Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Сауран

Сауран

Сауран
Сауран
Сауран
1 / 3

Сауран қаласыТүркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 44 км жерде орналасқан. Бұл - республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш, координаттары: 43˚31.106΄, 067˚46.337΄. Көне Сауран қаласы кейінгі ортағасырлық кезеңге жатады және ол одан оңтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан ерте ортағасырлық Қаратөбе-Сауран (IV-XIV ғғ.) қаласының тарихи жалғасы болып саналады.

Сауран туралы ең алғашқы жазба деректер X ғасырдың бірінші жартысына тиесілі. Оны әл-Истахри («Книга путей стран») мен әл-Макдиси өз еңбектерінде атап өткен. Кейін бұл қала туралы мәліметтер 976 жылы ибн Хаукалдың еңбектерінде, сондай-ақ «Худуд әл-алам» атты анонимдік географиялық шығармаларда кездеседі. Ал XIII ғасырда Сауран туралы деректер армян патшасы Гетум І-нің жолжазбасында, ибн әл-Асир мен Якут еңбектерінде де ұшырасады. Бұл жазбалардың барлығы негізінен Қаратөбе-Сауран қалашығына қатысты мәліметтерді қамтиды.

XV-XVI ғасырларда Сауран туралы деректер көбейе түседі. Бұл қала Муин ад-дин Натанзи, «Таварих-и гузида-ий нусрат-наме», Молла Шади, Камал ад-дин Бинаи, Рузбихан Исфахани, Зайн ад-дин Васифи және Хафиз Таныш сияқты авторлардың еңбектерінде кеңінен сипатталған. Ал орыс деректерінде Сауран туралы алғашқы мәліметтер XVII ғасырға жатады.

Ортағасырлық деректерге сүйенсек, X ғасырда Сауран 7 қамалмен қоршалған ірі бекініс қала болған. Ол оғыздардың қыпшақтарға қарсы шекаралық қорғаны ретінде қызмет еткен. XIII ғасырдың басында Сауран харадж төлемейтін шекаралық қала ретінде, ал XIII ғасырдың ортасында ірі қала ретінде аталады. XIV ғасырда ол Ақ Орда құрамындағы маңызды орталық, кейде астана деңгейіндегі қала болған. XV-XVI ғасырларда Сауран Қазақ хандығы мен шайбанидтер арасындағы Түркістан үшін күресте маңызды рөл атқарған.

Қазіргі таңда кейінгі Сауран қаласының аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай 850 м, шығыстан батысқа қарай 660 м созылған. Қаланы қоршаған қамал қабырғаларының биіктігі кей жерлерде 3-6 метрге дейін жетеді. Қалаға солтүстік және оңтүстік жақтағы екі қақпа арқылы кіруге болады. Қамалдың бұрыштары мен қақпаларында 7 қорғаныс мұнарасы орналасқан, ал жалпы қорған қабырғасының ұзындығы 2360 метр. Қабырғалар кесектен және пахсадан тұрғызылып, биік топырақ жал - стилобатқа орнатылған. Ең биік мұнара солтүстік бұрышта орналасып, оның биіктігі 6 метр. Қорған сыртында ені 15-20 м, тереңдігі 4-5 м ор қазылған.

Сауранның құлдырауы XVII ғасырдың 80-жылдарынан басталады. XVIII ғасырда П.И. Рычков оны «Түркістан маңындағы шағын мекен» деп сипаттайды. Ал XIX ғасырдың бірінші жартысында қала толықтай өмір сүруін тоқтатады.

Сауран қаласы әр кезеңде бірнеше рет зерттелген. Оны алғаш 1867 жылы И.П. Лерх, кейін 1947 жылы А.Н. Бернштам бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы, 1967 жылы К.А. Ақышев экспедициясы, 1986 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы институт экспедициясы зерттеген. Сондай-ақ 1998-2014 жылдары Түркістан археологиялық экспедициясы, 2005-2009 жылдары Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ археологиялық орталығы, Ә. Марғұлан атындағы Археология институты және басқа ғылыми ұйымдар жүйелі зерттеулер жүргізді.

Осы зерттеулер нәтижесінде қаланың орталық алаңы, Сауран медресесі (XV-XVI ғғ.), сопыларға арналған ханака, сондай-ақ орталық мешіт (XV ғ.) анықталып, қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар қаланың солтүстік қақпасы, оған апаратын 172 метрлік магистраль көше, қақпа алдындағы ор мен көпір және мұнаралар да аршылып, қалпына келтірілді.

Осылайша, Сауран - орта ғасырларда ірі саяси, әскери және рухани орталық болған, ал бүгінгі күні Қазақстанның маңызды археологиялық мұрасы ретінде сақталып отыр.

 

Дереккөз: azretsultan.kz