Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Ақбура кесенесі

Ақбура кесенесі

Ақбура кесенесі
Ақбура кесенесі
Ақбура кесенесі
1 / 3

Ақбура кесенесі Қазығұрт ауданының Атбұлақ ауылынан шығысқа қарай 6 шақырым жерде орналасқан. Кесене төртбұрышты үлгіде салынған, бір күмбезді сәулет ескерткіші болып табылады. Қабырғалары күйдірілген кірпіштен өріліп, түрлі өрнектермен безендірілген. Ал күмбезі көгілдір түсті сырмен қапталған. Кесененің ұзындығы 9,8 метр, ені 9 метр, биіктігі 6 метр, ал күмбезінің биіктігі 3 метрді құрайды. Кесене маңындағы шипалы бұлақ пен қасиетті орын бүгінде зиярат етушілер көп келетін рухани мекенге айналған.

Халық арасында сақталған аңыздарға қарағанда, Ақбура әулие Қожа Ахмет Ясауидің замандасы әрі шәкірті болған. Оның шын есімі Ақберді екендігі айтылады. Ел аузындағы әңгімелерде әулиенің ақ бураға мініп, зікір салып жүргені баяндалады. Сол себепті халық оны кейіннен Ақбура әулие деп атап кеткен.

Ертеде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи дәуірінде бір шайық бұлақ маңында өмір сүрген екен. Оның мінген бурасы жүйріктігімен ерекше танылыпты. Желдей есіп шапқанда, соңынан ұшқан құс та ілесе алмайтын көрінеді. Зікір салған кезде әулиенің аузынан көбік шығып, ақ киім киген бейнесі бураға ұқсап кетеді екен. Ол «ауф, ауф» деп зікір айтып Түркістанға жеткенде, Қожа Ахмет Ясауидің өзі алдынан шығып: «Бурам келдің бе?» деп қарсы алады деген аңыз бар.

Тағы бір деректе Ақберді әулиенің ерекше қасиеті туралы айтылады. Бұлақ басындағы намазханада таң намазының екі рәкат сүннетін оқып болған соң, ол көзден ғайып болып кетеді екен. Ал парыз намазы басталғанға дейін Түркістанға жетіп, Қожа Ахмет Ясауимен бірге құлшылық жасап үлгеретін көрінеді. Намаз аяқталған соң қайтадан бұлақ басына оралып келіп, зікірін жалғастырады деген сенім сақталған.

Көне түркі тілінде жазылған кейбір қолжазбаларда Ақбура атаның таң намазының сүннетін Қазығұртта, ал парызын Қағбада оқығаны туралы мәлімет кездеседі. Бұл деректер халықтың Ақбура әулиені ерекше құрметтеп, оның бойында тылсым қасиет болғанына сенгенін көрсетеді.

 

Дереккөз: ruh.kz