Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Жент

Жент

Жент
Жент
Жент
1 / 3

Жент қалашығы - ортағасырлық маңызды ескерткіш. Ол Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 115 шақырым жерде, Жаңадария өзенінің оң жағалауында орналасқан. Бұл өңірде мұсылман дінін ұстанған түркі тайпалары мекендеген. Жентпен қатар осы аймақтағы Жанкент, Баршынкент, Ашнас (Асанас) қалалары да Жент өлкесінің қалалар жүйесін құраған.

Жазба деректерге сүйенсек, Жент қаласы әр кезеңде түрлі саяси бірлестіктердің қол астында болған. Ол оғыз-қыпшақ иелігінде болып, 1138-1152 жылдары Қараханидтер билігіне өткен. «Худуд әл-Алам» еңбегінде Жент Х ғасырдағы оғыз қалаларының бірі ретінде сипатталады.

Қала тарихында оның стратегиялық және экономикалық маңызы ерекше болған. Ол селжүктер әулетінің көтерілу кезеңінде және Хорезм–оғыз қатынастары барысында маңызды рөл атқарған. 1220 жылы моңғол әскері қаланы жаулап алып, кейін біраз уақыт ол Жошының ордасына айналған. Жент туралы деректерде оның ірі сауда орталығы болғаны, базарлары қызу жұмыс істегені айтылады. ХІ ғасырда тіпті Арал теңізі «Жент теңізі» деп те аталған, әрі кей деректерде Анадолы түріктерінің арғы атасы Селжүк осы өңірде жерленгені көрсетіледі.

Ортағасырлық жазбалар мен археологиялық зерттеулер Женттің ірі сауда, мәдени және саяси орталық болғанын дәлелдейді. Қала халықаралық байланыстарда да маңызды орын алған.

Жентті алғаш зерттеушілердің қатарында П.И. Лерх (1870), Каллаур (1900), И. Кастанье (1910) болғанымен, олар қаланың нақты орнын дәл анықтай алмаған. Кейін Сырдария өңірін зерттеген этнограф-ғалым С.П. Толстов 1946 жылы Жент орнын алғаш нақтылап көрсетті. Ол үстіңгі қабаттан жиналған деректерге сүйене отырып, қаланың өмір сүрген кезеңін ХІІ-ХVІ ғасырлар деп болжаған. Сонымен қатар, оның пікірінше, ХІІ-ХІІІ ғасырларда Жент Хорезм мемлекетінің құрамындағы маңызды қалалардың бірі болған.

Кейінгі жылдары да зерттеулер жалғасты: 1958 жылы Б.В. Андрианов, ал 1961 жылы С.П. Толстов қайта зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Моңғол шапқыншылығынан кейін де Жент бірден құлдырап кеткен жоқ. Керісінше, ол қайта жанданып, Сыр бойындағы ірі мәдени-экономикалық орталықтардың бірі болып қала берді. Мұнда тіпті ақша сарайы жұмыс істеп, күміс пен мыстан теңгелер соғылған.

ХІІІ ғасыр тарихшысы Жамал Қаршы Женттің сол кездегі өмірін былай сипаттайды: қалада сауда қызу жүрген, базарлар толы болған, саудагерлер арасында бәсеке жоғары еді. Барлық жағдай оның әлі де маңызды сауда орталығы екенін көрсетеді.

Ал академик В.В. Бартольд Сыр бойындағы көптеген қалалардың XV ғасырдан кейін қаңырап қалуын Сырдария арнасының өзгеруімен байланысты деп түсіндіреді.

Соңында, С.П. Толстов жүргізген археологиялық зерттеулер нәтижесінде Женттің нақты орны ретінде Қызылордадан 115 км жердегі Жанқала жұрты анықталды. 1946-48 және 1957-58 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған қыш ыдыстарға сүйене отырып, қала Х-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген деген қорытынды жасалды.

 

Дереккөз: qazir.kz