Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Шалқар көлі

Шалқар көлі

Шалқар көлі
Шалқар көлі
1 / 2

Шалқар көлі - Батыс Қазақстандағы ең көрікті табиғи нысан. Ол Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында орналасқан және өзінің экологиялық, ғылыми, мәдени, рекреациялық әрі эстетикалық маңызымен ерекшеленеді. Көл Жайық өзені алабына жатады. Оған Шолақанқаты мен Есенанқаты өзендері құяды. Су деңгейі 15,5 метрге көтерілген кезде көлден өзен ағып шығады. Көл маңында аққу, қаз, үйрек, қоқиқаз (фламинго), шағала сияқты көптеген құстар мекендейді.

Шалқар көлі ежелгі дәуірден-ақ адамдардың назарын аударған. Оның жағалауын әр кезеңде оғыздар мен печенегтер, кейінірек қыпшақ және түркі тайпалары, яғни қазақ халқының арғы ата-бабалары қоныстанған. Бұл туралы X ғасырда өмір сүрген араб саяхатшысы әрі ғалым Ахмед ибн Фадланның жазбаларында кездеседі. Ол 921-922 жылдары Хорезмнен Бұлғарияға жасаған сапарын сипаттай отырып, Шалқар өңірінде оғыз және печенег тайпаларының өмір сүргенін атап өтеді. Сондай-ақ көлге құятын Шамар, Аңқаты және Вабна (Кіші Аңқаты) өзендерін көрсетіп, оларды «үлкен өзендер» деп сипаттаған.

Жергілікті халық Шалқар көлін «Кіші теңіз» деп атайды. Бұл көлдің тарихы өте көне. Ғалымдар оның шығу тегі жөнінде әртүрлі пікір айтады. Соның ішінде кең тараған болжам бойынша, Шалқар көлі - мыңдаған жыл бұрын тартылып кеткен ежелгі Хвалын теңізінің қалдығы. Ертеде қазіргі Каспий маңы ойпатының орнында үлкен теңіз болған деген пікір осыған негізделеді.

Шалқар көлінің суы тұзды, хлоридті-натрийлі минералды суға жатады. Оның құрамында кальций гидрокарбонаты, магний, тұз қышқылы және адам ағзасына пайдалы басқа да минералдар кездеседі. Шипалы қасиеттерінің арқасында көл ежелден адамдарды өзіне тартып келген. Сондықтан оның маңында X ғасырдан бастап елді мекендер қалыптасып, түрлі кезеңдерде саудагерлер мен діни миссионерлер жиі аялдап отырған.

Бүгінде Шалқар көлі табиғи байлығы, тарихи мұрасы және ерекше экожүйесімен құнды болып саналатын Қазақстанның көрікті көлдерінің бірі.

 

Дереккөз: ruh.kz