Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Бәйдібек ата кесенесі

Бәйдібек ата кесенесі

Бәйдібек ата кесенесі
Бәйдібек ата кесенесі
1 / 2

Бәйдібек Қарашаұлы (VІ-VІІ ғасырлар) - Жетісу өңірін мекендеген көшпелі тайпалардың белгілі көсемі. Шежіре деректеріне қарағанда, оның туған жері Ташкент маңы болған. Ол негізінен Қаратау өңірінде өмір сүрген. Бәйдібек би өз заманының аса ірі тарихи тұлғасы ретінде елді бірлікке шақырып, ақыл-парасатымен, ерлік ісімен халыққа ұйытқы болған.

Тарихи деректер мен ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, Бәйдібек би көшпелі тайпаларды біріктіріп, сыртқы жау шапқыншылығына қарсы ел қорғау ісін ұйымдастырған көсем әрі қолбасшы болған. Ұлы жүз құрамындағы албан, суан, сарыүйсін, шапырашты, ысты, ошақты сияқты тайпалар оны өздерінің түп атасы деп санайды. Ол Жетісу жерін, Арыс өзені бойын, Қаратау мен Ташкент өңірін қоныс етіп, ру-тайпалардың бір орталыққа бірігуіне ықпал еткен.

Бәйдібек би елдің жайлауын тиімді пайдалану мақсатында Қаратаудың күнгейі, Боралдай және Қазығұрт тауларының шұрайлы жерлерін қоныстанған. Сол арқылы ол халықтың тұрмысын жақсартып, ел бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан.

Халық арасында Бәйдібектің үшінші жары Нүрила кейін Домалақ ана атанып, елге қасиетті абыз ана ретінде танылғаны туралы көптеген аңыздар сақталған. Бұл әңгімелер Бәйдібек әулетінің рухани және тарихи маңызын одан әрі күшейте түседі.

Тарихи деректер бойынша, Бәйдібек би қазіргі Бәйдібек би елді мекені аумағында дүниеден өткен, ал оның сүйегі Балабөген өзенінің жағасына жерленген. Оның өмірі мен заманы туралы мәліметтер қазақ шежіресінде, халық аңыздарында, сондай-ақ зерттеушілер Николай Аристов пен Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде кездеседі.

Бүгінде Бәйдібек биге арналған кесене Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Бәйдібек ата ауылында орналасқан. 1996 жылы бұл кесене қайта жаңғыртылып, Қарахан дәуірі үлгісінде Балабөген өзенінің биік жағалауында жаңадан салынған.

Кесене құрылысына Самарқанд, Ташкент, Сайрам және Шымкент шеберлері қатысқан. Ғибадат бөлмесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бәйдібек баба рухына арнап, салмағы 6 тонна болатын бесік пішінді ақ мәрмәр құлпытас қойған.

Бәйдібек және Домалақ ана кешендерінде 2000-2001 жылдары жүргізілген археологиялық қазбалар олардың өмір сүрген кезеңіне қатысты маңызды деректер берген. Табылған VI-VII ғасырларға жататын көне тиындар Бәйдібек пен Домалақ ананың тарихи дәуірін нақтылауға негіз болған.

Жалпы алғанда, халық жадында сақталған шежірелер Бәйдібек Қарашаұлының өз заманында ел бірлігін ұйыстырған көреген көсем, халық тағдырын ойлаған тарихи тұлға болғанын айқын көрсетеді.

 

Дереккөз: qazir.kz