Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Сарайшық

Сарайшық

Сарайшық
Сарайшық
1 / 2

Сарайшық - Қазақ хандығының ең алғашқы астаналарының бірі болған тарихи қала. Ол Жайық өзенінің жағасында, Атырау қаласынан шамамен елу шақырым қашықтықта орналасқан. Киелі өңірге сапарымыздың басты мақсаттарының бірі де осы көне шаһарды көзбен көру еді. Ақыры сәті түсіп, Сарайшық жеріне табан тіредік.

Көне қала Махамбет ауданының аумағында орналасқан. Алдымен барған жеріміз - «Хан ордалы Сарайшық» музей-қорығы болды. Мұнда биіктігі 17 метр болатын үлкен ескерткіш орнатылған. Ол 1999 жылы Иманғали Тасмағамбетов Атырау облысын басқарған кезде салынған, құрылыс небәрі төрт айда аяқталған. Ескерткіштің ашылуына Елбасы да қатысқан. Оның қабырғаларына Сарайшықта жерленген жеті ханға арналған құлпытастар қойылған, ал қара мәрмәрға олардың есімдері мен билік еткен жылдары жазылған.

Музей директоры Молдаш Бердімұратов келушілерге зиярат ету тәртібін түсіндіріп, ең алдымен ескерткіштегі құлпытастарды аралап шығу, кейін әулие ағашқа ақ мата байлап, содан соң музейге кіру дәстүр екенін айтты. Оның сөзінше, Сарайшық - қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі, мұнда кезінде жүзден аса хан билік еткен, сондай-ақ үш жүзге танылған 12 әулие жерленген.

Жеті ханның ішінде Мөңке Темір, Тоқтағу, Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Ших Мамай және Жүсіп хан есімдері бар. Олардың әрқайсысы өз дәуірінде маңызды рөл атқарған тарихи тұлғалар. Солардың ішінде Қасым ханның орны ерекше, өйткені 1513 жылы ол Сарайшықты Қазақ хандығының алғашқы астанасы деп жариялаған. Ол кезеңде қала аумағы кеңейіп, халқының саны миллионға жуықтаған, ал әскері жүз мыңға дейін жеткен. Қасым хан тұсында Қазақ хандығы күшейіп, ірі мемлекет ретінде танылған.

Ескерткіш ортасындағы топырақ үйіндісі мен тастар хандар бейітінің символдық бейнесі ретінде қойылған. Қазіргі деректер бойынша, жерленген жеті ханның тек біреуінің ғана сүйегі табылған, ол Қасым хан болуы мүмкін деген болжам айтылады.

Ескерткіш маңындағы әулие ағашқа қатысты да ерекше аңыз бар. Құрылыс кезінде ауылда бір жазда 12 адамның қайғылы қаза табуы елді қатты алаңдатқан. Сол кезде 94 жастағы қария киелі ағаш туралы айтып, оны ескерткіш маңына қоюды ұсынған. Кейін осы ағаш орнатылғаннан кейін ауылдағы қайғылы оқиғалар тоқтады деген сенім қалыптасқан. Қазір бұл ағашқа адамдар келіп, ақ мата байлап, тілек тілейді, ал кейбірі оны шипалы, киелі орын деп санайды.

Тарихи деректерге сүйенсек, Сарайшық XII ғасыр шамасында Алтын Орда кезеңінде қалыптасқан қала. Оны Бату хан салдырған деген пікір бар. Қала туралы алғаш жазба қалдырған саяхатшы Ибн Баттута (1334 ж.) Сарайшықты Бағдаттан кейінгі ірі қала ретінде сипаттап, онда мешіттер, сарайлар, көпірлер болғанын және су жүйесінің өте дамығанын жазған. Шынында да, археологиялық деректер қалада кәріз жүйесі арқылы әр үйге су жеткізілгенін көрсетеді.

Сарайшық орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының маңызды тораптарының бірі болған. Мұнда Шығыс пен Батыстан келген керуендер тоғысып, қала үлкен сауда орталығына айналған. Антоний Дженкинсон да Сарайшықты аса ірі сауда қаласы ретінде сипаттап, ай сайын жүздеген керуен келетінін жазған.

Алайда 1580 жылы Иван Грозныйдың бұйрығымен казактар қаланы қиратқаннан кейін Сарайшық біртіндеп жойыла бастады. Кейінгі ғасырларда қала толық тоналып, тарихи келбетін жоғалтты.

Кеңес дәуірінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында монша, қонақ үй, кәріз жүйесі, қыш бұйымдар және басқа да құнды жәдігерлер табылған. Кейбір артефактілер Ресей музейлеріне әкетілген. Құдық ішінен табылған ерекше құмыра мен кесе өз қасиеттерімен таңғалдырған: құмыра түсін өзгертіп тұрады, ал кесе ішіндегі уды бірден анықтайды деген дерек бар. Бұл жәдігерлер өте сирек кездесетін дүниелер ретінде Президент музейіне жіберілген.

Сарайшық туралы аңыздар да көп. Соның бірі Секер көлі мен алтын қайық туралы әңгіме. Аңыз бойынша, Жәнібек ханның қызы алтын қайықпен көлде серуендеген, бірақ кейін кенеттен қайтыс болып, көл де, мола да із-түзсіз жоғалып кеткен.

Қазіргі уақытта Жайық өзені тарихи қаланың орнын шайып, оның бір бөлігін су астына алып бара жатыр. Егер арнайы қорғаныс дамбасы салынбаса, бұл көне қала толық жойылып кету қаупінде тұр. Қазба жұмыстары да толық жүргізілмей, кейбір тарихи қабаттар ашық күйінде қалған.

Осылайша, Сарайшық - тек көне қала ғана емес, қазақ тарихының терең тамыры, мәдениеті мен мемлекеттілігінің маңызды символы. Оның әр тасы мен әр қабаты өткен дәуірдің үнін сақтап тұрғандай әсер қалдырады.

 

Дереккөз: aqtobegazeti.kz