Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Балқаш көлі

Балқаш көлі

Балқаш көлі
Балқаш көлі
Балқаш көлі
1 / 3

Балқаш өңірі - табиғаты айрықша, күн шуағы мол түсетін, климаты жылы келетін Қазақстандағы ең көрікті аймақ. Шөлейт және қуаң далаға орналасқан бұл өңірге тіршілік нәрін Балқаш көлі береді. Өңір өзінің әсем табиғатымен, сан алуан өсімдіктері мен жануарлар дүниесімен танымал. ХХ ғасырдың ортасына дейін бұл аймақта жолбарыстар мекендеген. Қалың тоғайлардың арасында жабайы шошқаларды кездестіруге болатын. Ал Іле өзенінің атырауында елік, киік, қарақұйрық, түлкі және борсықтар тіршілік етеді. Балқаш өңірі құстар әлеміне де бай. Көлдің тыныш шығанақтары мен жағалауларында қызғылт және бұйра бірқазандар, сондай-ақ бакландар ұялап, үлкен топтармен жүзіп жүреді. Өсімдіктер дүниесі де ерекше алуан түрлі. Мұнда сексеуіл, жыңғыл, жусан, мия, түйетікен, сасыр сияқты өсімдіктер кең таралған. Өзен-көл маңында тал, тораңғы және жыңғылдан құралған шағын тоғайлар кездеседі. Ал сулы жерлерде қамыс, құрақ және жөке қалың өседі. Осындай ну тоғайлар көптеген аң-құстар мен балықтардың мекеніне айналған. Көктем мезгілінде қызғалдақтар мен бәйшешектер гүлдеп, даланың көркін аша түседі. Осы өңірдің үстінен асқақтап Бектауата тауы бой көтеріп тұр.

Балқаш көлі - Қазақстандағы ең ірі көлдердің бірі және Каспий мен Аралдан кейінгі ең үлкен тұйық су айдыны. Оның ұзындығы 614 шақырым, ені кей жерлерде 3,5 шақырымнан 44 шақырымға дейін жетеді. Көлдің ең терең жері 26 метр. Көлдің басты ерекшелігі - оның екі бөлігінің суы әртүрлі болуы. Батыс жағына мол су әкелетін Іле өзені құятындықтан, бұл бөліктің суы тұщы. Ал шығыс бөлігі минералдарға бай болғандықтан, суы ащылау келеді. Балқашқа Іле, Қаратал, Лепсі және кей жылдары Аягөз өзендері құяды. Өңірдің климаты күрт континенттік. Жаз өте ыстық әрі құрғақ болса, қысы суық келеді. Буланудың жоғары болуына байланысты көл деңгейі жыл сайын өзгеріп отырады. Іле-Балқаш алабы табиғи байлыққа өте бай. Мұнда балықтың көптеген түрлері кездеседі. Олардың қатарында сазан, ақмарқа, жайын, табан, амур және ақбалық бар. Жыл сайын көлден мыңдаған тонна балық ауланады. Балқаш ақбалығы мен Балқаш алабұғасы Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Көл маңында құстардың жүздеген түрі мекендейді. Олардың ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген жиырмадан астам түрі бар. Сонымен қатар бұл өңірде қабан, ондатра және киіктер көптеп кездеседі. Балқаш көлінің солтүстік жағалауында еліміздің ірі өндіріс орындарының бірі - «Балқашмыс» АҚ орналасқан. Ал оңтүстік жағалауы егістік пен жайылымдарға бай. Бүгінде Балқаш көлі табиғатты сүйетіндер мен демалушылар үшін тартымды орындардың бірі саналады. Жыл сайын мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған турист келеді.

Балқаш атауы туралы аңыз

Ертеде Балқаш көлінің батыс жағалауында өте бай адамның Балқия есімді сұлу әрі ақылды қызы болыпты. Жақындары оны еркелетіп Балқаш деп атайтын болған. Бойжеткен шағына жеткенде ата-анасы оны бала кезінен атастырылған жігітке ұзатпақ болады. Алайда жігіттің мінезі мен болмысы Балқашқа ұнамайды. Сол себепті ол қайғыға батып, өз ауылындағы Ерден атты жігітпен бірге қашып кетеді. Екі жас елден жырақтағы үлкен көлдің жағасына келіп, қалың қамыстың арасында жасырынып өмір сүре бастайды. Қыстың келуін күтіп, кейін басқа жаққа көшіп кетуді жоспарлайды. Бір күні жабайы қабан шабуыл жасап, Ерден ауыр жараланады. Балқаш қанша күтім жасағанымен, жігіттің жарасы асқынып, көп ұзамай қайтыс болады. Сүйіктісінен айырылған қыз қатты қайғырып, оны өз қолымен жерлейді. Кейін Балқаш өзін іздеп келген туыстары мен құдаларын көргенде, олардың қолына түсіп, еркіндігінен айырылғысы келмейді. Сол себепті көлге секіріп, өмірімен қоштасады. Аңыз бойынша, сол қайғылы оқиғадан кейін халық көлді қыздың құрметіне Балқаш көлі деп атай бастаған.

Балқаш - тек ірі көл ғана емес, сонымен қатар еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен табиғи мұрасын сақтауда ерекше маңызға ие су айдыны. Оның бірегей табиғаты мен бай экожүйесі болашақ ұрпақ үшін сақталуы тиіс құнды қазына болып табылады.

 

Дереккөз: madeniportal.kz