Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Гауһар ана кесенесі

Гауһар ана кесенесі

Гауһар ана кесенесі
Гауһар ана кесенесі
Гауһар ана кесенесі
1 / 3

Гауһар ана кесенесі – XII–XIV ғасырлар аралығына жататын, Түркістан өңіріндегі маңызды тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі. Ол Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай шамамен 4 шақырым жерде, Түркістан – Шәуілдір тас жолының сол жағынан 400–500 метр қашықтықта орналасқан. Бұл нысан республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына алынған және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының құрамына кіреді.

Гауһар ана – ұлы ойшыл, сопылық ілімнің негізін қалаушылардың бірі Қожа Ахмет Ясауидің қызы. Ол туралы нақты жазба деректер аз болғанымен, халық арасында көптеген аңыздар сақталған. Аңыздарға сүйенсек, Гауһар ана ерекше емшілік қасиетімен, ақыл-парасатымен және мейірімділігімен танылған қасиетті тұлға болған. Сондықтан оның есімі халық арасында ерекше құрметпен аталады.

Кесене маңында емдік қасиеті бар деп саналатын жер асты сулары мен құдықтар орналасқан. Халық бұл суды шипалы деп есептеп, арнайы зиярат етеді. Ел арасында Гауһар ананың рухы адамдарға шипа беріп, түрлі дерттен айықтырады деген сенім кең таралған.

Аңыз-әңгімелерде Гауһар ананың өмір сүрген уақыты нақты көрсетілмейді. Кейбір деректерде оның шамамен 1122–1124 жылдары дүниеге келіп, 1187–1197 жылдары өмірден өткені туралы болжамдар кездеседі. Сондай-ақ оның қабірі Ибраһим шайхтың қаны төгілген жерге қойылғаны айтылады. Халық арасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Гауһар ана кесенесінің арасында жер асты жолы болған деген аңыз да бар, алайда бұл ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген.

Гауһар ана кесенесінің алғашқы құрылысы қарапайым төрт қабырғалы, шатыры жоқ мазар түрінде болған. ХХ ғасырдың ортасында ескі кесене бұзылып, кейін археологиялық зерттеулер мен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2014–2015 жылдары «Қазқайтажаңғырту» мекемесі кесенені қайта жаңғыртып, қазіргі қалпына келтірді.

Кесене жобасын Түркістандық сәулетші Жұмахан Жылысбаев жасаған. Жоба барысында ХХ ғасырдың 30-жылдарында кесенені көрген зерттеушілердің жазбалары мен жергілікті тұрғындардың тарихи мәліметтері пайдаланылған.

Бүгінде Гауһар ана кесенесі – тарихи ескерткіш қана емес, маңызды рухани зиярат орны. Мұнда Қазақстанның әр өңірінен және шетелдерден келетін зияратшылар қасиетті ананың рухына тағзым етіп, құран бағыштап, рухани тыныштық табуға келеді.

Гауһар ана кесенесі – Түркістанның рухани тарихымен және Қожа Ахмет Ясауи мұрасымен тығыз байланысты қасиетті орындардың бірі. Ол қазақ халқының тарихи жадын, рухани құндылықтарын және әйел-аналарға деген құрметін танытатын бірегей мәдени мұра болып саналады.

 

Дереккөз: azretsultan.kz, kozhalar.kz