Яссы қалашығы (қазіргі Түркістан, Күлтөбе) - Қазақстандағы ең ежелгі қоныстардың бірі. Оның негізі V-VI ғасырларда қаланған. Түркістанның көне атауы - Яссы. Археологтардың зерттеуіне сәйкес, ежелгі Яссының орны қазіргі Күлтөбе төбесіне сәйкес келеді.
Күлтөбе - еліміздегі көне қалалардың бірі. Кейінгі ортағасырларда, әсіресе XIX ғасырға дейін, бұл аймақ бекініс қабырғаларымен қоршалып, әскери-қорғаныс жүйесінің маңызды бөлігі болған. Ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен шамамен 350 метр жерде орналасқан. Ғалымдар Түркістан тарихының дәл осы жерден басталатынын айтады.
Тарихи деректерге сүйенсек, Түркістан өңірі б.з. I мыңжылдығының басынан бастап қоныстанған. Бұған дейін де, б.з.д. I мыңжылдықта бұл аймақта андронов мәдениетінің өкілдері өмір сүрген. Ал өңірдегі Шоқтас, Қошқорған сияқты тас дәуірі ескерткіштері мұнда адамдардың кемінде 550 мың жыл бұрын мекендегенін дәлелдейді.
Орта ғасырларда Түркістан ірі сауда жолдарының торабында орналасып, тез дамыған қалаға айналды. XII ғасырда Қожа Ахмет Ясауи осы жерде өмір сүріп, осында дүниеден өткен. Кейін 1396-1398 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен оның құрметіне жаңа кесене тұрғызылды.
XVI-XVIII ғасырларда Түркістан Қазақ хандығының астанасы болды. Қала саяси әрі мәдени орталыққа айналып, сауда жолдарының торабында орналасуы оның маңызын арттырды. Сонымен бірге көптеген діни нысандардың болуына байланысты Түркістан «кіші Мекке» атауына ие болған.
Күлтөбе аумағында алғашқы археологиялық қазбалар 1972 жылы жүргізілді. Қазба кезінде VII-VIII ғасырларға жататын теңгелер, қыш ыдыстар және басқа да жәдігерлер табылған. Кейінгі зерттеулерде 4-5 ғасырларға тән бұйымдар да анықталды. Сонымен қатар қалашық аумағынан шар тәрізді құрылыс орны табылған.
Зерттеулер нәтижесінде XIV ғасырда Күлтөбе бекінісі қирап, оның орны қорымға айналғаны анықталды. Бүгінде тарихи орталықтың жалпы аумағы 88,7 гектарды құрайды. Археологтар кесене маңындағы қалашық бөлігінің бекініс жүйесіне кіргенін дәлелдеген.
Тарихшы Мақсат Алпысбестің айтуынша, Әзірет Сұлтан маңы қазақ халқының рухани пантеонына айналған. Мұнда хандар, билер, батырлар мен сұлтандар өздерін осы қасиетті жерде жерлеуді аманат еткен.
Бүгінде Түркістан - бүкіл түркі әлемінің рухани және мәдени орталығы. Қалаға келгендер ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етеді, сондай-ақ Есім хан, Абылай хан сияқты тарихи тұлғалардың рухына тағзым жасайды.
2017 жылы Түркістан “Түркі әлемінің мәдени астанасы” болып жарияланса, 2018 жылы Түркістан облысының орталығы атанды.
Дереккөз: qazir.kz