Отпантау - Маңғыстау облысындағы жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына кіретін ерекше кешен әрі кесене. Ол Қазақстанның жалпыұлттық сакралды нысандар тізіміне енгізілген. Кешен Маңғыстау ауданы аумағында, Жыңғылды ауылынан шамамен 15 км шығысқа қарай, Отпан тауында орналасқан.
«Отпан тау» тарихи-мәдени кешені уақыт пен ұрпақ сабақтастығын, ата-баба рухына құрметті және олардың өсиеттерін дәріптейтін рухани-мәдени орын ретінде қалыптасқан. Жобаның идеясы мен тұжырымдамасы өңірге танымал ақын, қоғам қайраткері Сабыр Адайға тиесілі. 2004 жылы «Адай» қайырымдылық қоры құрылып, ол жобаның негізгі бастамашысы әрі демеушісі болды. Бұл нысан Маңғыстау халқының ортақ еңбегінің нәтижесі болып саналады. Кешен 2007 жылдың 25 қазанында салтанатты түрде ашылып, Отпан таудың ең биік шыңына орналастырылды.
Шыңға көтерілетін жолдың өзі ерекше мәнге ие: ол Маңғыстауда құрметтелетін 362 әулие-диуананың санына сәйкес келетін 362 баспалдақтан тұрады. Бұл жол рухани мағынасы терең символ ретінде қабылданады.
Кешеннің ең биік нүктесі, теңіз деңгейінен 532 метр биіктікте орналасқан аумақта бірнеше маңызды нысандар бар. Мұнда Анаға арналған ескерткіш-стела, 37 метрлік Адай ата монументі, сондай-ақ Адай ата мен оның ұрпақтарына арналған ақтасты кесене орналасқан. 2010 жылы салынған Бекет ата Мырзағұлұлына арналған Ақсарай мұражайы кешеннің маңызды бөлігі болып, Маңғыстау тарихын танытатын мәдени орталық қызметін атқарады. Сонымен бірге түркі әлемінің символын бейнелейтін «Көк бөрі» монументі және рухани рәсімдерге арналған «Отты факел» алаңшасы да осында орналасқан.
Ақсарай мұражайында Маңғыстау тарихына арналған экспозициялар ұсынылған. Мұражайда барлығы 6 зал бар: «Кешеннің құрылуы мен дамуы», «Қазақ мемлекетінің тарихы», «Маңғыстаудың ежелгі тарихы», «Маңғыстау және маңғыстаулықтар», «Өнер», «Маңғыстаудағы ислам діні».
«Отпан тау» кешені аймақтың рухани орталығына айналған. Әсіресе жыл сайын 13-14 наурыз түні Амал мерекесі кезінде мұнда ата-баба рухына тағзым ретінде «Тағзым алауы» жағылады. Бұл қасиетті от дәстүр бойынша ұрпақтан ұрпаққа эстафета арқылы беріледі.
Кесененің архитектурасы ерекше сипатқа ие. Орта тұсында алтынмен әрленген қос күмбез орналасқан, ал орталық бөлігінде «Адай ата» деген жазу бедерленген. Кіру бөлігі «қасиетті қос босаға» деп аталады. 12 құлпытастың әрқайсысына Адайдың сегіз руының атаулары жазылып, ішкі беттерінде ұрпақ шежіресі мен тарихи деректер алтын әріппен қашалған.
Кесененің техникалық өлшемдері: диаметрі 7 метр, биіктігі 13 метр. Оның жанында көк бөрі мүсіні орнатылған. Тауға көтерілетін жолдар таспен жабдықталып, жаяу және көлік қозғалысына ыңғайластырылған. Кешен толық инженерлік жүйемен қамтамасыз етілген: жарық, газ және су желілері тартылған.
Құрылыста негізінен жергілікті гранит пен мәрмәр пайдаланылған, ал кейбір сәндік элементтер мен мүсіндер шетелде дайындалған.
Дереккөз: «Маңғыстау» энциклопедиясы, Компьютерлік-баспа орталығы, 2007 жыл.