Айша бибі кесенесі - Орта Азиядағы әйел затына арнап тұрғызылған алғашқы сәулет ескерткіштерінің бірі. Тараз өңірінде орналасқан бұл тарихи мұра тек сәулет өнерінің жауһары ғана емес, сонымен қатар мәңгілік махаббаттың символына айналған. ХІ-ХІІ ғасырларда салынған кесене Қарахан дәуірінен жеткен ең құнды ескерткіштердің қатарында саналады.
Аңыз бойынша, Айша бибі сұлулығымен ғана емес, ақылдылығы мен парасатымен де танылған. Ол Түркістан өңірінде жас батыр Қараханмен танысып, екеуі бір-біріне ғашық болады. Жастар қосылуға уәделескенімен, ел қорғау жолындағы міндеттері Қараханға сүйіктісіне дер кезінде жетуге мүмкіндік бермейді.
Уақыт өте келе сағынышқа шыдамаған Айша қасына күтушісі Бабаджа хатунды ертіп, Таразға қарай жолға шығады. Ұзақ сапардан кейін діттеген жеріне жақындағанда, олар өзен жағасына аялдайды. Сол жерде демалып жатқан Айшаны кенеттен улы жылан шағып алады. Жағдайының ауырлағанын сезген бойжеткен Қараханға хабар жібереді. Хабарды алған Қарахан емшілерін ертіп дереу жеткенімен, Айшаның хәлі мүшкіл еді.
Сол сәтте Қарахан молданы шақыртып, екеуінің некесін қидырады. Аңызда айтылғандай, сүйіктісінің құлағына үш рет: «Айша, сен енді бибі болдың!» деп айтқан екен. Содан бері халық арасында ол Айша бибі атанып кеткен деседі.
Сүйген жарынан айырылған Қарахан оның есімін ұмыттырмаудың жолын іздеп, Айшаны құрметпен жерлеп, басына көркем кесене тұрғызады. Осылайша махаббат пен адалдықтың белгісіне айналған Айша бибі кесенесі дүниеге келген.
Бүгінде кесене Қазақстанның ең қасиетті орындарының бірі саналады. Мұнда перзент сүйгісі келетін жандар тәу етіп келеді, ал жас жұбайлар бақыт пен береке тілеп, тағзым жасайды. Айша бибі кесенесі - қазақ даласындағы махаббатқа арналған ең көрнекті сәулет ескерткіштерінің бірі әрі Орта Азиядағы әйел затына арналып салынған алғашқы сәулет туындыларының бірі.
Дереккөз: qazir.kz