Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Жайық

Жайық

Жайық
Жайық
Жайық
1 / 3

Жайық қалашығы - 2001 жылы археологиялық зерттеулер барысында анықталды. Ол қазіргі Орал қаласынан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 12 шақырым жерде, Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Зерттеу нәтижесінде көне қаланың 50 гектар аумағы мен оған жақын орналасқан 300 гектарлық некрополь зерттелді. Ғалымдардың пікірінше, қалашық XIII ғасырдан XV ғасырдың алғашқы жартысына дейін өмір сүрген.

Қазба жұмыстары кезінде көптеген құнды тарихи жәдігерлер табылды. Олардың қатарында кірпіш күйдіретін пештер, шығыс үлгісіндегі монша, тұрғын үйлер, кесенелер және басқа да сәулет нысандары бар. Ал некрополь аумағынан қолдан жасалған айна мен күміс теңгелер табылған.

Жайық қалашығының ашылуы өңір тарихына қатысты бұрынғы көзқарастарға елеулі өзгерістер енгізді. Ұзақ уақыт бойы зерттеушілер Орал қаласының нақты қашан құрылғаны жөнінде ортақ пікірге келе алмай жүрген еді. Кейбір еңбектерде 1598 жыл көрсетілсе, енді бірінде 1613 жыл аталады. Мұндай айырмашылықтың негізгі себебі - тарихи деректердің аздығы болатын.

Орал өңірінде бұрын да қала болған деген болжамды алғаш көтерген жергілікті ғалым Ғаяз Қошаев еді. Ол Жайық өзенінің жағасындағы екі учаскеде зерттеу жүргізіп, нәтижесінде көптеген археологиялық олжалар тапты. Осылайша бұл жерде ежелгі қала болғаны нақты дәлелденді.

Ортағасырлық авторлардың жазбалары мен XVIII-XIX ғасырларда қалдырылған деректердің көпшілігі өз шындығын тапты. Сонымен қатар Батыс Қазақстан аумағынан Жайық қалашығымен қатар тағы екі көне қала орны анықталды. Олар - Өзен қалашығы мен Қазталов ауданындағы қалашық. Бұл ескерткіштердің де тарихы XIII-XIV ғасырларға жатады.

Археологиялық зерттеулер Жайық қалашығының сәулеті мен мәдениеті жағынан өңірдегі басқа қалалардан әлдеқайда дамығанын көрсетті. Мұндағы тұрғын үйлер мен кесенелер күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Кірпіш өндіруге арналған арнайы пештердің іздері де сақталған. Сонымен қатар қалашықтан шығыс моншасының табылуы оның жоғары деңгейде дамыған қала болғанын дәлелдейді.

Қазба барысында металл бұйымдар, керамика сынықтары, өрнекті тақта тастар, шыны моншақтар, жануар сүйектері және екі мыс тиын табылған. Сол теңгелердің бірінде «Сарайда соғылған 737» деген жазу сақталған. Бұл хижра жыл санауы бойынша 737 жылға, яғни 1336-1337 жылдарға сәйкес келеді. Демек, бұл - Алтын Орда дәуірінде соғылған ақша.

Ғалымдардың пікірінше, кірпіш күйдіретін пештердің технологиясы Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалардан келген болуы мүмкін. Мұндай пештер кезінде Отырар мен Күйріктөбе сияқты ірі орталықтарда кең таралған.

Қалашықтағы кесенелерден табылған жерлеу орындарының да ерекшелігі бар. Марқұмдардың бастары солтүстік-батысқа қаратылып жерленген, ал кейбір заттары ағаш табытқа бірге қойылған. Мұндай дәстүр көшпелі мұсылман халықтарына тән болған.

Тұрғын үйлердің құрылысын зерттеу барысында олардың екі бөлмеден тұрғаны анықталды. Бөлмелерді қалың қабырғалар бөліп тұрған. Негізгі есіктер солтүстік жаққа қараған. Үйлердің айналасында қойма және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған қосымша бөлмелер орналасқан. Әрбір үйдің өз ауласы болған.

Қалашықтан шамамен бір жарым шақырым жерде бірнеше кесене анықталған. Солардың ішінде екі ескерткіш ерекше назар аударады. Біріншісі - «Кіші кесене». Ол екі камерадан тұрады және жоғары әлеуметтік топ өкіліне арналған деп есептеледі. Кесене күйдірілген кірпіштен салынған және Алтын Орда дәуірінің сәулет ерекшеліктерін сақтаған.

2002-2003 жылдары зерттелген «Үлкен кесене» де екі камералы құрылыс болып табылады. Оның үстінде көлемі әртүрлі екі күмбез болған деп болжанады. Күмбездері көк түсті жылтыр қаптамамен безендірілген. Ал алдыңғы бөлігі монументалды портал түрінде салынған. Ішкі қабырғалары алтын жалатылған көк түсті өрнектермен және полихромды жазулармен әшекейленген.

Алдыңғы бөлменің көлемі 4,4 × 4,4 метр болған. Зерттеушілердің ойынша, бұл бөлмеде Құран оқылып, діни рәсімдер өткізілген. Ал негізгі бөліктен 11 жерлеу орны анықталған.

Еділ мен Жайық бойындағы үйлердің құрылыс тәсілдері Хорезм және Сырдария бойындағы қалалардың сәулет дәстүрлеріне ұқсайды. Әсіресе олардың жоспары мен құрылымы Үргеніш, Отырар және Түркістандағы XIII-XIV ғасырлық құрылыстармен үндес келеді. Айырмашылық негізінен жылыту жүйесінде, құрылыс техникасында және пайдаланылған материалдарда байқалады.

Зерттеу нәтижелері Жайық қалашығының Алтын Орда кезеңінде ірі әрі дамыған қала болғанын дәлелдейді. Қаланың ең гүлденген кезеңі XIII ғасырдың соңы мен XIV ғасырдың басы саналады. Кейін кейбір бөліктері шабуылдар кезінде бүлінгенімен, қайта қалпына келтіріліп отырған. Бұл жағдай Өзбек хан мен Жәнібек хан билік құрған уақытпен сәйкес келеді.

Алтын Орда мемлекеті Еділ, Днепр және Жайық өзендері бойындағы қалалардың өркендеуіне үлкен ықпал етті. Сол қалалардың ішінде Жайық ерекше дамыған орталықтардың бірі болған.

Археологтар зерттеу кезінде көп мөлшерде шаршы пішінді кірпіштерді анықтаған. Кейін белгілі болғандай, бұл жерге келген казактар өз құрылыстарын салу үшін көне қаланың кірпіштерін бұзып алып кеткен. Соның салдарынан Жайық қаласының көптеген құпиялары ұзақ уақыт бойы зерттелмей қалған.

Соңғы жылдары Қазақстандағы тарихи мұраны сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аясында Жайық қалашығын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жобасы қолға алынды. Оның басты мақсаты - көне қаланы толық зерттеу, тарихи ескерткіштерді сақтау және көпшілікке таныстыру. Сонымен қатар бұл бастама туристердің қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Болашақта мұражай құрамына осы өңірден табылған археологиялық жәдігерлер, сәулет ескерткіштері мен этнографиялық мұралар енгізіледі деп жоспарланып отыр.

Ғалымдардың пікірінше, Жайық қалашығы қазіргі Орал қаласының тарихи бастауы болуы мүмкін. Оның ашылуы бұл өңірде қала мәдениеті кем дегенде X ғасырдан бастап қалыптасып, кейін қарқынды дамығанын көрсетеді. Сондықтан Жайық қалашығының тарихи маңызы өте жоғары. Ол қазіргі өңір аумағында Яицк қаласынан да ертерек өмір сүрген дамыған қала болғанын дәлелдейді.

 

Дереккөз: el.kz