Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Хорасан ата кесенесі

Хорасан ата кесенесі

Хорасан ата кесенесі
Хорасан ата кесенесі
1 / 2

Қорасан ата кесенесі - Қызылорда облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген киелі нысан ескерткіші. Қазақстанның жалпыұлттық сакралды нысандар тізіміне енгізілген. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Жаңаарық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 21 км жерде орналасқан.

Әбд әл-Жалил баб Қорасан ата «Насаб-нама» шежіресі бойынша, Әзірет Әлі (Али ибн Әбу Талиб) ұрпағынан тарайтын Мұхаммед әл-Ханафияның бесінші ұрпағы болып есептеледі. Ол жол көрсетуші тұлға ретінде түркі жұртының ғасырлар бойы ислам дінін берік ұстануына үлкен ықпал еткен. Исламды тек дін ретінде емес, оны түркілердің дала мәдениетімен үйлестіре отырып түсіндіруді өзінің рухани міндеті санаған. Сол себепті оны ел арасында өте данышпан, емші әрі көреген әулие ретінде құрметтеген. Бұл қасиетті мекеннің ерекшелігі - мұнда Меккедегі Қағбаның көшірмесі орналасқан.

Аңыз бойынша, Қорасан атаның ұлы ғұлама имам болған. Әкесі Қорасан ата әр жұма күні «Тотықұс» аралынан Ақмаямен ұшып, Меккеге барып таң намазын оқып қайтады екен. Осыны байқаған ұлы Хұсайын әкесінен: «Рұқсат етсеңіз, Меккедегі Қағбаны осында көшіріп әкелейін», - деп өтінеді. Әкесі оның ниетін сынау үшін келісім береді. Сонда баласы Қағбаны кілемге салып алып келген екен. Қорасан ата оның ісіне разы болып, Қағбаны жерге толық қоймай, тек көлеңкесін сызып алады. Кейін сол белгіленген орынға құм үйіліп, Қағбаның жердегі нұсқасы пайда болған деген түсінік қалыптасқан.

Бүгінде бұл орын зиярат етушілер үшін ерекше қасиетті саналады. Келушілер Қағбаны жеті рет айналып, дұға оқып, жанындағы құдықтан қасиетті су ішіп рухани тазаруға ұмтылады. Осы ғибадат Меккедегі қажылық амалдарын үйренуге арналған рухани тәжірибе ретінде де қарастырылады.

Құрылыс саз балшықтан тұрғызылған. Қағба көшірмесінің өлшемі шамамен 6,5 × 6,5 метр, биіктігі 5 метр. Оның кіреберіс есігі солтүстік-шығыс жақта орналасқан. Ішіне кірген адам еденге жайнамаз төсеп отырмай-ақ, қай бағытқа бұрылса да намаз оқи алады деген сенім бар. Бұл жерге Қожа Ахмет Ясауи де зиярат етіп келіп, хикметінде Қорасан атаның рухани мәртебесін ерекше сипаттаған.

Бұл ғимарат 1995 жылы қайта қалпына келтірілген. Қағбаның ішінде бұрынғы дуалдардың ізі сақталған. Сондай-ақ оның солтүстігіндегі құдықтан су ішіп, тілек тілеу зиярат ету дәстүрінің маңызды бөлігі болып саналады.

 

Дереккөз: qazir.kz