Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Бекет ата жерасты мешіті

Бекет ата жерасты мешіті

Бекет ата жерасты мешіті
Бекет ата жерасты мешіті
Бекет ата жерасты мешіті
1 / 3

Бекет ата жерасты мешіті - Оғланды жерінде Ақтау қаласынан шамамен 290 шақырым қашықта орналасқан. Маңғыстау өңірі туралы сөз болғанда, бұл киелі жерасты мешітін айтпай кету мүмкін емес. Себебі халық арасында ерекше құрметке ие Бекет ата есімі бүгінге дейін қуанышта да, қайғыда да жиі аталып, медет сұралатын рухани тірек ретінде сақталған. Сонымен қатар бұл жерге жыл сайын тек зиярат үшін емес, ерекше сәулет өнерін көру үшін әлемнің әр түкпірінен туристер келеді.

Келушілердің көбі жолай алдымен Шопан ата мешітіне соғып, тағзым етеді. Шопан ата Бекет атаның рухани ұстазы саналып, Маңғыстау әулиелерінің бірі ретінде құрметтеледі. Одан кейін шамамен 70 шақырым жүрген соң Бекет ата кешеніне жетеді. Алайда негізгі мешітке жету үшін тағы да шамамен 1,5 шақырым жаяу, арнайы жасалған баспалдақты жолмен төмен түсу қажет. Бұл киелі орын XVIII ғасырда салынған тарихи ескерткіш ретінде белгілі.

Ақбор тасты тау шатқалынан ойылып салынған мешіт 4 бөлмеден тұрады. Кіреберіс есігі аласа әрі тар. Алғашқы бөлме - төбесінен жарық түсетін күмбезді ауыз үй. Оның батыс жағында михрабы оңтүстікке бағытталған намазхана бөлмесі орналасқан. Оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан бөлмелердің бірінде Бекет атаның өзі жерленген. Төргі бөлмеде ем іздеп келген адамдарға дұға жасап, дем салған қасиетті бақан ағашы сақталған. Бөлмелердің пішіні дөңгелек, биіктігі әртүрлі, шамамен 2,7 м-ден 3,5 м-ге дейін жетеді. Қабырғаларында шырағдан қоюға арналған ойықтар бар.

Бекет ата мешіті - сопылық дәстүр мен рухани мәдениеттің ерекше ескерткіші. Зерттеушілердің пікірінше, бұл орын тек құлшылық мекені ғана емес, сонымен қатар аспан денелерінің қозғалысын бақылаған көне обсерватория болуы мүмкін деген болжам бар. Бекет атаның Хорезмде жаратылыстану ғылымдарын терең меңгергені бұл пікірге негіз береді. Аңыздарда ол табиғи құбылыстарды алдын ала болжап, қыс қаттылығын, құрғақшылық пен жауын-шашын уақытын дәл анықтай білген деп айтылады.

Халық деректеріне сүйенсек, Бекет Мырзағұлұлы 1750-1813 жылдары өмір сүрген дана тұлға. Оның туған жері қазіргі Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылы деп көрсетіледі, алайда өмірінің соңына дейін Маңғыстау өңірінде тұрған. Ол халық арасында емші, би, батыр, әділ төреші және ел қорғаушы тұлға ретінде танылған. Өсиеттерінде адамдарды адалдыққа, мейірімділікке және татулыққа шақырған.

Жас кезінде ол Хиуадағы Шерғазы хан медресесінде 14 жыл білім алған. Онда тек діни ілім емес, сонымен қатар астрономия, медицина, биология, химия және әдебиет салаларын да меңгерген. Кейін елге оралып, ұстазының жолын жалғастырып, жерасты мешіттерін салу дәстүрін дамытқан, халықты білімге, имандылыққа шақырған.

Бүгінде Бекет ата мешітіне келген зияратшылар оның рухани күшін ерекше сезінетінін айтады. Бұл мекеннің киесін толық жеткізу қиын, сондықтан оны түсіну үшін өз көзіңмен барып көру қажет деген сенім қалыптасқан.

 

Дереккөз: archive.nationalgeographic.kz