Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Есік сақ қорғандары

Есік сақ қорғандары

Есік сақ қорғандары
Есік сақ қорғандары
1 / 2

Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы — Алматы облысында орналасқан, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілген археологиялық-өлкетану бағытындағы музей. Ол Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында орналасқан.

Есік қорғандары ежелгі Ұлы далада дамыған әйгілі скиф-сақ мәдениетінің маңызды бөлігі болып табылады. Сақ дәуіріне тән аң стилі өнері Еуразия кеңістігінде б.з.б. I мыңжылдықта қалыптасқан ерекше көркемдік бағыт саналады. Көшпелілердің бұл символикалық өнері олардың дүниетанымын бейнелеп қана қоймай, қазіргі қазақ халқының мәдени кодының маңызды негізіне айналған.

1970 жылы Есік қаласы маңында академик К.А. Ақышевтың жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстары кезінде патшалық қорған табылды. Бұл ескерткіш қазіргі таңда «Есік обасы» — әйгілі «Алтын адам» жерленген орны ретінде белгілі. Алтын адамның киімі мен әшекейлері ежелгі көшпелілердің дүниетанымын бейнелейтін ерекше символикалық жүйені көрсетеді. Киімдегі алтыннан жасалған аң-құс бейнелері әлем ағашы идеясының көркем бейнесі ретінде қарастырылады. Мұнда алтын түс құдайлық билік пен жоғары мәртебенің символы болып саналған.

Қазіргі таңда Есік қорғандары және оған жақын орналасқан шамамен 80-ге жуық археологиялық ескерткіш «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қарауында. Бұл аймақ бүгінде туристер үшін ең маңызды тарихи бағыттардың бірі болып саналады.

Қорғаннан табылған алтын бұйымдардың саны 4000-нан асады, сондай-ақ күміс ыдыстар да табылған. Олардың бірінде әлі күнге дейін толық шешілмеген жазу белгілері кездеседі. Ғалымдар бұл жазуларды әртүрлі тұрғыдан зерттеп келеді. Есік қорғанынан табылған жәдігерлер Қазақстанның ежелгі тарихы мен өнерін зерттеуде аса құнды дереккөз болып табылады.

«Алтын адам» бейнесі — тәуелсіз Қазақстанның символына айналған тарихи мұра, ал оның киіміндегі кейбір элементтер Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінде көрініс тапқан.

Музейдің ашылу тарихы Алматы облысындағы археологиялық және мәдени ескерткіштер негізінде музей 1993 жылғы 24 ақпанда Алматы қаласы әкімінің шешімімен №2–440 негізінде ашылды. Сол жылдың шілде айында музей  директоры болып Бағжанов Иманмұхамед Момынұлы тағайындалды.

1998 жылы «Тарих жылы» аясында туризмді дамыту мәселесі көтеріліп, Есік қорғандарында ашық аспан астындағы музей құру тұжырымдамасы жасалды.

1999 жылдың мамырында ресми түрде ашық аспан астындағы музей жұмысын бастады. Алғашқы экспозициялық жұмыстарды музей мамандары ұйымдастырды.

Музей қорында 1081 сақтау бірлігі, оның ішінде негізгі қор — 707 бірлік бар.

2003 жылы музейдің 10 жылдығына орай экспозиция толық жаңартылды. Қазіргі экспозиция төрт залдан тұрады:
Тәуелсіз Қазақстан залы, Өлкетану залы,  Археология залы,  «Есік қорғанының қазынасы» залы

Экспозицияның негізгі бөлігін археологиялық қазба материалдары, әсіресе «Алтын адам» олжасы құрайды.

Қазба жұмыстары негізінен Алматы облысының аумағында жүргізілген. Олардың қатарында Есік, Бесшатыр, Түрген, Боралдай, Кеген сияқты ірі сақ дәуірінің қорымдары бар.

Музей ғимараты бастапқыда 1963 жылы «Юность» кинотеатры ретінде салынған, ал 1993 жылдан бастап музей ретінде пайдаланылып келеді.

Кейінгі жылдары: 2004 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілді,  2010 жылы экспозиция толық жаңартылып, күрделі қайта рәсімделді. 

 

Дереккөз: kk.wikipedia.