Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Алакөл көлі

Алакөл көлі

Алакөл көлі
Алакөл көлі
1 / 2

Алакөл — Қазақстанның Абай және Жетісу облыстары аумағында орналасқан тұйық көл. Ол еліміздегі ең ерекше әрі көрікті көлдердің бірі саналады. Көл өзінің емдік қасиетімен, мөлдір суымен және әсем табиғатымен танымал.

Көлдің теңіз деңгейінен биіктігі 343 м, ұзындығы 104 км, ені 52 км. Жалпы ауданы 2696 км², су көлемі шамамен 58–60 км³. Орташа тереңдігі 22 м, ал ең терең жері 54 м-ге жетеді. Жағалау сызығының ұзындығы 348–384 км аралығында.

Алакөлге Үржар, Қатынсу, Емелқұйса, Жаманөткел, Ырғайлы және Жаманты өзендері құяды. Көлдің су жиналатын алабы 47 859 км² аумақты қамтиды.

Бұл өңірге тек денсаулығын жақсартуға келетін адамдар ғана емес, сонымен қатар демалуды, шомылуды және балық аулауды ұнататын туристер де көптеп келеді. Көл аумағы 20 мың гектардан асады.

Тарихи деректер бойынша, орта ғасырларда Алакөл «Гургенор», кейінірек «Алактогол», «Алатеңіз» және «Алакта» атауларымен белгілі болған. Қазіргі таңда ол Жетісу өңіріндегі Балқаштан кейінгі ең үлкен көл болып есептеледі.

Алакөлдің жағалауы көбіне саз балшық, құм, қиыршық тас және ұсақ құмнан тұрады. Көлдің тайыз бөліктері қараша айының соңында қата бастайды, ал орталық бөлігі тек ақпан айында мұз құрсайды. Мұз қабаты шамамен екі айға дейін сақталады.

Көл суының құрамында фтор мен бром көп кездеседі. Жағалауында қамыс, қоға, қияқ, жебежапырақ және басқа да су өсімдіктері өседі.

Алакөлде ауланатын негізгі балық түрлері: сазанкөксеркеалабұғашармай.

Көл маңы құстар дүниесіне өте бай. Мұнда аққу, шағала, көкқұтан, жылқышы сияқты құстар мекендейді. Сонымен қатар, әлемде сирек кездесетін және Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген реликті шағала да тіршілік етеді.

Жануарлар әлемінен мұнда ондатра, қамыс мысығы, жабайы шошқа, қамыс түлкісі және су тышқандары кездеседі.

Алакөл аймағында ауа райына әсер ететін ерекше желдер де бар. Соның бірі — Жоңғар Алатауынан соғатын «Майнер» желі, ол кейде көлде қатты дауыл тудырады. Ал Тарбағатай жақтан соғатын «Тарбағатай желі» солтүстік-шығыс бағытында еседі.

 

Дереккөз; kk.wikipedia