С. Әбішұлы) жинағының алғы сөзі ретінде жарияланған. Қара сөздің басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорындағы Мүрсейіт қолжазбасында 23-сөз болып көшірілген.

Қара сөз не жайында?

Хакім Абай қара сөзінде керекті сөзіне түйсінгендер көкірегіне түюін, қажетсіз десе көңіл кірбіңі жоқ екеніне салиқалы түсінік береді. Өткен өміріне ой жүгірткен ақын алысу, жұлысу, айтысу, тартысумен өткен ғұмырында әурешілікті көре келгеніне ашынады. Жер ортасы жасына қажумен, жалығуымен жеткенінде атқарған ісінің байлаусыз, қоршылық екенін түйсінген көңіл наласын білдіреді. Өмір мәніне, қоғам дамуына үңгіп, көкейін тескен сауалдарға жауап іздейді. Ендігі қалған ғұмырын қайтіп, не қылып өткіземіз деген сұраққа жауап таба алмай қайран болған жабыраңқы күйінінішін аңғартады. Ортасына, заманына сын көзімен қараған хакім Абай аталған істерден бас тартуын түсіндіріп, тап өзі өмір сүріп отырған кезеңде оларды қолға алу мүмкін еместігініңсаяси-әлеуметтік түбірін тарқатады.

Қай жанрда жазылды?

Мазмұны жағынан өзге сөздерге алғы сөз, кіріспе ретінде жазылған. Қара сөзде XIX ғасырдың соңындағы Қазақстандағы әлеуметтік болмыс қайшылығына социологиялық, философиялық талдау жасалады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ЕКІНШІ СӨЗ

1890

Абайдың қазақтың өзі туралы түсінігі өзге халықтарға берген мінездемесінен аңғарылатынын дәлелдеп берген қара сөзі.

Қашан жазылды?

Ұлттық дамудың басты бағыттары көрінген қара сөзін Абай 1890 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген.Екінші сөз алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Қоғам дамуына, заман ағысына байыппен қараған сыншыл Абай екінші қара сөзінде қазақ халқын өзге халықтармен салыстырады. Салыстыра отырып қазақ сынап, мінейтін басқа харакетшіл жұрттың күнделікті тіршілігіндегі тағылымды да тәлімді үлгі-өнегесін өмірдің өзінен ала отырып көз жеткізеді.

Қазақ, ноғай (татар), сарт (өзбек), орыс сияқты көршілес елдерді оқушысы қазақ жұртшылығына әділетті достық көңілмен ұғындырып береді. Әңгімені жай бір тыңдаушылар тобында отырғандай, жеңіл әзіл түрінде бастап, өз халқының дәлелсіз үстірт өзімшілдігін мысқыл етеді. Содан барып шын сыншыл ойларына ауысады. Еңбек сүйген ел атаулының бәрі де қазақтай еңбексіздікке мол салынған және сол еңбекті өнеркәсіпте, күндегі тірлікте көрші елдің бәрінен кейін қалып отырған халқына үлгі берерлік, артық елдер болып бағаланады.

Қай жанрда жазылды?

Автор тың өрістерден ой өрбітіп, халықтың тарихы мен тағдырыңа, атқаратын кәсібіне тоқталады, жүйелі философиялық ой қорытады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ҮШІНШІ СӨЗ

1891

Абайдың қазақ халқының тарихын бағдарлап, билік туралы әңгіме қозғаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Ел ішіндегілердің болыстыққа таласып, босқа әуре сарсаң болғанша, егін егіп, мал тауып, білім-ғылым жолына түскендері әлдеқайда пайдалы деген пайым жасаған Абай бұл қара сөзін 1891 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Үшінші сөз алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген.

Қара сөз не жайында?

Үшінші сөзінде автор қазақ сахарасын билейтін әкімдер, тергеуші билер, соттар туралы сөйлейді. Сол күндегі ел тірлігінің қайшылық, ауыртпалықтарын молайтып отырған патшалық өкімет туралы да ой қозғайды. Болыс атаулының елге сор қылатын тынымсыз сойқанды мінездерін әшкерелейді. «Уақытша себі бола ма» деп бірер ұсыныстар айтады. Сол ретте ендігі болыс орысша оқуы бар адамнан болса екен дейді. Және тергеу мен үкім шығаратын қазақтың биі, сот орны туралы да пікір айтады.

Қай жанрда жазылды?

          Мазмұны жағынан алғанда қазіргі көсем сөз деп (публицистика) жүрген жанрға жатады. Әңгіме саяси, әлеуметтік болмыс туралы болған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ТӨРТІНШІ СӨЗ

1891

Абайдың тылсым құдірет иесі адамның екі күйіне – күлкі мен қайғыға талдау берген қара сөзі.

Қашан жазылды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Хакім Абай төртінші сөзінде күлкі туралы ойын, сынын талқыға салады. Адам табиғатындағы психологиялық құбылулар тылсымына бойлайды. Қандастарының уайым-қайғысыз кейіптегі мән-мағынасыз өмірінің парқын салмақтайды. Орынды харекет ақ адал еңбекке шыңдайды, өнер-білімге ұмтылдырады, уақытыңды бағалауға септеседі. Үнемі ізденістегі мінезді, жігерлі жанның өсек-аяңмен, дау-шармен, жөнсіз күлкімен ісі жоқ. Жақсының жақсылығынан ғибрат алған ізгі жан күлкіге, мастыққа салынбайды. Ерсі іс, парықсыз тірліктен тізгін тартуымен өзіне де арына да ие болып қалады.

Күлкі мен қайғы табиғатын зерделейді. Орынсыз, мәнсіз күлкінің орға жығарын байыптайды. Күлкіге салынған кісінің шаруадан, ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр қалып, өмірін мән-мағынасыз өткізудегі өкінішін ұқтырады. Уайым-қайғы ойлағыш парасатты кісінің дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болатынын, болмысқа сергек сезімменқарайтынын айтады. Үнемі уайым-қайғыға адам жаны шыдас бермейтінін, күлкісіз де жан баласының күні жоқтығын саралайды. Әрбір жинақылықтың түбі кеніш деп, уайым мен қайғыға салыну, одан құтылудың мән-мағынасын ақыл таразысына салады.

Қай жанрда жазылды?

Автор тың өрістерден ой өрбітіп, жүйелі философиялық ой қорытады. Абайдың күлкі табиғатын қаузауымен өмір мәнін ақыл биігінен, парасат заңарынан пайымдауының мағынасы тереңде.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

БЕСІНШІ СӨЗ

1891

Абайдың көкірегін кернеген шерлі сөзімен өзін ашындырған қоғамдық мешеулікті, әлеуметтік таным таяздығын сынға ала отырып жазған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Бесінші сөз алғаш рет 1939 жылы Абай шығармаларының жинағында жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Өрелі сападағы арлы, еңбекқор қазақты көруді аңсаған жаңашыл Абай жас баладай қайғысыз күйден арылмай отырған елінің қамсыздығын, енжарлығын, есерлігін орнымен ескертеді. Қазақ қайғысын «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым – береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген мақал-мәтелдері танытатынын мысалға алады. Мақал-мәтелдер өзегіне үңіліп, парықсыз ісіндегі кем-кетігін қазбалайды, баянсыз тіршілігіндегі кері кеткен мінезіне налиды. Қамсыз елінің ертеңі не боларына қапаланады.

Аталған мақалдарды таразылай отырып, ғылым, білім, әділет үшін бас қатырмайтын қандастарының мал үшін қам жейтініне ет жүрегі ерекше езіледі. Малды арамдықпен, залымдықпен, иттікпен, алдап арбаумен тауып отырғанын әшкерлеп, әкесімен жауласуды ұят көрмейтін арсыздығын бетіне басады. Қазақ қоғамының өзектімәселелерін көтеріп, қауымның ғылым, білім, әділет қамын жемей, мал үшін қайғыруы – халық санасының таяздығы, жетімсіздігі деп біледі. Ғылым-білімсіз ілгерлеу, сана серпілісі болмайтынын, әділетсіздік билеген қоғам қиянатқа, қараулыққа ұрынатынын ұғындырады.

Адам баласын аздырар келеңсіз қылықтардан арылмаған ортаның жас баладан несі артық деп қапаланады. Сондықтан да ұрлықпен, қулық-сұмдықпен, тіленшілікпен мал таппақты ақтап алудағы арсыздыққа қайғырады. Осынау кесір-кесапатты арына ауыр алып, жазалымын дейтінсаналы  жанның жоқтығынан үрейленеді. Ынтасы тек малға түскен балаң мінезді елінің мал бағумен тұйықталып қалуы, заманға сай басқа қаракетке талпынбауы қынжылтады. Міне, бұлардың жас баланың ақылынан несі артық деген сұрақ қойып, жас баланың ошақтан қорқататыны, ал жетесіздердің тозақтан қорықпайтынынан шошынады. «Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағына үлестіріп талатпасақ, біз де өзіңдей болмасақ, безеді екен», — деп күйінеді. Азат халық, іргелі ел, кемел ұлт болуды аңсаған ақын «Іздеген еліміз сол ма?» деп бодандықтағы болашақ бағдары бұлыңғыр қазақ қоғамының дертті мәселесіне күйінуімен құсаға батады. Елдік санасы кемел, рухани толысуы өрелі, саяси-әлеуметтік болмысы жетілген ұлттың ғана болашағы баянды болатыны өмір заңдылығы. Балалық жалған түсінікпен өмір сүріп отырған енжар, бойкүйез, есер халық өмір көшінен, заман ағысынан кенже қалып, өзгеге күлкі, басқаға құл болып қала береді. Абай ұлтының бойындағы сондай жамандық атаулыны аяусыз сынға алды, келер ұрпағын кесір-кесапаттан сақтандырады.

Қай жанрда жазылды?

Қара сөзде халық санасының өзіндегі надандық, қараңғылық салдарынан туатын мінді мінез, кемшін ой туралы философиялық талдау жасалады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

 

АЛТЫНШЫ СӨЗ

1891

Абайдың бірлік туралы қазақ танымын байыптап, бірлік ұғымын мал, ас, байлық ортақтығымен байланыстыратын таным таяздығын, ой үстірттігін сынай жазған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Ойшыл бірлік малда емес, ақыл бірлігі қажет деген қорытынды жасап, қарекеттерге талдау жасай білген Абай бұл қара сөзін Абай 1891 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алтыншы сөз алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Абай алтыншы сөзінде «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» деген мақал төңірегінде ой тарқатып, бірліктің мәніне бойлайды. Ақ сөйлеп, жұртын жөнге салар байыпты толғамын білдіреді. «Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» деп біледі. Ағайын бірлігі қандастарыңнан, туған-туысқаныңнан тілегеніңді масылдықпен, жарамсақтықпен алу емес, несібеңді құдайдан тілеу екенін байыптайды. Шаруа іздемей еңбексіз күн көрудің соңы бір-біріне пәле, қастық, жауыздық, залымдық іздеуімен ғана тынып қоймай, өзара алдау амалына ұласатынын дұрыс көрсетеді. Тоғышарлық, масылдық, тар өрістілікті мінейді. Ел береке-бірлігінің әлеуметтік маңызын, қоғамдық дамудағы мәнін дұрыс көрсетеді. Бұлданған бірліктің баянсыздығын, шаруаға қырсыздығын, бір-біріне пәле іздеуі, алдауының орға жығарын танытады. Қоғамды жайлаған осындай сұрқиялықтарды сынға алады. «Мұның қай жеріне бірлік шықты?» деп күйінуімен өзегін өртеген сауал қояды. Бірлік ұғымын таяз ұғынудың залалы мен зардабына соқырға таяқ ұстатқандай көз жеткізеді.

Қай жанрда жазылды?

Қара сөзде Абай қазақтың «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» деген мақал төңірегінде философиялық мәнде ой өрбіткен.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ЖЕТІНШІ СӨЗ

1891

Абайдың құмарлық деген ұғым және оның түрлеріне барлау жасап, оны бүге-шүгесіне дейін талдап, кесімді пікір айта білген қара сөзі.

Қашан жазылды?

Адамның рухани-адамгершілік кемелденуін, сана, таным, парасат танымының жаңаруын, жетілуін әңгімелеп, тән құмарлығы мен жан құмарлығын дұрыс пайымдай білген Абай бұл қара сөзін Абай 1891 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген.Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Абай қара сөзінде адам бойындағы тән құмарлығы мен жан құмарлығы мінезіне тоқталып, адамдық асыл қасиеттер, рухани толысу хақында ой өрбітеді. Жан құмарлығының тежеліп, тән құмарлығының басым жатуының түп тамырына үңіледі, залалын бағамдайды. Есейе келе жанымыздың тәніміздің құлы болуымен жалқы басымыздағы қасіреттің жалпылық сипат алуына сарабдал санамен ой жүгіртеді. Ұлтын шыңдауды, ширықтыруды көздеп, адам атаулының жеке басын күйттеуінің хайуан малдан еш артықтығы жоқтығын айтады. Дүниенің көрінген және көрінбеген тылсым сырын жетік білуге деген табиғи талпыныссыз, құлшыныссыз тіршілікте адамдықтың орны жоқ дейді. Оны білмеген адамның жаны хайуан жанымен тең деп таниды. Түп өзегін бала кездегі жан құмарының есейе келе тән құмарына тәуелді болуымен, түбегейлі шырмалып қалуымен түсіндіреді.

Жаратушы ес, сана беріп ірі жаратқан жанның ер жетіп ақыл кіргенінде ізденіп, табиғаттың адамға дарытқан құмарлық қасиетін кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екенбіз деген сауал қояды. Сол арқылы халқының ғылым, оқу сынды адамзат баласын өрге сүйрейтін ортақ игіліктерден мақұрым қалуына ойландырады, теңелуіне қажетті шарттарды анықтайды. Бойдағы барша білмекке құштарлық қасиетпен құмарланып жиған асыл қазынамызды өрістетіп, өрісімізді ұзартсақ керек еді деп жігерімізді жаниды. Оны бұл «жанның тамағы» деп айқындайды. «Жанның тамағы» ұғымына іштегі жан қуатымен жинақталған ғылым, білім қазынасы деген философиялық тереңдік дарытады.

Қай жанрда жазылды?

Абайдың бұл қара сөзі жас бала психологиясын талдау арқылы байыпталып, философиялық талдау жасалатын көркем проза санатына жатады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

СЕГІЗІНШІ СӨЗ

1891

Абайдың ақыл мен насихат туралы ой пайымы зерделенген қара сөзі.

Қашан жазылды?

Өз заманының әлеуметтік тегін жіктеп көрсеткен қара сөзін Абай 1891 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

«Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?» деген санаға қорғасындай салмақ салар зілді сұрақпен басталатын қара сөзінде хакім Абай жанын жегідей жеген әлеуметтік мәселелерге жауап іздейді. Ел мінезінің күннен күнге ұсақталуына, уақыт озған сайын рухани құлдырауына үңіледі. Бүлінген елінің сорына біткен ел атқамінерлерінің қиянатшыл тіршілігінен, кері кеткен берекесіз әумесерлігінен түңіледі. Қазақ қоғамының айнасына сәуле түсіріп, отаршылдық қысымы, бодандық бұғауында бөлшектенген қауым тізгінін ұстап отырған бірі – болыс, бірі – би ел атқамінерлерінің бойындағы кесірлі мінезді, ісіндегі залымдықты сынайды. Отаршыл жүйе енгізген сайлау жүйесі, солардың мүлтіксіз қалауымен болған би, болысқа туралық пен ақиқат артып жүгінген елден әділдік, мейірім, ынсап, иман кетті. Орыс ұлығына арқа сүйеген олар халықтың теріс айналуынан еш шіміркпестен әрі басқа би-болысқа жүгінетінінен қорықпастан ашықтан ашық пара алып, жемқорлыққа, тоғышарлыққа белшесінен батып, ауыр қылмысқа ұрынып отыр. Былық жайлаған ел ішінде ол жазылмас дертке, айықпас індетке ұласу үстінде еді. Мұның бәрін Абай көзімен көрді, жанымен сезінді. Олардың өздеріне сын көзімен қарамай,топтан озған үздік кісіміз, бәз біреулерге үлгі беріп, ақыл айтарлықтай санаттамыз деп сайлануларына еш күмәнсіз иланған таяздықтарын шенейді. Ұлық алдында бас иген құлдық санасын мінейді. Жеке бастарын күйттеуден аспай отырған жалтақ, имансыз істерінен жиіркенеді, ашына жеткізеді.

Қай жанрда жазылды?

Абайдың бұл қара сөзі сұрақ қойылып, оған жауабы айтылып, философиялық талдау жасалатын көркем проза санатына жатады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

 

ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

1892

Абайдың болашаққа үмітпен қарау, өз дертіңді өзің анықтау, өзіңді өзің аяусыз сынау – осылайша кеселді дерттен құтылу жолында әрекет ету сынды өмір философиясының қағидаларын баяндайтын қара сөзі.

Қашан жазылды?

Халқына, оның ұсақ-түйек тіршілігіне қапа болған Абай бұл қара сөзін 1892 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Тұңғыш рет 1925 жылы «Таң» журналының (Ташкент) екінші санында басылған.

Қара сөз не жайында?

Абай қара сөзінде халқына, оның ұсақ-түйек тіршілігіне қапа болады. Ақынның күйзелісі – Асан қайғы іспетті, болашаққа үмітпен қарау, өз дертіңді өзің анықтау, өзіңді өзің аяусыз сынау, сөйтіп, кеселді дерттен құтылу жолында әрекет ету. Бұл өмір мен өлім болмысын қатар алып келе жатқан қазақтың философиясында сонау Қорқыт, одан бергіде Асан қайғыда молынан кездесетін ойлар жүйесі.

Қай жанрда жазылды?

Абайдың бұл қара сөзі қазақ халқы туралы философиялық талдау жасалатын көркем проза санатына жатады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОНЫНШЫ СӨЗ

1892

Абайдың бала мен әке арасындағы қарым-қатынас, ұрпақ тәлім-тәрбиесі туралы ой саптаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Бала тәрбиесіне қатысты тұшымды ойлар айтылған бұл қара сөзін Абай 1892 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кзедеседі.

Қара сөз не жайында?

Саналы ұрпақ, тәлімді ата-ананың өзгелер өнеге тұтар парасатын, сарабдалдығын зерделей отырып, құдайдан тілеп алған үрім-бұтағының қоғам өміріндегі тіршілік мәніне өзге қырынан келеді. Бір үміт пен бір күдікке толы алмағайып өмір ағымында бүгін бала, ертеңгі ел азаматы болатын өскіннің тәлім-тәрбиесіне, өсіп-өнуіне үлкен жауапкершілікпен қарауымызға ой салады. Өз бойыңдағы кесірлі мінезден, ойыңдағы бүтіндей жамандық атаулыдан толықтай арылмай тұрып, балаңа кісілік пен адами құндылықтар хақында өрелі талап қоюдың қисынсыздығы мен жөнсіздігін дұрыс көрсетеді. Ісің мен сөзің үйлеспеген соң балаңның арлы, адал, еңбекқор азамат болып шықпағанына өзгені кіналаудың қисыны жоқ. Абай сан ұрпақ бетпе-бет келіп отырған осы бір жоталы мәселені дұрыс көрсетеді. Өмір заңдылығы, қоғам тынысын дөп басып, ұрпақтар арасындағы моралдық-этикалық үйлесім, жеке тұлғаның отбасы және қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы келелі мәселе қозғайды. Әулетке сыйлы, әлеуметке пайдалы, қоғамға қажетті адам бойындағы асыл қасиеттер қандай болу керек деген мәселелерге бойлайды.

Қай жанрда жазылды?

Абайдың бұл қара сөзі бала тәрбиесі туралы философиялық талдау жасалатын көркем проза санатына жатады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОН БІРІНШІ СӨЗ

1892

Абайдың ел басына түскен дерт және одан құтылу жолдары әңгімеленетін қара сөзі.

Қашан жазылды?

Абай өз заманындағы ұрлық, бұзақылық сынды жат қылықтарға талдау жасаған қара сөзін 1892 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Айбай ұлықтар мен ұры-қара арасындағы ауызжаласқан сыбайлас жемқорлықты, қарапайым жұрттың ұрлықпен мал алып, ұрыға сатып пайдаға кенелем деп жүрген әулекілігін, пәлеқорлығын тайға таңба басқандай етіп көрсетеді. Азған елді жайлаған азғын бұзақылардың ауқаттыларды азғырып жүрген аяр мінезді имансыздығынан, көрсеқызарлығынан шошынады.

Олардың бір-біріне қастық ойлаған рақымсыз, мейірімсіз қаніпезерлік істеріне деген жан күйзелісінің астары терең қатпарлы. Абай нағыз ұрлықпен айналысатын дағдылы ұрылар емес, қырдағы патша ұлықтары екенін дұрыс көрсетеді. Ұрылардың ұрлықпен, залымдықпен, арамдықпен тапқан малына тыйым салмаған ұлықтардың да өз бақай есебі жеткілікті. Сайлау, партия, дау-дамаймен қаржысқан қара халықтың көп бергенге жақтасуымен ауылын, отбасын сатып жүрген ардан безген ісіне жаны күйеді. Шен-шекпен, атақ-мансап, партия үшін арын сатқан имансыздықтың қайда апарып соғарын жұмбақтамай ашық айтады. Елтұтқаларынан сенім кетіп, әділдік пен ақиқат жолынан адасқан қара халықтың ең басты киелі де қастерлі құндылықтарын бас пайдасы үшін саудалаған қасиетсіздігіне күйінеді. «…Қай көп бергенге партиялас боламын деп, құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын, баласын сатып жүр» деп ащынуымен саналы да арлы жұртына жан айқайын жеткізеді. Рухани құлдыраудың ұлттық күйреуге ұласуының қасіретін бағамдайды.

Қай жанрда жазылды?

Абайдың бұл қара сөзі момын елдің нәубетіне айналған – ұрлық-қарлық, бұзақылықпен күресу жолдарын қарастыру туралы философиялық талдау жасалатын көркем проза санатына жатады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОН ЕКІНШІ СӨЗ

1892

Абайдың ар-ұждан тазалығын, адамгершілік қасиеттерін баяндаған, құдайға құлшылық етудің мән жайын адамгершілік-этикалық қасиеттермен ұштастырған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Қазақтардың тұрмыстағы, харекетіндегі салғырттықтың дінде де орын алып отырғандығын көріп, қынжылудан туған ойларын ортаға салған Абай бұл қара сөзін 1890 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөзді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Абай Алланы сүюді, Алланы тануды ұрпағына аманат етті. Адам бойындағы адамгершілік, имандылық сынды қастерлі ұғымдар оның мұсылмандық парызын өтеудегі ғибратымен кемелдене түспек. Абай ғибадат етуімен Аллаға тағзым етіп, құрмет көрсетіп жүрген жанның асыл ісін, ізгі ниетін қолдайды. Мұсылман баласының құлшылықпен өткеретін парызын адал атқаруына ой жүгіртіп, толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де иман күшімен білмекке ұмтылудағы ыждахатымен атқаратын ұжданды істерін сарабдалдықпен таразылайды. Білмекке ұмтылу – шексіз кемелденуге деген асқақ ұмтылысынан өріс алатын ізгі құлшыныс екенін байыптайды. Оның екі шарты барын: біріншісі – иман сенімі діңгегінің берік, мықты болуын айтса, екіншіден – иман шартын үйренудегі қайрат жігерін жануымен жетіле түсудегі басты қасиеттерімен негіздейді. «Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды» дейді. Білуге деген құмарлықты тежеуді, талаптанбауды, тұйықталуды имансыздық деп біледі. Хас мұсылманныңрухани кемелділікке, кісілік толысуға, адами жетілуге деген ұмтылысын құп көреді. Ғибадатқа адал жанның Алла Тағаланың берген нығметтеріне деген риясыз алғысымен мейірбанды сүйіспеншілігіне, шексіз ықыласына бөленетінін жеткізеді. Иман күшін нық сенімен нығайтудағы адамгершілік парызына адал мұсылманды жалған діншілдердің салғырттығы мен таяздығы, көзбояушылығы мен екіжүзділігінен сақтандырады. Сондай бояма екіжүзділердің шынайы мұсылмандық парызының парыз болмайтынына сын көзімен қарайды.

Абай исі мұсылман баласының қиянат пен зұлымдықтан, азғындық пен әдіпсіздіктен ада адамгершілігі зор, кісілігі шексіз ұжданды болуын көздеді. Адамзатты махаббатпен жаратқан мейірімі шексіз Алланы сүю ұрпағының қасиетті борышы деп білді.

Қай жанрда жазылды?

Абайдың бұл қара сөзі иманды сенім емес, таным тұрғысынан философиялық талдау жасалатын көркем проза санатына жатады.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОН ҮШІНШІ СӨЗ

1892

Абайдың иман туралы түсінік-пайымды кеңейте отырып, ел ішіндегі иман келтірушілер туралы ойын ортаға сала жазған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Философиялық мазмұндағы он үшінші қара сөзін Абай 1892 жылы 47 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Қара сөзде адамның жаратушы Алла тағаланың барына, оның жалғыздығына, құдыретінің шексіздігіне, мұсылмандардың соңғы пайғамбары – Мұхаммед (саллалаһу ғалейһи уәссәлләм) арқылы жіберген жарлығына сену жайы айтылады. Абай иман сөзінің мағынасын ашып, оның түбі инану, сену екенін түсіндіреді.

Иманды адам мен иманы жоқ адамның айырмашылығы неде екенін ұғындырып, иманға сенуге екі түрлі нәрсе керектігін көрсетеді. Алдымен, кімде-кім бір нәрсенің барына, хақтығына ақылымен көз жеткізсе, яғни ақылы нақтылайтындай, анықтап дәлелдейтіндей жағдайда болса, ол шын мәнінде иманға келгені дейді. Ақын осы тұста адамның ақылын иманды танудағы негізгі өлшем, басты белгі деп түсінеді.

Екіншіден, адам иманды кітаптан біліп, молдадан оқып, естіген, түйген нәрсесін көңілінде берік етсе. Өлім аузында тұрса да, біреу өлтіремін деп қорқытса да, ол сенімінде қалса, еліктеген адамынан айнымаса, иманын сақтағаны дейді. Яғни Абайдың түсінігінде, адамның иманға келуге екі жолы бар. Біріншісі – иманды ақылы арқылы тануы. Көргенін, естігенін ақыл таразысына салып, ақыл елегінен өткізу арқылы. Екіншісі – оны кітаптап оқып, молдадан білуі. Жанына қаншалықты қатер төнсе де, мың адам мың түрлі сөз айтып азғырса да, көңіліне бекіткен сенімінен таймау арқылы.

Иманға жеткен адамға сол асыл қазынасын бойында сақтап қалу үшін «қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын» керек дейді. Байқасақ, ақылмен түйген, біреуден оқып білген иманды ұстап тұру үшін адамға батыл жүрек, өзгермес адал көңіл, жігер мен қайрат керек. Ал ғылымнан ада, ақты қара деп, өтірікті шын деп әділеттен аттаған, сенімінде беріктігі жоқ адам алдауға, арбауға, пайдақұмарлыққа еріп кетсе, ондайды иманы кәміл деп танымаймыз дейді. Егерде біреу «Құдайдың кешірмейтіні жоқ қой, кеңшілік етер, рахым қылар» деп иманына қарсы іс жасаса, ондайды иманын сақтаған деп санамаймыз деп есептейді. Құдай кешіреді деп иманына қарсы іс қылып, жалған мақалмен өзінің теріс ісін ақтағысы келген адамның жүзі құрысын деп қатал өкім айтады.

Қай жанрда жазылды?

Діни-философиялық, дидактикалық мазмұндағы он үшінші қара сөз өсиет-ғақлия үлгісінде жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОН ТӨРТІНШІ СӨЗ

1893

Абайдың жүрек және оның қаисеттері туралы ой толғап, елдің азып-тозуынан құтылуының бірден-бір жолы халық түсінігінің өзгеруі деп қорытынды пайым жасаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Қазақтың кейбір сөзді теріс мағынада қоланып жүргенін сынаған Он төртінші қара сөзін Абай 1893 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет 1918 жылы «Абай» журналының оныншы санында жарияланды. Одан кейін Абайдың 1933жылғы жинағына енді. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Он төртінші қара сөзінде Абай адамның ең аяулы жері – жүректің құдыреті жайында ой қозғаған. Кемеңгер ойшыл қазақтың «жүректі адам» деген тіркесін қате қолданатынын сынап, оның түпкі мағынасын түсіндірген.

«Жүректі адам» дегенді қазақ «батыр» деп қана білетінін, «жүректі» сөзінің басқа қасиеттерін ескермейтінін, ашып танымайтынын талдаған. «Жүректі» дегенде, алдымен адамның рақымшылығы, мейірбандылығы, қайырымдылығы, адам баласының бәріне жақыным деп қарайтын бауырмашылығы ескерілу керек еді. Ондай адам өзіне қандай игілік тілесе, өзгеге де соны ойлайды дейді. Ал қазақ болса, «жүректі» дегеннің осы жағын ескермейді. Рақымды, мейірімді адамды қазақтың түсінігінде «жүректі» деп қабылдамайды. Ғашық болу, жақсы көру, сүю, құмарту секілді сезімдер де жүрек жемісі. Оларды елестеткенде де жүректі еске аламыз. Жүректі адам дегенде, батырлықты ғана емес, осы жағдайды да, яғни ғашықтықты да білуіміз керек дейді. Одан кейін «жүрегімен сөйледі» дегенді – жалғандықтан ада, өтіріктен таза адам деп білеміз дейді. Адам бойындағы бұл ізгі қасиет те дұрыс айтылмайтынын жазады. Жүрек сөзімен байланысты бірнеше тіркесті мысалға келтіріп, қазақтың «жүректі адам» деген сөзін тар түсініктегі «қасқыр жүректі» деген ұғымда қоданыпжүргенін сынаған.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы он төртінші қара сөз публицистикалық сипатта жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОН БЕСІНШІ СӨЗ

1893

Абайдың адам өміріне философиялық ой жүгіртіп, терең топшылау жасап, адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесін сөз еткен қара сөзі.

Қашан жазылды?

Есті адамның қасиетін көрсеткен он бесінші қара сөзін Абай 1893 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Он бесінші қара сөзінде Абай есті мен ессіз адамның айырмашылығын айтып, құмарлық, көрсеқызарлық, мастық, жастық қайратты дұрыс пайдаланбау, өмірді босқа өткізу секілді аздыратын жат қылықтарды, теріс мінезді сынайды. Бірінің бірінен туатынын, ақылға тоқтау керектігін, адамның өзінен өзі есеп алу жайын көтереді.

Ақылды мен ақылсыз адамның бір-бірінен айырмашылығы анық көрінеді дейді. Дүние есігін ашқан адам есейе келе, санасы толған сайын әр нәрсеге қызығушылық танытатыны табиғи құбылыс деп біліп, қызыққан кезін, тылсым дүниенің сырын ашуға құмартқан шағын өмірінің ең бір шуақты, шұғылалы уақыты деп санайды дейді. Шынында да, есті адам әсіресе бозбалалық, жігіттік, қайраты бойында толысқан кезінде көп білуге, әлемді аралауға, оның белгісіз, беймәлім жерін тамашалауға ұмтылады. Мұндай қызығушылықты, белгісіз, қызықты дүниені тануға ұмтылысты Абай саналы адамның жаратылысында бар болмыс деп санайды. Өмірінің біраз бөлігі кеткен шағында ондай кісі ізденіспен өткен қызықты күнін еске алып, жасаған жылдарына еш өкінбейді. Қайратты шағын орынды іске, пайдалы дүниеге жұмсаған ол ең қызықты күндерін еске алып, өткен өміріне ризалық етеді. Біз де ондай жанның пайдамен өткізген күніне, өміріне сүйсінеміз дейді.

Ал ессіз адам бойында күш, қайраты толысқан өмірінің қымбатты кезін орынды іске жұмсамай, әр нәрсеге бір қызығып, әр жұмыстың басын бір шалып, оны құмарлықпен өткізіп алады да, есейе келе мағынасыз жылдарына өкініш білдіреді. Оның ойынша, жастық шағы, қайратты кезі таусылмайтын секілді көрінеді. Сондықтан басқа қызыққа кенелемін деп кісімсіп жүреді де, өмірінің өзіне, қоғамға пайда тигізетін қымбатты уақытты босқа жіберіп алады дейді. Қайраты қайтқан кезінде жаңа бір істі бастаймын деп ұмтылған ондай адамның өткен күнінде береке, өмірінде сүйкім болмайды деп қорытынды жасайды.

Қай жанрда жазылды?

Философиялық-дидактикалық мазмұндағы он бесінші қара сөз монолог сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОН АЛТЫНШЫ СӨЗ

1893

Абайдың өзі тұстас қазақтардың ішінде кезігіп қалатын құдайға құлшылық ету тәсілін мінеп жазған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Құдайға құлшылық ету жайындағы он алтыншы қара сөзін Абай 1893 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Он алтыншы қара сөзінде Абай жаратқан Құдайға жалған құлшылық жасап жүрген замандастарын сынайды. Мұсылмандықтың бес парызының сырын терең түсінген ойшыл көппен бірге намазға жығылып, болмаса дұғада қатар тұрып жүрген, істеген құлшылығының мағынасын толық білмейтін жандарды айтады: құдайды саудагердей ғана көретін сондай топас адамдардың надандығын әшкерелейді. Сатқан малын риза болсаң да, болмасаң да осы деп саудагерге бұлдайтындай, ондай надандар Құдайына да жасаған құлшылығымды қабылдасаң да, қабылдамасаң да осы дейді. Құдайға құлшылық дегенде тілді жаттықтыру, жүректі кірлетпеу, дінді таза ұстау, сөзі мен ісіңнің өзіңе, жұртқа зиянсыздығын түсіну, фәни өмірдің сырына бойлау екенін ондай адамдар толғанбайды дейді. Олар қартайғанға дейін үйрене алмаған құлшылықты енді қайдан меңгеремін деп өздерін өтірік алдайтынын әшкере етеді. Құранның сөзін бұрмалап оқығанымды Құдай кешіреді, құлшылық еттім ғой, тілім келмесе қайтейін деп ақталатын замандастарының ісіне жиіркенеді. Сонда оның тілі өзге жұрттыкінен басқа болғаны ма деп сұрақ қояды.

Қара сөздің идеясы – адам баласы кез келген жасында Құдайға құлшылық етуге кешікпейтінін түсіндіру. Адамды адал құлшылық етуге шақыру.

Қай жанрда жазылды?

Діни-философиялық мазмұндағы он алтыншы қара сөз монолог сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОН ЖЕТІНШІ СӨЗ

1893

Абайдың адамның бірыңғай жақсы қасиеттерін – ақыл, қайрат жүрек үшеуін өзара айтыстырып, ойшыл ретінде ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, адалдық пен зұлымдықтың, білімдік пен надандықтың, кішіктік пен даңғойлықтың ара жігін ашып, дәлелдеп ұсынған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Философиялық-дидактикалық мазмұндағы он жетінші қара сөзін Абай 1893 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет 1918 жылы «Абай» журналының 11-ші санында жарияланған. Кейін Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағына енген. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Адам бойындағы асыл қасиеттері – қайрат, ақыл, жүректің бір-бірінен айырмашылығын, оның адам өмірінде қайсысының қаншалықты орны барын ашқан Абай он жетінші қара сөзінде дидактикалық мағынасы терең қорытынды жасайды. Толық адам философиясын қайрат, ақыл, жүрек бірлігі негізінде тұжырымдаған ойшыл өлеңдерінде бұл тақырыпты үнемі көтерген. 1888 жылы жазған «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» атты өлеңіндегі: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», – деген ойын Абай он жетінші қара сөзінде тереңірек аша түскен.

Қара сөзде қайрат, ақыл, жүрек бірімен-бірі таласып, адам өмірінде қайсысының бағасы артық екенін ғылымға шешкізеді. Кез-келген істі бастауға, өнер үйренуге, оқу-білім игеруге, тіпті Құдайға құлшылық етуге менсіз болмайды, талапсыз, жігерсіз күн жоқ деп алдымен қайрат уәжін білдіреді. Қайратсыз ешқандай іс аяқталмайды, толық кемеліне жетпейді. Мал табуға, еңбек етуге, мансапқа жетуге қайрат керек. Осының барлығы рас болса, ақыл мен жүрек менімен біріншілікке қалай таласады деп ғылымға пікірін айтады.

Қай жанрда жазылды?

Философиялық-дидактикалық мазмұндағы Он жетінші қара сөз көркемдік сипаты бар диалог үлгісінде жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОН СЕГІЗІНШІ СӨЗ

1893

Абайдың кербездікті қатты сынға алып, оны халықтың азып-тозып жүргендігінің бір көрінісі  ретінде қарап, тұжырымды ой айтқан қара сөзі.

Қашан жазылды?

Адам баласының кеселді мінезін сынаған он сегізінші қара сөзін Абай 1893 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында  жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Қара сөздің түпкі идеясы кербез адамның мінезі мен қылығын сынауға арналған. Абай адам баласы бірінен-бірі сырты сұлу киімімен, мінген атымен озбайды дейді. Тегінде жыртықсыз, таза, үйлесімді, денеге қонған жарасымды киім киюді қолдайтынын айтып, осындай адамдарды көрсе сүйсінерліктей болатынын білдірген. Ал енді біреулер дәулетінен артық көрінгісі келіп, жұрттан ерекшеленуге ұмтылып, сәнденіп киінуге құмар дейді. Ондай адамды кербез деп санап, киімін де, істеген қылығын да жиіркенішті етіп суреттейді.

Киген киімімен, мінген атымен сәнденген кербез адамның екі түрлі қылығы болады дейді. Жасанды қимылдап, сақал-мұртын орынсыз түзеп, қолын тарақтап, бет-әлпетін, қас-қабағын, жүріс-тұрысын шынайы емес көрсетіп, даусын өзгертіп әуре болғандар кербездің бірінші қылығы дейді. Кербез адамды көрсететін екінші қылығы – дәулетіне сай емес, өзін елден ерек даралауды көздеген мінген атымен, киген киімімен мақтанану дейді. Жылтыраған бағалы киіміне, мінген қымбат атына ақылы мен мінезі сай келмесе, жараспаса, сондай адамды кербез деп танитынын айтады. Ондай жандар өзінен дәулеті мен мінезі, ішкі парасаты жоғары адамдарға жақын жүруді қалап, солардың қатарында елеулі көрінгісі келеді дейді. Олар өз қатарластарының ішін күйдірсе, тұрмысы төменгілердің бекер қызғанышын оятады деп сынайды.

Кербездікке бой алдыруды дертпен тең санап, оны адамдыққа жатпайтын қылық, масқаралық, ақымақтық деп есептейді. Мұндай жиіркенішті дүние адамды гүлдендірмейді деп біліп, адам баласы бірінен бірі ақыл, ғылым, ар, мінез секілді нәрселермен ғана озатынын айтады.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік мазмұндағы он сегізінші қара сөз дидактикалық толғаныс сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОН ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

1893

Абайдың ес туралы ғылыми, психологиялық, педагогикалық ерекшелігіне талдау жасап, ой топшылаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Тәрбиелік сипаттағы Он тоғызыншы қара сөзін Абай 1893 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды.

Қара сөз не жайында?

Абай шығармаларының дені адам баласының мінезін сынауға арналған. Санасы сергек ойлы оқырман ақын туындыларынан ғибратты пікір түйетіні мәлім. Он тоғызыншы қара сөзінде Абай есті және ессіз адамның айырмашылығын айтып, өзі жазып қалдырған ғибратты пікірлерін көкірегі байлаулы ақылды адамның зерделейтініне сенген.

Он тоғызыншы қара сөз мағынасы жағынан он бесінші сөзге жақын. Екеуінде де есті мен ессіз адамның болмысын сипаттап, естілердің қатарына қосылуға не істеу керектігін жазған. Осы жағын ескергенде, он тоғызыншы сөзінде Абай бұрынғы айтқан ғибратты ойларын толықтырған.

Өмірге жаңа келген жас сәби бірден есті болып тумайды дейді. Бала анадан туғанда ернімен татып, мұрнымен иіскеп, құлағымен естіп, көзімен көріп, қолымен ұстап, қоршаған ортаның құпиясын, дүниенің сырын зерттейді. Өмірдегі жақсы мен жаманның айырмашылығын таниды, алған тәжірибесін өнер мен білім күйінде бойына жинайды. Естілердің айтқанын санасына құйып, көргені мен білгенін, оқығаны мен тоқығанын көкірегіне қорытса, өзі де естілердің санатына қосылады дейді.

Адам есейе келе жақсыға жанасса, жаманнан адасса, адам қатарында қалады. Ал егер пайдалы, санасын оятарлық ғибратты сөзге немқұрайлы болса, жақсы өсиетті ескермесе, адамдыққа баулыған дүниені салғырттанып елемесе, ондай жанды адам санатында көргісі де келмейтінін айтады. Білімі мен өнерін молайтатын, парасат-пайымын өсіретін пайдалы кеңеске құлақ артпаған, есті әңгімені тұщынып бойға сіңірмеген жаннан Абай күдер үзеді. Сөз қадірін бағалай алатын тыңдаушыны іздеген данышпан ойшыл сөзді танымайтын елге ақыл айтқанша, айдағаныңа жүретін, өзіңді танитын шошқаны баққан артық деген бір хакімнің пікірін еске алады.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік мазмұндағы он тоғызыншы қара сөз дидактикалық толғаныс сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ЖИЫРМАСЫНШЫ СӨЗ

1894

Абайдың ақын адамдарға тән «жалығу» сияқты мінездің пайда болуы жайлы әңгімелеп, оған қарсы қамдану жолдарын ұсынатын қара сөзі.

Қашан жазылды?

Философиялық-діни мазмұндағы жиырмасыншы қара сөзін Абай 1894 жылы 49 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Өмір есігін ашқан адам есейе келе, естіп, білгенін қорытып, бойына білім мен өнер жинап, санасы толыққан сайын, дүниенің өткіншілігін, Құдайдан басқаның барлығының баянсыздығын түсінеді. Мұндай ойға есті адамдардың айтқанын санасына құйған, оқығаны мен тоқығаны мол жандар батады. Абай жиырмасыншы қара сөзінде жалған өмірдің баянсыздығына, қызықты саналған дүниенің барлығы да адамды жалықтыратынына тоқталған. «Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгерілмейді» деген алғашқы сөйлемде ойшыл Құдайдан басқаның бәрі де дүниеде ауыспалы, тұрақсыз, баянсыз деген пікір айтқан. Адамның пешенесіне жазылған тағдыры – Құдай тағаланың бұйырған жолы екенін Абай қысқа сөйлеммен мойындаған.

Ал сол баянсыз өмірде пенденің өзімен бірге жаралған ісінің бірі –жалығу дейді. Жалығуды адам өзі іздеп таппайды, біреуден жұқтырмайды деп есептеп, бұл күйге бір бой алдыртқан жан одан құтылуы қиын. Қанша ұмтылса да, шырмауықтай құрсаған күшінен шығамын деп қайраттанса да, жалығу адамды түбі жеңбей қоймайды дейді. Саналы адам ақыл таразысына салып, ой елегінен өткізіп, көкірек көзімен зерделесе, қоршаған дүниеде бәрі де жалықтыратынын түсінеді. Дәмді тағам да, ойын-күлкі мен жиын-той да, кербездік пен мақтан да, әйел де – қоршаған жалған өмірдегі қызықтың бәрі де саналы адамды жалықтырады. Бәрінің өткінші, тиянақсыз, баянсыз екенін білгенінде, адамның көңілі одан сайын суыйды. Қызықты өмірдің баянсыдығынан көңілі қалған саналы адам бірқалыпты ештеңе жоқ екенін түсінеді дейді.

Сондай жалығуға, дүниенің баянсыздығын сезініп жалғыздықты түсінуге пенденің барлығы бара алмайды. Ондай күйге ойлы адам ғана түседі деп есептейді. Ойлы адам тіршіліктен де жалығады деп, өткен өмірдегі ақымақтық пен қайғысыздық та бір ғанибет деп санайды.

Қай жанрда жазылды?

Философиялық мазмұндағы жиырмасыншы қара сөз өсиет-ғақлия  сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ЖИЫРМА БІРІНШІ СӨЗ

1894

Абайдың қазақ халқына және барша адам баласына тән мінездің бірі – мақтан мәселесін сөз қылған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Адам бойындағы кеселді мінезді сынаған жиырма бірінші қара сөзінАбай 1894 жылы 49 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз  не жайында?

Қара сөзде адам бойындағы мінездің бірі – мақтан жайында айтылады. Абай мақтанды адамға жат дүние емес деп біледі. Барлық адам баласы мақтаннан сау емес, бұл мінезге аз ба, көп пе кім-кім де бой алдырады дейді. Абай мақтан мінезінің адамға жаттығы жоғын айта отырып, оның барын қиын іс деп есептейді. Яғни, тұтастай алып қарағанда, Абай мақтанды жақтырмағанын түсінеміз.

Енді сол мақтанның екі түрін байқадым деп, әрқайсысының ерекшелігін жеке сипаттап береді. Мақтанның бірінші түрін үлкендік деп атайды. Ол мінез ақылға бой алдырған есті адамдарда кездеседі дейді. Ақылды адам қандай да бір табысқа, жетістікке, дәулетке, беделге, мансапқа қол жеткізсе, сонысына іштей риза болып, қанағат тұтып, қуанышын, мақтанын сыртқа шығармай сабыр сақтайды дейді. Өзінің абыройы мен беделін іштей бағалап, біреу мені жақсы десе, қарсы емеспін, жаман деп айтпаса болғаны деп шүкірлік етеді. Ондай жандар бойын жеңілтектіктен, әдепсіздіктен, арсыздықтан, сұрамшақтықтан, жағымпаздықтан,  тұрақсыздықтан, байлаусыздықтан, өсекшілдіктен, өтірік айтудан, басқа да кеселді жаман мінез, қылықтан таза ұстайды. Ары биік, ұяты таза, ақылы кемел осындай жандардың іштей мақтанын, өзінің жақсы аталғанына риза болғанын Абай жат көрмейтінін түсінеміз.

Мақтанның екінші түрін Абай мақтаншақтық деп атап, оның адамды адамдықтан аздыратын ұятты белгілерін анықтап береді. Мақтаншақтар  үлкендік танытқан адамдардай емес, керісінше мені жұрт жақсы десін деп тілеп тұрады. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін деп күтеді. Соны қалап, елдің мақтағанын іздеп, сол жолда азаптанып жүреді дейді.

Ал енді сол мақтаншақтардың өзін Абай іштей үш топқа бөліп жіктейді. Біріншісі – жатқа мақтанарлық мінез көрсетіп жүретін жандар. Екінші түрі – өз елінің ішінде мақтанды қалайтындар. Үшіншілері – өз үйінде, туған ауылында мақтанғанды іздейтіндер. Абай осылардың үшеуін де надан деп есептеп, бірақ адамдығы бірдей болмайтынын мысалмен түсіндіреді. Сыртқа мақтанарлық мақтанды іздейтін жандар надан болса да, адам, өз елінің ішінде мақтанды қалағандардың адамдығы толық емес, ал өз үйі ішіндегі, ауылындағы мақтаншақты адам емес деп бағалайды. Оның себебі, жатқа мақталсам екен дегендер мені елім мақтаса деп ниет танытады, еліме мақталсам екен дегендер мені ағайыным мақтаса деген пиғыл білдіреді, ал үй ішінде, ағайын арасында мақталсам деген өзін өзі мақтап, топастық мінез көрсетеді деп үкім жасайды.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы жиырма бірінші қара сөз өсиет-ғақлия сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ЖИЫРМА ЕКІНШІ СӨЗ

1894

Абайдың қазақ тұрмысының әлеуметтік құрылымын ашып берген қара сөзі.

Қашан жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы жиырма екінші қара сөзінАбай 1894 жылы 49 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Қара сөзде Абай өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік құрылымына баға берген. Шығармадан ойшылдың қазақ қоғамының әлеуметтік топтары жайындағы көзқарасын, дүниетанымын байқаймыз. Абай ұғымында байлар, мырзалар, болыс пен билер, мықтылар, есті кісілер, ғаріп-қасар бишаралар, қу мен сұмдар кім екенін түсінеміз. Олардың мінезі мен болмысы, іс-әрекеті, елге пайдасы мен қызметі туралы ой түйеміз. Әлеуметтік топтардың жігін ажыратып, Абай осы күні кімді қадірлеймін, кімді жақсы көремін деп өзіне өзі сұрақ қояды.

Байдың өз қолында билігі жоқ, еркі шектеулі. Малына иелік жасай алмайды. Ондай байды қалай қадірлеймін, қалай құрметтеймін дейді. Бұл орайда ақын қазақ жұртының басынан билігі кеткен заманның шынайы бейнесін жасырмайды. Қазақ байы ел берекесі болатындай өз малына иелік ету керек еді. Бірақ ел тұтқасы бола алатындай берекелі бай қалмады және оларда байлығына билік жасайтын мүмкіндік жоқ деген мазмұнды аңғарамыз. Байдың түрі көп. Кейбір байлар қайырымдылық жасамай, мырзалық етпей ойсыздарға малын шашып, өзінің туған елімен, жерімен ойрандасып жүр деп, оларды сынға алады. Ақынның бұл орайдағы нақылы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі идеясымен үндеседі. Адам бойындағы бес дұшпан қатарына малшашпақтықты атайтын өлеңдегі ойы жиырма екінші қара сөзінде тұжырымдала түскен. Байлардың енді бір түрі кеселді қуларға жем болып жүр. Себебі олар берекелі тірлік жасайтындай бір-бірімен бірлесе алмаған дейді.

Елдің ішінде мырза атайтын жандар да қалмаған. Тегінде мырзалық істеген адам өзінің жасаған жақсылығынан ештеңе дәметпеуі керек еді. Ал біздің мырзамын деп жүргендер мал берсе, ар жағында содан өзіне қандай пайда келеді деп құлқын ойлайды. Мырзаның жасаған жақсылығында арамы пиғылы болмау керек еді. Сондықтан ондай мырзаны да құрметтей алмаймын дейді.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы жиырма екінші қара сөз публицистикалық памфлет сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ЖИЫРМА ҮШІНШІ СӨЗ

1894

Абайдың адам бойындағы қасиетті қарекет – қуаныш пен жұбаныш туралы ой толғаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Тәрбиелік сипаттағы жиырма үшінші қара сөзін Абай 1894 жылы 49 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет 1918 жылы «Абай» журналының 1-ші санында жарияланды. Кейін Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағына енді. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Қара сөзде адам көңілінің қуаныш және жұбаныш секілді жағдайы жайында ой қозғалады. Кез келген адам баласы қуануға ұмтылатыны мәлім. Қуаныш сезіміне бөленген адам шаттанады, рахаттанады, аз уақыт бақытты сәтті басынан кешеді. Яғни Абай барлық адам баласының осындай ғанибетті, ләззатты көңіл күйді көргісі келетінін табиғи жағдай дейді. Алайда біздің қазақтар қуанышты жайды өзінен төмен жаманды көргенде сезетіні қалай дейді. Бір адам жамандық жасап, елді арбап, алдап, болмаса басқа да бір кеселді іс тындырып, абыройы мен беделін көптің көзінше айрандай төгіп алса, соған қарап өзінің жағдайын шүкір дейтіндер, мені ондайдан Құдай сақтасын деп көңілін көншітетіндер бар дейді. Абай осы жексұрын сезімді қазақтың қуанышым деп танитынын сынайды. Құдай тағала жаманнан парқың асса болды, немесе білімділер наданнан сауатты көрінсең жетеді деді ме? Сол саған қуаныш болады деп айтып па еді? Жаманмен санасқанда, наданмен бой түзегенде кім болғаның дейді.

Тегінде адам жаманмен жарысып жақсы болмайды, жақсымен санасып жақсы атанады деп, қазақтың бәйгесін мысалға келтіреді. Бәйгеге жүз ат қатысса, соның ішінде сенің атыңның алдында неше ат келді деп сұрайды ғой. Артында неше ат қалғанын ешкім де анықтамайды, олар қызық емес дейді. Өмірде де кім-де кім өзін біреуден парасат-пайымымен, білімімен, ішкі мәдениетімен, ізгі жақсы қасиеттерімен озғаны жарасар еді. Сол белгі, қасиеттерге қарап адам өзінің жақсылардың қатарына жататынын анықтағаны дұрыс еді дейді.

Осыдан кейін Абай қазақтың жұбанышына баға береді. Жұбаныш деп жүргенді теріс түсінетінін сынайды. Біздің қазақ көппен бірге болсақ жетеді, көптің қылғанын мен де істедім, соған қанағат еттім деп өзінің бейғам өмірін місе тұтады дейді. Көптің алдына шығып не керек, көпшілік қателеспейді ғой деп қалыпты тірлігін өзгертуге құмартпайды дейді. Құдай оларға көптің ішінде ғана бол деп айтып па еді? Ғылым көпке келіп пе еді? Көптен даралансаң, алдына шықсаң болмай ма? Егер көп жол таба алмаса, солармен бірге сен де адасып жүре бересің бе? Елге жұт келсе, басқа салғаны осы деп, көппен бірге қырыласың ба? Жан сақтауға қарекет қылмайсың ба? Осыны да жұбаныш деп есептеймісің деп ойға жетелейтін сауалдар қояды. Бұл сұрақтардың мазмұнынан Абайдың қазақ қоғамын жақсартуды тілеген ізгі ниетін байқаймыз.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік мазмұндағы жиырма үшінші қара сөз дидактикалық толғаныс сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ СӨЗ

1894

Абайдың өз халқын ойлап, болашағына көз жібергенде жазған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы Жиырма төртінші қара сөзінАбай 1894 жылы 49 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Қара сөз алғаш рет Абайдың 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз  не жайында?

Көлемі шағын болса да, қара сөздің мазмұнында үлкен мағына айтылған. Абай шығармаларында жалпыадамзаттық құндылықтар, адам баласына ортақ философиялық терең толғамдар, гуманистік ойлар көп көтерілген. Алайда ұлы ойшыл өзінің туындыларын негізінен қазақ халқына арнаған. Туған халқына деген ұлы махаббаты Абайға қалам ұстатқан.

Жиырма төртінші қара сөзінде жер жаһанда екі милиардтан астам халық бар болса, соның ішінде қазақтың саны – екі миллиондай дейді. Бұл орайда біз қара сөз жазылған кезде қазақ халқының саны әлі тиянақты есептелмегенін ескереміз. 1897 жылғы Бүкілресейлік халық санағында қазіргі Қазақстан жерінде тұратын халықтың 82 пайызға жақыны қазақтар, олардың саны 3397700 болғанын білеміз. Сондықтан ақынның көрсеткен халық санын жобамен айтылған дерек деп ұғамыз. Қара сөзде Абай қазақтың санын мысал үшін келтіріп, оның жайбарақат тірлігін, қараңғылықта беймарал жатқан болмысын, жұрт болуға ұмтылмаған ұйқыдағы қалпын, кесірлі теріс мінезін сынағанын көреміз.

Абай әлемде қазақтың санынан тұрғыны көп қалалар да бар, жер шарын үш айналып өткен адамдар да кездеседі деп айтады. Бұл мысалымен қазақтың әлемдегі жаңалықтан тыс қалғанын, ғылымнан, өнерден кешіккенін, жұрт болуға ұмтылмайтынын жеткізген. Екіншіден, қазақ қауымының намысын оятып, санасына сәуле түсіргісі келгендей болған.Бейғам жатқан қазақ жұртының заманға лайық білім, ғылым, өнер игерген өркениетті халықтардың артында қалғанына налығандай көңіл білдірген. «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды» деп, қазақтың өзіне ғана тән мінезі, болмысы барын көрсеткен.

Қазақ қауымы Абай заманында ұлан ғайыр кеңістікте көшпелі тіршілігін сақтап, рулық қарым-қатынасын жоғалтпай, рулық-тайпалық санадан арылмай, арасына басқа жұрттар көп араласпаған таза күйінде өмір сүріп келді. Алайда сонымен бірге, қазақ ол уақытта өз алдына жеке ел болудан айырылып, бас билігін жаттың қолына, тағдырын Құдайың әміріне тапсырған жұрт болатын. Сол қазақтың өзге жұртқа қарағанда сөзі де, ісі де, мінезі де, болмысы да бөлек, ерекше еді. Әсіресе қазақтың ішінде бірін бірі аңду, ұрлық істеу, жауласу, басқа да адамдықтан безген мінез жайылып кетті. Абай сондықтан «Осылайша бірімізге біріміз қастық, жамандық ойлап, жер бетіндегі қанша халықтың ішінде ең қоры болып жүре береміз бе?» дейді. Қазақтың арасында жайылған өсек, өтірік, ұрлық пен қастық тыйылар ма екен? Біз де өнер мен малды адал жолмен тауып, сырттан үйренер ме екенбіз? Өркениетті жұрт болып бақытқа кенелетін шуақты күнді көрер ме екенбіз деп сауал қояды. Ел болуды, өркениетті жұрт болуды аңсаған көңілін жасырмайды.Қара сөздің соңында «Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?» деп өкініш танытып, қазақтың жұрттығынан үміт үзгендей көңіл білдіреді.

Көңірегі ояу қазақ оқырманының намысын қозғайтын қара сөздің идеясы тереңде жатыр. Абай заманында қазақтың ішін жайлаған кеселді қылық, адамдыққа жатпайтын теріс мінез, елдің ынтымағын, бірлігін жоятын жат әрекет, арамы ойлар асқынып кеткен еді. Соның бәрін көріп тұрып, Абай ашынып шығармасын жазған.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы жиырма төртінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ЖИЫРМА БЕСІНШІ СӨЗ

1894

Абайдың орыс тілін білуді дүниенің тілін білу құралы ретінде ұсынып, білімді тереңдетуге кеңес беретін қара сөзі.

Қашан жазылды?

Мақсат орысша білуде емес, оны ғылым, өнер жолына түсу үшін пайдалану, оқыған адамға «дүние арзанырақ түседі» деп талдау жасаған қара сөзін Абай 1894 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Қазақ халқынан қадірлі азамат, қауымға пайдалы қайраткер шығару үшін орыс оқуының ерекше бағасын қадірлеп айтады. Оқушы өзі үшін емес, халқы үшін еңбек ететін адам болсын дейді. Орысша оқу арқылы білімді одан әрі тереңдетуге болады, міне, осы мәнде ақын орыстар дүнинің тілін біледі деген қорытынды жасаған. Қазақтара аылшын, нміс, француз тілін үйрен деу қисынсыз. Батыстағы білім қорына шығару жолы орысша оқу деп біледі Абай. Абай реалист, демек ол шындықты нақтылы мәнінде ұсынып отыр.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы жиырма бесінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ЖИЫРМА АЛТЫНШЫ СӨЗ

1894

Абайдың «ұят», «ұяла білу» секілді моральдық категорияларды өте біліктілікпен талдаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Адам мінездерінің қыр-сырын танытып, оның жөнсіз жақтарын сынап, халқын дұрыс адамгершілік жолға үндеген қара сөзін Абай 1894 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Жарысқа түскендердің бірінің жеңіп шығуы заңды құбылыс, бұған мақтанудың, жеңілгеннің ызасын шақырудың еш қажеті жоқ дейді Абай. «Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады» деп Абай іштей налиды. «Қуанышты» — надандықтың бір белгісі деп көрсетеді. Мұндай жеңілтіктен арылуды аңсайды.

          «Енді осылардан ойлап білсеңіз, — дейді Абай, — надан ел қуанбас нәрсеге қуанады және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Және ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі надандық, ақымақтық әсері… Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп өздігінен тоқтаған адамды көрмессің».

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы жиырма алтыншы қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ СӨЗ

1894

Абайдың жаратылыстың заңдылықтарын білуге, өз білгенін халқына білдіруге ұмтылған қара сөзі. Ғақлия «Сократ хакімнің сөзі» деп аталады.

Қашан жазылды?

Дін мәселелерін адамгершілікпен тікелей ұштастыра талдау жасаған қара сөзін Абай 1894 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Қара сөзде ақынны грк философы Сократтың қандай пікірлерін қабылдайтындығы жән қандай ікірлерімен келіспейтіндігі аарылады. Әңгіменің нгізгі арнасы – құдайдың адама қарым-қатынасы жөнінде. Абай Сократ әңгімесінің мазмұнын дәлге жуық береді, оның әңгімелесу тәсілін сақтайды. Соратты кейбір ойларына, ұғымдарына сын өзбен қарап, оның «гармония мира», «прекрасный порядок» сияқты идеалистік түсініктерін «жарастықтық законымен жаратылған», «себепті байланыс» секілді түпнұсқада жоқ жаңа ұғымдармен алмастырады.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы жиырма жетінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

 

ЖИЫРМА СЕГІЗІНШІ СӨЗ

1895

Абайдың тек қазақ емес, исі мұсылмандарға қаратыла айтылан қара сөзі.

Қашан жазылды?

Діни теріс көзқарастардың кейбіріне талдау жасаған қара сөзін Абай 1895 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Қара сөзде автор кей адамдардың «құдай ісі» деген ұғымдарының жалғандығын, алла атына кір келтірер жаңсақ түсінік, дін-құран оқуын байыптап білмегендердің теріс көзқарастары ойланбай айтылған дақпырт екенін дәлелдейді. Адам баласын жігерсіздікке, дәрменсіздікке жетелейтін қате түсініктерді сынап, адам өз өмірінің тағдырын өзі шешуге тиіс екенін айтады. Ол үшін еңбектеніп, ізденіп, ақылға салып, сақтанып қарекет қылуға тиісті екенін ескертеді. Абай адамның ақылына сенеді, оған үлкен сенім артады.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы жиырма сегізінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ЖИЫРМА ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

1895

Абайдың қазақтың кейбір мақалдарына ғылыми талдау жасаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Абай «мақалдың озығы бар, тозығы бар» деп философиялық талдау жасаған қара сөзін 1895 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Ақын қазақтың «жарлы болсаң, арлы болма» деген мақалының мән-мағынасына тоқтала келіп, жалға жүріп мал тап деген ой айтпақ болса, еңбектеніп мал табудың несі ар? «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» дейді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяр» деген мақалдың өз құлқынын құптап шығарған қулардың арам ойынан туғанын айтады. «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» деген мақалдың да мағынасын әшкерелеп, ата-анасын малға сатқан, ант атқан арсыздарды айыптайды.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы жиырма тоғызыншы қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОТЫЗЫНШЫ СӨЗ

1895

Абайдың бес дұшанның бірі – мақтаншақтықты сынап жазған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Абай қоғамдағы қырт мақтаншақтарды «ұялмас бетке талмас жақ береді», «көп былжыраған арсыз-ұятсыздардың бірі дағы» деп талдау жасаған қара сөзін 1895 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Қара сөзде қоғамды кеулеген мақтаншақтық тақырыбын қозғап, өзіне де, өзгеге де түк пайдасы жоқ, құр кеудемсоқтарды сынға алады. Шынында да қазақ арасында «кімнен кім артық» деп біреуді менсінбеушілік, «әйтеуір бір өлім» деп көкіп, қолдан келмес іске бас тіккенсіп, босқа бөсетіндер қай заманда да баршылық болған. Ақын осындайлардың бәрін де әшейін күпілдеп, біреуге қыр көрсетіп, айдындыру үшін қажет екенін айтады. Әйтпесе «өлімге шыдайтұғын қазақты көргенім жоқ» дейді.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы отызыншы қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОТЫЗ БІРІНШІ СӨЗ

1895

Абайдың педагогтық, ұстаздық ойларының жемісі саналатын қара сөзі.

Қашан жазылды?

Абай ойсыздық кеселдерінен сақтандыратын ойларын 1895 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Қара сөзде автор естіп білгеніңді ұмытпай есте сақтау тәсілдерін санап көрсетіп, ойсыздық кеселдерінен сақтандыратын ойларды ортаға салады. «Естілген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек, екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып көңілге бекіту керек, төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек» дейді Абай.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы отыз бірінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОТЫЗ ЕКІНШІ СӨЗ

1895

Абайдың ғылымға жету жолында бағыт нұсқайтын қара сөзі.

Қашан жазылды?

Ғылым туралы терең философиялық талдау жасаған қара сөзін Абай 1895 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Қара сөзде автор шын мерейленіп, ықылас-жігерімен ізденген адам ғана ғылымға жететіндігін, оның түпкі рахатына кезігетіндігін жазады. Білімді адам бір қызық үшін, не пайда табу үшін емес, «білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең және әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзұр хасил болады», соны ғана көздеу керек дейді. Ғылымға шын құмарланбай, бақастық үшін шұғылданса, шала мйірман ізденсе, нәтижесі де шала болатынына көз жеткізеді. Сондай-ақ адам еңбекпен тапқан, жетіліп алған білімді сақтау, құрметпен игеруі де керектігін, ғылым мен ақылды сақтайтын сауыт мінез екенін баса көрсетеді.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы отыз екінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОТЫЗ ҮШІНШІ СӨЗ

1895

Абайдың өнерлі адамдарға сүйсіне отырып, олардың іс-әрекетіндегі қазақтың кеселдерінен жойылатын жолдарды нұсқаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Қазақ халқының қолы өнерлі адамдары туралы талдау жасаған қара сөзін Абай 1895 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Қара сөзде автор қазақтың қолы өнрлі адамын әули санайтындығын жазады. Мал – бір жұттық, ал өнер – мәңгілік. Бірақ құдайдың берген аз-мыз өнерлі жандарының өзінде де қазақтық кеселдері болады, оларды Абай сана береді.

  1. Талапсыздық. Қолынан келгенге мәз, ал құдайдың берген қасиетін әрмен қарай жетілдіру, ұштауға қыры жоқ. Осы блгеніміз де жетер деп, соған мақтанып, алыстан өнер іздеп, менен де артық бар-ау, солардан үйренсем деген ой жоқ.
  2. Еріншектік. Қолына бірер қара біте қалса, тоқмейілсіп, байлыққа бөккен кісімсіп, бойкүйездікке салыну. Мұндай адам бойындағы қасиетті жойып, жадағай болып қалады.
  3. Тамыршылдық. Сәл нәрсеге алданып, «жоғары шыққа» мәз болып, тамырым, досым десе ішкен асын жерге қойып, соның ісімен жүріп, өзінің алданғанын білмей, далбасамн өмір өткізу. Сөйтіп жүріп біреуге борышты болып, басы дауға қалып жүргені. Сірә мұндайлар тамыршылдау адамгершілігін әрі іскерлік деп түсінетін болуы керек.

Абай өнерлі жандарға сүйсіне отырып, олардың іс-әрекетіндегі жоғарыда айтылған қазақтың кеселдерінен жойылатын жолдарын көрсеткен.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы отыз үшінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

 

ОТЫЗ ТӨРТІНШІ СӨЗ

1896

Абайдың өмір мен өлім философиясы хақында жазылған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Адамның рухын қозғайтын, жетілдіретін мәңгілік философиялық мәселелерге талдау жасаған қара сөзін Абай 1896 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Қара сөзде автор өмір мен өлім философиясы туралы мәселелерге барынша тоқталып өтеді. Жұрт өлімнің хақ екендігін, оның әманда адам әбден қалжырап қартайғанында ғана емес, кенеттен де кездесетінін және Алла жанын бір алған пенденің о жақтан қайтып келмейтіндігін біледі, соған нанады, ал бірақ ақылына салып, ой елегінен өткізіп барып нанбайды, амалсыздықтан, шарасыздықтан көнеді. Абай осы сұраққа жауап іздеген.

          Адам баласы өмір мен өлім құпиясын барынша құлшынып білгісі келеді, бірақ ол ашылмақ емес. Сондықтан Абай жұрттың жаратқанның құдіретіне сендім дегеніне күмән келтіреді. Ол ақиқатқа беріліп сену бар екенін, сонымен қатар жаратқан ісіне тағдыр жазуы деп сену бар екенін айтады. Адамға керегі мұсылмандық, имандылық деп ойын қорытады.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы отыз төртінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОТЫЗ БЕСІНШІ СӨЗ

1896

Абайдың адамдардың өлгеннен кейін махшарға баруы, ондағы жауаптастықтар туралы ой толғаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Тірлікте ізгі істер істеп өтуге, кемтарларға көмектесуге шақыратын қара сөзін Абай 1896жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Қара сөзде автор тірлікте өзі үшін өмір сүргендердің махшардағы жағдайлары жақсы болмасын ескертіп, бір құдайды риза етерлік адамгершілік, қайырымдылық, адал істер істеп өтсе, ол адам ахиретте қадірлі, шарапатты болады деген түйіндер жасайды.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы отыз бесінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОТЫЗ АЛТЫНШЫ СӨЗ

1896

Абайдың иман, ұят деген ұғымдардың бірлігін, ар-ұятсыз иман-инабаттың жоқтығын айтып, «ұят» деген ұғымға тереңірек тоқталатын қара сөзі.

Қашан жазылды?

Қазақ арасында имансыздық, арсыздықтың өршуін қынжыла сипаттаған қара сөзін Абай 1896 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Абай иманды, имансыз деген ұғымдарды ұятты, ұятсыз деген сөздермен шендестіреді, олардың мағыналас ұғымдар екенін ескертеді. Кімде ұят болса, онда иман да бар. Олай болса, «ұят – иманның бір мүшесі» дейді. Автор екі түрлі ұяттың болатынын атап, оларға түсінік береді. Ұялатын жағымсыз ісі үшін ұялу бар. Ұялмайтын нәрседен ұялу – надандық, ақылдың ташылығы. Ұялатын нәрседен ұялмау – ақымақтық. Шын ұяты бар адамға аяушылық, кешірім керек. Және де автор «өлімнен ұят күшті» болатын жағдай да кездесетінін ескертеді.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы отыз алтыншы қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОТЫЗ ЖЕТІНШІ СӨЗ

1896

Абайдың көңілінде жүрген көрікті ойларын мақал-мәтел ретінде өрнектеп, дүниетанымдық көзқарастарын аңғартқан қара сөзі.

Қашан жазылды?

Мақал-мәтелдер арқылы адамдар арасындағы аса бір күрделі қатынастарды өзінше түсіндірген қара сөзін Абай 1896 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Автор қара сөзінде «қайғысыз адам – ойсыз жан» дей келе, қайғырудан да, ессіз қуанудан да сақтандырады. Не болса да мөлшермен болғаны – адам ісі, мөлшерден асқанның бәрі – шайтан ісі, осылайша адам болмысын тереңнен барлайды. Абай: «тұрлаусыз ғашық – тұл» дейді. Ол ғашықтықты айтып отырған жоқ, «ғашық» туралы ой қозғаған. Тұрлаусыздық болған жерде ғашық жоқ. Бірақ ғашық болу үшін, оны тану үшін тұрлаусыздық туралы білім болуы да орынды. Себебі ғашық – жүрек сенімі. Адам өзі жаратқан Алласына ғашық, қыз жігітке ғашық, бала әкесіне ғашық, т.с.с.

Ғашық – ақыл өлшеуіші емес, жүрек сезінуінен туады. Ол ақылдан емес, сезім байлығынан туады. Сондықтан ол тұрлаулы, егер де ғашық ақылға қатысты болса, онда оның тұрлаулы болуы екіталай. Ақыл деген – таным, ол қылшылдаған ұстараның жүзіндей тиген нәрсесін тіліп, тереңдей береді, тоқтау мен қажуды білмейді. Дүниені тану шексіз, демек ақылда тұрақтылық жоқ.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы отыз жетінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОТЫЗ СЕГІЗІНШІ СӨЗ

1896

Абайдың Алла мен Адамға қатысты терең ойлары, нақты әрі дәлелді пікірлері көрініс тапқан қара сөзі.

Қашан жазылды?

Ақиқат жолын нұсқаушылар – пайғамбарлар, әулиелер, хакімдер туралы өз ойларын ортаға салған қара сөзін Абай 1896 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Қара сөзде автор аят, хадистерден цитаталар келтіріп сөйлейді. Жазу тілінің, басқа қара сөздеріндегі анық қазақтық түрін өзгертіп, кітапшалап (түркіше) тың үлгі, стиль іздейді. Сыртқы стильдегі тілдегі өзгешеліктер бұл сөздегі діндік мазмұнменен нық байланысты. Осы кезде Абай өзінің дінін түп наным жағынан да, моральдық қасиеттер турасынан да және адамгершілік тәрбие мақсатымен де анықтап, таныта түспек болады. Бұл сөздің де түп мазмұн-мақсаты – адамды жақсы етіп шығаратын қасиет, сипаттарды жеткізе түсу. Сонымен қатар Абай үлкен батылдық танытып, тарихи, әлеуметтік, ағартушылық жөнінде қуат көрсетіп, заманы үшін аса сыншылдық танытады. Ол қазақ ортасындағы не жалпы мұсылмандық шығыстағы қоғамдық, әлеуметтік құрылыстар жөнінде терең толғаулы пікірлер де айтады.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы отыз сегізінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ОТЫЗ ТОҒЫЗЫНШЫ СӨЗ

1897

Абайдың ұлттық мінез туралы терең ой-пікірлер айтқан қара сөзі.

Қашан жазылды?

Өз замандастары мен ата-баба мінездерін салыстыра отырып, екі мінездің жоқтығын сипаттап, талдайтын қара сөзін Абай 1897 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Қара сөзде автор өз туыстарының, замандастарының өткендерге қарағанда ілгері екендігін мойындайды. Сөйте тұра, осы күнгілерде ата-бабаның екі мінезі жоқтығын айтады. Бұл мінездердің жоқтығынан қазақ қауымының адал ісі алға баспай отырғандығына күйінеді. Жұртықтан кетіп барамыз, сайтандыққа салына бастадық деп налиды.

          Ол қандай мінездер еді? Бірі – «Ерте заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен». Ел арасындағы барша болмысты солар реттеп, басқарып отырушы еді. Ел басыға жұрт сеніп, қарапайым шаруа өз жұмысымен болушы еді. Өзін-өзі басқаратын ел болмағандықтан, қазақтарға сайтандық ене бастаған. Ел басы мен топ басылардың орнына саңырауқұлақтай қаптап, пысықтар, қу мен сұмдар пайда болды. Мінез ұсақталды, сондықтан намыс деген аруақты сөз жер болды, бұл қазір жойылған екінші мінез.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы отыз тоғызыншы қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ҚЫРҚЫНШЫ СӨЗ

1897

Абайдың өз заманының келеңсіз көріністеріне философиялық астар беру мақсатында жазылған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Адам басына қонатын бақ пен дәулеттің баянды болуы кісілікке, текке, тұқымға тартатыны, ал «пысықтықпен» көтерілген биіктің тұрлаусыз екендігі туралы пайымдаған қара сөзін Абай 1897 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Абай бұл қара сөзін өз замандастарына қойылған сұрақ түрінде жазған. Сұрақ бере отырып, ойланту, сол заманның келеңсіз көріністеріне философиялық астар беру мақсатын ұстанған.

          Абайды пысықтың ел билегені, онымен бірге «пысықтың бәрі кедей келетұғыны» қатты толғандырады. Бұл арада пысық деп отырғаны – алдау-арбау, аңқау елге арамза молда болу жолымен билікке қолы жеткендер.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы қырқыншы қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ҚЫРЫҚ БІРІНШІ СӨЗ

1897

Абайдың билік пен байлық секілді ой-толғамнан тұратын, түзу жолға түсу мен тығырықтан шығу туралы жазған мағынасы терең қара сөзі.

Қашан жазылды?

Қоғамдағы әлеуметтік қайшылық мәселелері туралы талдау жасаған қара сөзін Абай 1897 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

Абай айтады: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Онсыз осы дүниеде сенің ұсақ-күйкі тірлігіңде асқан қызық бар деп не айтып, не зорлап көндіре алмайсың. Күштеп, зорлап балаларын медресеге беріп, ғылым жолына түсіру үшін осы істерді атқармақ адамның қолында бек зор өкімет болуы шарт. Екіншіден, ол адам есепсіз бай болары керек. Себеп, ата-аналарына пара беріп, тағылым жолына салу керек. Бірақ бүкіл қазақты паралап алу қай кісінің қолынан келмек. Ондай дәулет қайда?

Міне, тұйыққа тірелу. Осы тұйықтан қалайша шығуға болады, оның жолын таппаған Абай: «етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтімен емген надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген» деп налиды.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы қырық бірінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ҚЫРЫҚ ЕКІНШІ СӨЗ

1898

Абайдың «қызмет қылып мал таппай, ғылым оқып ой таппай», қыдырып қарын тойдырғанға мәз замандастарын, феодалдық дәуір болмысы тудырған қоғамдық кеселді сынап жазған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Өз замандастарын, қоғам туралы өз өкініш сырын «расы жоқ сөзінің, ырысы жоқ өзінің», мұндайлар «кімді ұялып аясын» деп түйіндеген қара сөзін Абай 1898 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Қара сөзінде автор пысық атанып, салт атты сабау қамшылы кедей болса да байдың қолтығына кіріп, төрдегі орын, тәуір ат, майлы етке қолы жеткен, байдың «мұны қайтеміз» дегеніне ақыл бергіш алаяқтар ел ішін бүлдіргеннен басқа ештеңе істемек емес деп ой түйеді. Абайдың осы «пысықтар» жайындағы ой орамы «Сабырсыз, арсыз еріншек» атты өлеңінде көркем көрініс тапқан. Өз ұрпағын өркендеген ел соңынан сүйреп, «мыңмен жалғыз алысқан» Абай кейбір шығармаларындағы өзекті ойын оқырман санасына жеткізе түсу мақсатымен қарасөзге айналдырып отырғанға ұқсайды.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы қырық екінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ҚЫРЫҚ ҮШІНШІ СӨЗ

1898

Абайдың жан мен тән ұғымдары туралы, екеуінің ортасында болатын жибили және кәсиби ұғымдарын тереңнен байыптаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Адам бойындағы жан қуаты мен тән қуатына талдау жасаған қара сөзін Абай 1898 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Адам жан мен тәннен құрылған, бұл Абайға дейінгі замандардан белгілі шындық. Автор осы екеуінің ортасында болатын жибили және кәсибиге тоқталған. Адамның табиғи биологиялық қажеттіліктерін өтеуімен қоса, білмекке құмарлықты да автор жибили деген. Кәсибиге Абай ақыл мен ғылымды жатқызады. Бірақ жибили мен кәсиби бес түйсіктер әкелген сыртқы ортаның қажеттерін көңілге түсіргенде бірігіп кетеді. Мұнда ерекше орын алатын жибили қуаты. Абай жибили қуатын «жан қуаты» дейді. Алайда ол қуаттың ескерусіз қалып, жоғалмаса да еш нәрсеге жарамайтын болуы ықтимал.

Абай жан қуатының үш элементін айтқан. Сірә, оның осы тақырыпта зерттеген, оқыған кітабы орыс тілінде болса керек, сондықтан ол үш элементті былайша атаған: «подвижной элемент» — бұл тез ұғыну деген сөз; «сила притягательная однородного» — ұқсас нәрселердің бір-біріне тартылуы; «впечатлительность сердца» — мұнда төрт нәрсеге мұқият болу керек – мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық. Бұлардан жүрек таза болғанда әр нәрсенің сәулесі жүректің айнасындай анық раушан болып түседі.

Ақыл мен қайратқа ие болмаған адамның өзінде еркі жоқ. Ол тағдыр тәлкегіне түсіп кете баратын қаңбақ секілді жан.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы қырық үшінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ҚЫРЫҚ ТӨРТІНШІ СӨЗ

1898

Абайдың «талап» атауына философиялық категория түрінде талдау жасаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Рухани тазалық, жан мәдениеттілігі жоқ жердегі талаптың тоғышарлық сипатын терең ашып берген қара сөзін Абай 1898 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Қара сөзде автор талап атауына философиялық категория ретінде талдау жасаған. Талаптың көзі – адам баласының, істеген ісінен қанағат табуы, «басына қадір іздеуі», көңілдің «бәрекелді» деушіні іздеуі болып табылады. Осы жолда сараңдықпен, арамдықпен әйтеуір мал тапсам, «мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын – талап. «Ер атанамын, біреу қажеке атанамын, біреу молдеке, біреу білгіш, қу, сұм атанамын» деп сол қарекетте «осыным бірсыпыра елеу азық болар» деген талаппен жүргендер де бар. Енді бір талап бар – ол қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарап, «мынаны алып келіп берсе, қымбат алғандай екен, осы күнде мына бір істің біраз пұлы бар екен» деп «қазақтың бетінен оқып, ізденген талап». Мұның бәрі де кітаптың бетінен оқып іздеген талап емес. Көкірек таза болмаған жердегі талаптың өзгеге шапағат нұрын төкпейтіні ләзім. Осыдан келіп Абай рухани тазалық, жан мәдениеттілігі жоқ жердегі талаптың сипатын терең ашып береді.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы қырық төртінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ СӨЗ

1898

Абайдың құдай туралы ұғымды тереңінен оқып-танып, Алланың хикметі – ғаділдік пен махаббат туралы философиялық ой толғаған қара сөзі.

Қашан жазылды?

Алла хикметін сезіну жолдары туралы талдау жасаған қара сөзін Абай 1898 жылы жазған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Қара сөз не жайында?

          Қара сөзде автор бүкіл адам баласының мыңдаған жылдар бойы сеніп келген діндерін мансұқ етпей, олар да бір «үлкен құдай» барын білген, соған құлшылық еткен, — дейді. Сонда әрбір дін сол «үлкен құдайға» жетудің жолдары, тәсілдері болмақ. Пенде жаратушының көмекшісі, олай болса, біз оның қасиеті ғаділет пен махаббатына ынтық болуымыз керек, нағыз құдай жолы, жаратқанды мойындау – осы.

          Абайдың ұғындыруынша, адамды адамнан жоғары қоятын байлық емес, билік емес, Алланың хикметін кімде кім анығырақ сезінсе, сол биік болмақ. Алла хикметі – ғаділдік пен махаббат. Бұл сезімдерсіз өмір жоқ. Бұл сезімдер кімде толығырақ болса, ол – ғалым, ол – ғақыл. Осы ойлары арқылы Абай бір діннің шеңберінен, бір дін дүниетанымынан асып кетіп, адамзатқа тән ойлау жүйесіне түскен.

Қай жанрда жазылды?

Әлеуметтік-дидактикалық мазмұндағы қырық бесінші қара сөз публицистикалық мақала сипатында жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Қара сөз орыс, ағылшын, француз, неміс, португал, латыш, қытай, корей, поляк, тәжік, түрік, әзербайжан, өзбек, моңғол және өзге де әлем тілдеріне аударылды.

 

 

Интерактивтер