Екідің кешені - діни-ғұрыптық ескерткіштердің қатарында ерекше орын алатын кешен. Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының тізіміне енген тарихи мұралардың бірі болып саналады. Бұл сәулет ескерткіштері VIII-IX ғасырларға жатады және олардың бастауын ерте темір дәуірімен байланыстырады. Екідің кешені Қостанай облысы, Арқалық қаласына қарасты Екідің ауылының солтүстік-шығыс бөлігінде, Қараторғай өзенінің екі жағалауында орналасқан. Ескерткіш жабайы тастардан тұрғызылып, сыртқы пішіні жағынан киіз үйге ұқсайды.
Екідің ескерткішін алғаш рет 1959 жылы Әлкей Марғұлан жетекшілік еткен ғылыми экспедиция зерттеген. Ғалымның пікірінше, бұл нысандар қазақ халқының тұрғын үй салу мәдениетінің алғашқы кезеңдерін көрсететін бірегей сәулет үлгілері болып табылады. Кешен екі құрылымнан тұрады. Екідің І Қараторғай өзенінің сол жағалауында орналасса, Екідің ІІ биігірек жерге салынғандықтан алыстан жақсы көрінеді. Екі ескерткіштің арақашықтығы шамамен төрт шақырым. Бірінші құрылыс Екідің ауылынан шығатын жолдың бойында орналасқан болса, екіншісі өзеннің оң жағындағы төбенің үстіне тұрғызылған.
Жергілікті халық арасында сақталған аңыздарға сәйкес, XVII-XVIII ғасырларда Екідің тұрған төбелердің арасындағы алқапта ірі шайқас болған. Аңыз бойынша, өзара жауласқан рулардың әскери басшылары осы өңірде орда құрған. Тастан қаланған, шар тәрізді пішінге жақын бұл көне құрылыстар ислам діні таралғанға дейінгі кезеңге жатады. Сол себепті кейіннен осы маңдағы елді мекен Екідің атауына ие болған.
Бүгінде Екідің кешені қазақ даласындағы көне сәулет өнерінің даму тарихын танытатын маңызды ескерткіштердің бірі ретінде бағаланады. Ол халқымыздың ежелгі құрылыс дәстүрлері мен рухани дүниесінің құнды куәсі болып табылады.
Дереккөз: qazir.kz