Теректі әулие – Орталық Қазақстандағы тасқа қашалған көне өнердің ерекше ескерткіші, Ұлытау облысының жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген маңызды археологиялық кешен.
Орналасқан жері: Ұлытау ауданы, Теректі теміржол бекетінен солтүстік-шығысқа қарай 18 км қашықтықта, Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі аумағында орналасқан. Кешен батыстан шығысқа қарай созылған күлгін түсті гранитті жоталардан тұрады. Уақыт өте келе күшті жел эрозиясының әсерінен бұл жоталар жарты шар тәрізді пішінге келген. Төбелердің шыңдары мен қия беткейлерінде ежелгі петроглифтер сақталған.
Кезеңдері: Қола дәуірі (б.з.б. ІІІ–І мыңжылдық), ерте темір дәуірі (б.з.б. IX ғ. – б.з. III ғ.), және орта ғасырлар.
Кешенді алғаш зерттеген ғалымдардың бірі – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, кейін Әлкей Хақанұлы Марғұлан зерттеу жүргізген. 1990 жылы археологиялық экспедицияны Зейнолла Самашев басқарған. 1999–2001 жылдары Жезқазған университетінің археологиялық экспедициясы Жанатай Құрманқұловтың жетекшілігімен зерттеу жүргізіп, қола дәуіріне жататын қорғандар мен ерте ислам кезеңіне қатысты ескерткіштерді қазған.
2000–2004 жылдары зерттеу жұмыстары халықаралық деңгейде жалғасып, оған Канада мен Италия ғалымдары да қатысқан. Бұл зерттеулер кешеннің тарихи-мәдени маңызын терең ашуға мүмкіндік берген.
Кешен аумағы шамамен 1,5 × 1 км, мұнда 50-ден астам археологиялық нысан анықталған: неолит тұрақтары, қола дәуірі қоныстары, кен өндіру орындары, қорғандар және әртүрлі кезеңдерге жататын кесенелер.
Ең маңызды бөлігі – петроглифтер. Олар гранит тастарға қашалып салынған және негізгі бөлігі жылқы бейнелерінен тұрады. Сонымен қатар түйе, бұғы, ешкі, құс, арба және әртүрлі символдық белгілер кездеседі. Барлығы шамамен 300-ге жуық сурет 27 тас бетінде сақталған.
Петроглиф топтары: 1-топ Ең ірі әрі мазмұны бай топ. Мұнда 200-ден астам жануар бейнесі бар. Негізінен жылқы бейнелері басым, сонымен қатар түйе, өгіз, бұғы, құс (дуадақ), ешкі, арба және шеңбер тәрізді символдар кездеседі. Кейбір композициялар өте күрделі және әртүрлі сюжеттерден тұрады.
2-топ Күрделі символикалық бейнелерден тұрады. Мұнда шеңбер тәрізді таңба және ұзын сызықтармен берілген жұмбақ композициялар орналасқан. Бұл топтың мағынасы әлі толық ашылмаған.
3-топ Бұл топта шамамен 80-ге жуық петроглиф бар. Көп бөлігі биік жоталарға салынған. Мұнда жылқы, өгіз, жыртқыш аңдар, антропоморфты бейнелер және аяқ іздері бейнеленген. Сондай-ақ ғұрыптық сипаттағы белгілер кездеседі.
4-топ Ең шеткі батыс бөлікте орналасқан. Мұнда 10–15 шамасында ғана нашар сақталған жылқы бейнелері бар. Стилі алғашқы топтарға ұқсас, бірақ әлдеқайда көмескі.
Петроглифтердің мерзімі мен стилі: Ең көне бейнелер б.з.д. 1700–1500 жылдар аралығында жасалған. Бұл кезеңдегі суреттер ірі көлемді, шомбал денелі жануарлармен ерекшеленеді. Кейінгі стильдерде (б.з.д. 1500–1100 жж.) бейнелер кішірейіп, көркемдігі өзгере бастаған.
Ерте темір дәуіріне (б.з.д. 800–400 жж.) жататын бейнелер өте аз, себебі ол кезде жартастарға сурет салу дәстүрі біртіндеп азайған.
Кешен аумағында қасиетті бұлақ бар, оның суы емдік қасиетке ие деп саналады. Сонымен қатар бұл жермен байланысты көптеген аңыздар сақталған.
Дереккөз: kk.wikipedia.