«Абылай хан резиденциясы» Петропавл қаласында орналасқан Абылай ханға арналған мұражайлық кешен болып табылады. Ол 2008 жылғы 21 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды.
Абылайдың ақ үйі (Абылайдың ордасы) - ханның Петропавл маңында орналасқан тарихи ордасы. XVIII ғасырдың ортасында, Ресей империясының солтүстік аймақтағы отарлау үдерісі басталған кезде Есіл өзені бойындағы Қызылжар өңірінде 1752 жылы әулие Пётр бекінісінің құрылысы қолға алынды. Бұл кезеңде аймақтар арасындағы сауда-экономикалық байланыстар да күшейе түсті. Алайда казак жасақтарының жергілікті халыққа қысым көрсетуі, малдарын тартып алуы және жер дауларының жиілеуі хан тарапынан бұл мәселені шешетін арнайы орда қажеттігін туғызды.
Мұрағат деректеріне сүйенсек, Абылай ханның өтініші бойынша 1765 жылы Есіл өзенінің жоғарғы жағында, Енқыстау өңірінде ағаш үй салынған. Бұл орын тек тұрғын үй ретінде емес, маңызды саяси және даулы мәселелер талқыланатын орталыққа айналды. Орда бекіністен шамамен 2-3 шақырым жерде, тау етегінде орналасқан. Ол кезде бұл аумақ қаланың шеткі бөлігі саналатын.
Кейін «Абылайдың ақ үйі» өрт салдарынан жойылып кеткен деген дерек бар. Оның орнына тас ғимарат салынғанымен, халық арасында ол бұрынғы атаумен сақталып қалған. Уақыт өте келе нысан тозып, ұзақ уақыт күрделі жөндеу көрмегендіктен едәуір зақымданған.
Осы тарихи ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен және ҚР Президентінің қолдауымен 2006-2007 жылдары жүргізілді. Бұған дейін де «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында кешенді зерттеу және қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған.
Мұражайлық кешеннің негізгі бағыты - XVIII ғасырдағы қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы Абылай ханның өмірі мен қызметін көрсету. Мұражай 2008 жылы ресми түрде ашылып, келушілерге тарихи деректер мен экспозициялар ұсынылды.
Кешеннің жалпы аумағы 1288,5 м², ал жер телімі 1,58 гектарды құрайды.
Дереккөз: el.kz