Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Жоңғар қақпасы

Жоңғар қақпасы

Жоңғар қақпасы
Жоңғар қақпасы
1 / 2

Жоңғар қақпасы — батысында Жоңғар Алатауы, шығысында Барлық жотасы орналасқан ірі тауаралық өткел. Ол Балқаш-Алакөл ойпаты мен Жоңғар жазығын байланыстырып жатқан табиғи дәліз болып саналады. Өткелдің ұзындығы шамамен 50 км, ал ені 10 км-ден асады. Осы аумақ арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекара өтеді. Биіктігі теңіз деңгейінен шамамен 300–400 метр.

Қақпаның солтүстік бөлігінде Алакөл мен Жалаңашкөл көлдері орналасқан. Орталық бөлігінде Қазақстан темір жолындағы Достық станциясы, ал оңтүстігінде Қытайдың Алашанькоу станциясы бар. Бұл аймақтың климаты құрғақ болып келеді және мұнда көбіне шөлейтті ландшафттар басым.

Жоңғар қақпасының ұзын әрі тар пішіні оны табиғи аэродинамикалық құбырға айналдырады. Өткел арқылы өткен ауа қысылып, Бернулли заңы бойынша жылдамдығы күшейеді. Соның нәтижесінде өте қатты желдер пайда болады. Кей кездері желдің жылдамдығы 70 м/с-қа дейін жетеді. Қытай жағынан соғатын құрғақ әрі жылы оңтүстік-шығыс желі «Ебі желі» деп аталады. Ал қазақ даласы жағынан соғатын солтүстік-батыс желі «Сайқан желі» немесе «Құбыла» деп аталады. Егер Ебі желі құрғақ әрі жылы болса, Сайқан желі ылғалдырақ болып, көбіне ауа райының өзгеруіне және жауын-шашынның түсуіне әсер етеді. Осы екі жел бірін-бірі алмастырып соғып, Алакөл маңында ерекше «жел дәлізі» құбылысын қалыптастырады.

Жаз мезгілінде көбіне солтүстік желдер басым болса, күз бен қыста оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағыттағы желдер жиі соғады. Алакөлде Ебі желінің әсерінен күшті дауылдар туындап, толқындардың биіктігі 4–5 метрге дейін көтеріледі. Бұл әсіресе аралдарда ұя салатын құстар үшін қауіпті.

Белгілі ғалым В.А. Обручевтің айтуынша, бұл өңірдегі желдер салыстырмалы түрде жылы болғанымен, өте күшті болып келеді. Олар ұсақ тастарды ұшырып әкетіп, көлік қозғалысына қиындық туғызады. Кейбір жылдары дауылдар үйлердің шатырларын жұлып, ағаштарды тамырымен қопарып, ауыр техникалар мен жүк көліктерін аударып жіберген жағдайлар тіркелген. Сонымен қатар теміржол бойында жүк вагондарының аударылуы да кездескен. 1958 жылдың 28 қаңтарында мұнда желдің рекордтық жылдамдығы — 70,5 м/с болған.

БҰҰ сарапшыларының бағалауынша, Жоңғар қақпасы — жел энергетикасын дамытуға өте қолайлы аймақтардың бірі. Осыған байланысты Қазақстан Алакөл маңында жел электр станцияларын салуды жоспарлаған. Ал Қытайда мұндай жобалар 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.

Тарихи тұрғыдан алғанда, Жоңғар қақпасы ежелден маңызды көлік жолы болған. Бұл өткел арқылы Ұлы Жібек жолы өткен. XIII ғасырдың басында Шыңғыс хан Орта Азияға жасаған жорықтары кезінде осы жолды пайдаланған.

Орыс әдебиетінде «Жоңғар қақпасы» атауын алғаш рет 1875 жылы Иван Васильевич Мушкетов қолданған. Сонымен қатар 1969 жылдың 13 тамызында осы маңда кеңестік шекарашылар мен қытай әскери қызметкерлері арасында шекаралық қақтығыс болған.

1954–1990 жылдары бұл аймақ арқылы Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды теміржол салынды. Теміржол Ақтоғай – Достық – Алашанькоу – Үрімжі бағытымен өтіп, Трансазиялық теміржолдың орталық дәлізін қалыптастырды.

Қызықты деректердің бірі — Жоңғар қақпасы маңында дүниежүзілік мұхиттан ең алыс орналасқан құрлықтық нүкте, яғни қолжетімсіздік полюсі орналасқан. 

 

Дереккөз: ru.wikipedia, silkadv.com