Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Зайсан көлі

Зайсан көлі

Зайсан көлі
Зайсан көлі
Зайсан көлі
1 / 3

Зайсан көлі - Қазақстанның шығыс бөлігінде, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында, Алтай мен Сауыр-Тарбағатай тауларының аралығындағы Зайсан қазаншұңқырында орналасқан табиғаты ерекше көл. Ғалымдардың пікірінше, көл шамамен 60 миллион жыл бұрын Бор дәуірінде тектоникалық қозғалыстардың әсерінен қалыптасқан. Осыған байланысты Зайсан жағалауы жайпақ болып келетін тектоникалық бөген көлдер қатарына жатады.

Көл атауының шығу төркіні туралы бірнеше болжам бар. Кейбір зерттеушілер оның атауын моңғол тіліндегі «сайхан» - «әдемі», «керемет» деген сөзбен байланыстырса, енді біреулері ойрат тіліндегі «запасун» - «балық» деген мағынадан шыққан деп есептейді. Тарихи деректер бойынша, 1650 жылы қалмақтар көлді Жайсаң деп атаған. Аңызға сүйенсек, ашаршылыққа ұшыраған жұрт көлдегі мол балықтың арқасында аман қалып, оны «игілік әкелген көл» деп құрметтеген.

Зайсан - ірі тұщы су көлі. Оның ұзындығы шамамен 100 шақырым, ені 30 шақырым, ауданы 1800 шаршы шақырым, ал орташа тереңдігі 8 метрге жуық. Көлде 23-тен астам балық түрі кездеседі, олардың 17-сі кәсіптік маңызға ие. Бағалы балықтардың қатарында таймень, ақбалық, шортан, нәлім, мөңке, алабұға және ақтабан бар.

Зайсан көлінің ерекше табиғи құбылыстары да көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Кешкі уақытта аспанда жұлдыздар көріне бастағанда көл бетінен сымдардың гуіліне ұқсайтын қоңырау үнін естуге болады. Осы ерекшелігіне байланысты көл кейде «Қоңырау сыңғыры» деп аталады.

Бұрын Зайсан өңірінің жануарлар дүниесі өте бай болған. Мұнда екі өркешті жабайы түйелер, Пржевальский жылқылары, құландар, қарақұйрықтар, ақбөкендер, дуадақтар және жолбарыстар мекендеген. Алайда адам әрекетінің әсерінен табиғи орта өзгеріп, көптеген жануарлар сиреп кеткен. Қазіргі таңда бұл өңірде негізінен дуадақ пен басқа да сирек кездесетін жануарларды ұшыратуға болады.

Зайсан Қазақстандағы ең таза көлдердің бірі саналады. Оған таулардан бастау алатын өзендер мен қар және жаңбыр сулары құяды. Сондықтан көл суы өзінің тазалығы мен сапасын бүгінге дейін сақтап келеді. Жағалауы негізінен аласа, қалың қамыспен көмкерілген, кей жерлерінде биік жартасты мүйістер кездеседі.

1960 жылы құрылған Бұқтырма су қоймасының едәуір бөлігі Зайсан көлінің су айдынын қамтиды. Сонымен қатар көлдің шығыс жағынан шамамен 60 шақырым жерде Қытаймен мемлекеттік шекара орналасқан.

Зайсан көлінің табиғаты мен таза суы көптеген туристерді қызықтырады. Жаз мезгілінде су температурасы 22°C-қа дейін жылынатындықтан, демалушылар көп келеді. Ал қараша мен сәуір аралығында көл бетін мұз басады. Табиғи сұлулығы, бай тарихы мен ерекше экожүйесі Зайсан көлін Қазақстанның маңызды табиғи нысандарының қатарына қосады.

 

Дереккөз: jjtv.kz