Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Хан моласы мемориалдық кешені

Хан моласы мемориалдық кешені

Хан моласы мемориалдық кешені
Хан моласы мемориалдық кешені
1 / 2

«Хан моласы» - XVIII ғасырда өмір сүрген, қазақ тарихында аса маңызды тұлға, Кіші жүз ханы Әбілқайыр Мұхаммед Қазы Баһадүр (1693-1748) жерленген тарихи қорым. Бұл орын Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Толыбай ауылынан шығысқа қарай 90 шақырым, Қабырға өзенінің Өлкейекке құяр сағасынан 4 шақырым батыста орналасқан.

Әбілқайыр хан 1693 жылы Түркістанда дүниеге келген. Жастайынан батырлығымен, шешім қабылдай білу қабілетімен көзге түскен. Шежіре бойынша ол Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы. 1710 жылғы Қарақұм құрылтайында 17 жасында Кіші жүздің ханы әрі қолбасшысы болып сайланған, ал әскер басы ретінде әйгілі Бөкенбай батыр тағайындалған.

Ол 1718 жылға дейін Түркістан, Ташкент, Сайрамды қорғау үшін шайқастарға қатысқан. 1726 жылы үш жүз біріккен құрылтайда ол қазақ әскерінің бас қолбасшысы болып бекітілді. Кейінгі жылдары Бұланты шайқасы (1728) және Аңырақай шайқасына жақын жорықтарда қазақ әскері ірі жеңістерге жетті.

Алайда ел ішіндегі саяси алауыздықтар мен сыртқы қауіптер күшейген кезеңде Әбілқайыр хан Ресей империясымен саяси одақ құруға мәжбүр болды. Бірақ бұл байланыстар күткен нәтижені бермей, керісінше отарлық саясаттың күшеюіне алып келді. Сол кезеңде хан мен қарсыластары арасындағы текетірестер де өршіді.

Ақыры 1748 жылы шілдеде Барақ сұлтанның жасағы Әбілқайыр ханды өлтіреді. Осылайша қазақ тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі өмірден өтеді.

«Хан моласы» қорымы алғаш рет 1771 жылы зерттелген, кейін XIX-XX ғасырларда көптеген ғалымдар мен зерттеушілер еңбектер арнаған. Атап айтқанда Серік Әжіғалиев жетекшілік еткен экспедициялар 1979 жылдан бастап жүйелі зерттеу жүргізді. Нәтижесінде қорымда 950-ден астам бейіт және 40-тан астам құлпытас бар екені анықталған.

Зерттеулер көрсеткендей, бұл қорым бастапқыда Алтын-Жаппас руының жерлеу орны болған, ал 1748 жылы Әбілқайыр хан жерленгеннен кейін «Хан моласы» атауы қалыптасқан. Хан қабірінің жанында оның ұлы Нұралы отырғызған 12 ағаш болған, соның ішінде бір ақ тал ғана сақталып, кейін найзағайдан жанып кеткені айтылады.

2010-2011 жылдары жүргізілген зерттеулер нәтижесінде алынған деректер мен ДНҚ талдаулары арқылы жерленген сүйектердің Әбілқайыр ханға тиесілі екені 99,355% дәлдікпен расталған. Осыдан кейін сүйектер қайта жерленіп, қорымға белгі орнатылған.

2015 жылы Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен ашылды. Ол кесене және үш бөлікті монументтен тұрады. Кесененің биіктігі шамамен 15 метр, ал монументтің биіктігі 25 метр. Барлық бөліктерінде қазақ руларының таңбалары мен «Әбілқайыр хан» жазуы қашалған.

Бүгінде бұл кешен тек тарихи орын ғана емес, сонымен қатар ел бірлігін, хандық дәуір рухын бейнелейтін маңызды ескерткіштердің бірі болып саналады.

 

Дереккөз: danaqaz.kz