Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Янгузаровтар көпестер үйі

Янгузаровтар көпестер үйі

Янгузаровтар көпестер үйі
Янгузаровтар көпестер үйі
1 / 2

Янгуразов көпестің үйі («Келін үйі») - Солтүстік Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар тарих және сәулет ескерткіші болып саналады.

Бұл ғимарат Петропавл қаласында, Ульянов пен Горький көшелерінің қиылысында орналасқан екі қабатты тұрғын үй. Сырт көзге ол толықтай тастан салынғандай көрінеді, алайда шын мәнінде үй ағаштан тұрғызылып, сырты сылақпен қапталған. 1914 жылы салынған бұл нысанның құрылысында гипс те қолданылған, ал ғимараттың сәндік бөлігі - карнизі ұлттық ою-өрнектермен безендірілген.

Тарихына келсек, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында салынған бұл көпестер үйі халық арасында «Келін үйі» деп аталуы тегін емес. Аңыз бойынша, көпес Янгузаров Петербургте бір аруға ғашық болып, оған үйленгісі келеді. Қыздың шарты бойынша, ол Петропавлда Петербургтегі үйдің дәл көшірмесін салуы керек болады. Көпес бұл шартты орындайды, бірақ кей деректерде той болмағаны айтылады - себебі ол кенеттен ауырып қайтыс болған. Ал басқа нұсқаларда олар бақытты өмір сүрген делінеді.

Кейін бұл ғимараттың қызметі бірнеше рет өзгерген: кеңес үкіметінің алғашқы жылдары ол совдептің әкімшілік ғимараты болды, ал 1920-жылдары мұнда арнайы штаб орналасып, тіпті жазушы Сәбит Мұқановтың қызмет еткені туралы деректер бар. 1960-жылдары ғимаратта облыстық қаржы бөлімі жұмыс істеген. Қазіргі уақытта бұл тарихи үйге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

 

Дереккөз: интернет-энциклопедия