Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Каспий теңізі

Каспий теңізі

Каспий теңізі
Каспий теңізі
Каспий теңізі
Каспий теңізі
1 / 4

Каспий теңізі (ежелгі атаулары: Каспи, Гиркан, Хвалын, Хазар және т.б.) - Еуразия құрлығының орталығында орналасқан, дүниежүзіндегі ең үлкен тұйық су айдыны. Көлемі аса үлкен болғандықтан теңіз деп аталғанымен, ол мұхиттармен байланыспайтын жабық алап болып саналады.

Теңіздің жалпы ауданы 376 мың км², ұзындығы шамамен 1200 км, ал орташа ені 300 км. Жағалау сызығының ұзындығы 7000 км-ге жуық, оның 2340 км бөлігі Қазақстан аумағына тиесілі. Қалған жағалаулары Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран мемлекеттерімен шектеседі. Каспий теңізінің деңгейі дүниежүзілік мұхит деңгейінен 28 метр төмен орналасқан. Ең терең жері 1025 метр, ал орташа тереңдігі 180 метрді құрайды.

Каспийдің ірі шығанақтарына Маңғыстау, Қазақ және Қарабұғазкөл жатады. Теңізде елуге жуық арал бар, олардың ішіндегі ең белгілілері - Құлалы, Шешен және Артем аралдары. Ал негізгі түбектері ретінде Маңғыстау, Апшерон, Аграхан, Красноводск және Шелекен аталады.

Каспий теңізінің қалыптасу тарихы өте күрделі әрі ұзақ геологиялық кезеңдерді қамтиды. Ғалымдардың пікірінше, ежелгі дәуірлерде бұл аймақ Тетис теңізінің құрамында болған. Кейінгі геологиялық өзгерістердің нәтижесінде теңіз бірнеше рет ұлғайып, кішірейіп отырған. Осы үдерістердің барысында қазіргі Каспий теңізінің пішіні қалыптасты.

Теңіз түбі мен тереңдігіне қарай Каспий үш бөлікке бөлінеді. Солтүстік бөлігі тайыз, оның тереңдігі көбіне 10-20 метрден аспайдыОрта Каспийдің ең терең жері 788 метрге, ал Оңтүстік Каспийдің тереңдігі 1025 метрге жетеді.

Жаз мезгілінде су температурасы солтүстікте 24-26°C, ал оңтүстікте 27-28°C-қа дейін көтеріледі. Қыста солтүстік бөлігінің тайыз аймақтары мұзбен жабылады, ал оңтүстіктегі су температурасы шамамен 10°C шамасында сақталады.

Каспийге 130-ға жуық өзен құяды. Олардың ішінде ең маңыздысы - Еділ өзені, ол теңізге келетін судың шамамен 80%-ын береді. Сонымен қатар Жайық, Терек, Сулак, Самур және Кура өзендері де Каспийдің су қорын толықтыруда маңызды рөл атқарады.

Теңіздің тұздылығы әр жерде әртүрлі. Еділ мен Жайық өзендерінің сағаларына жақын бөліктерде тұздылық өте төмен болса, оңтүстік-шығыс аймақтарында ол 13‰-ге дейін жетеді. Каспийдегі су айналымы желдің, өзен суларының және жағалау ерекшеліктерінің әсерінен қалыптасады.

Қарабұғазкөл шығанағы Каспий теңізінің табиғи тепе-теңдігін сақтауда ерекше маңызға ие. Ол теңіз суының булануына ықпал етіп, тұздылық деңгейінің реттелуіне көмектеседі.

Каспий теңізінің деңгейі тарих бойы бірнеше рет өзгеріп отырған. Кейбір кезеңдерде су деңгейі көтерілсе, кейде төмендеген. Ғалымдар бұл құбылысты климаттық өзгерістермен, тектоникалық қозғалыстармен және адам әрекетінің әсерімен байланыстырады. Соңғы ғасырларда теңіз деңгейінің айтарлықтай ауытқуы байқалған. Әсіресе ХХ ғасырдың соңында су деңгейінің көтерілуі нәтижесінде көптеген жағалау аумақтары су астында қалған.

Каспий теңізі табиғи ресурстарға өте бай. Мұнда бекіре тұқымдас балықтар, майшабақ, табан, торта, көксерке, сазан және килька көптеп кездеседі. Қара уылдырық өндіру бойынша Каспий әлемдегі жетекші аймақтардың бірі саналады. Сонымен қатар теңізде итбалықтар мекендейді.

Каспий өңірі тек табиғи байлықтарымен ғана емес, өзінің тарихи және мәдени маңызымен де ерекшеленеді. Археологиялық зерттеулер бұл аймақта адамдардың арғы ата-бабалары өте ерте кезеңдерден бері өмір сүргенін көрсетеді. Мұнда неолит, қола дәуірі және ерте темір дәуіріне жататын көптеген археологиялық ескерткіштер табылған. Әр кезеңде бұл өңірде сақтар, сарматтар, каспилер, массагеттер және басқа да тайпалар қоныстанған.

Орта ғасырларда Каспий маңы халықаралық сауда жолдарының маңызды торабына айналды. Бұл өңірдің тарихында хазарлар мен қыпшақтар ерекше орын алды. Кейін Каспий жағалауы Алтын Орда, одан соң Ресей империясы мен Парсы мемлекеті арасындағы саяси және экономикалық қатынастардың маңызды аймағына айналды.

Кеңес Одағы тарағаннан кейін Каспий жағалауында бес тәуелсіз мемлекет - Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран қалыптасты. Осыған байланысты теңіздің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі туындады. Бұл мәселені шешу мақсатында 2002 жылы Ашғабат қаласында Каспий маңы мемлекеттерінің алғашқы саммиті өткізілді.

Бүгінде Каспий теңізі табиғи байлықтарымен, биологиялық алуантүрлілігімен және тарихи-мәдени мұрасымен әлемдегі ең маңызды су айдындарының бірі болып табылады.

 

Дереккөз: el.kz