Домбауыл кесенесі Ұлытау ауданында, Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 58 шақырым жерде, Қаракеңгір өзенінің оң жағалауында орналасқан. Ғалымдардың пікірінше, бұл - Орталық Қазақстандағы ең көне сәулет ескерткіштерінің бірі. Кесене ислам діні кең таралмай тұрған кезеңде, шамамен VIII-IX ғасырларда тұрғызылған деп есептеледі. Архитектуралық ерекшеліктері жағынан ол Қосүйтас, Қарадың және басқа да көне кешендермен ұқсас келеді.
Халық арасында сақталған аңыздарға қарағанда, кесене батыр әрі күйші Домбауылдың құрметіне салынған. Оның өмірі туралы деректер тарихи оқиғалар мен аңыздардың тоғысқан тұсында жатыр. Қазақ аңыздарында Домбауыл Жошы ханның сенімді серігі, ақылшысы және мергені ретінде сипатталады. Бұл пікірді Жошы хан кесенесі мен Домбауыл кесенесінің бір-біріне жақын орналасуы да жанама түрде дәлелдей түседі. Қазақ халқы жер-су атаулары мен тарихи орындарға ерекше мән бергенін ескерсек, халық жадында сақталған бұл деректердің өзіндік негізі бар деуге болады.
Домбауылдың есімін кейін оның ұлдары Кет-Бұқа мен Кел-Бұқа даңққа бөлеген. Олар өз дәуірінің белгілі күйшілері болған. Кейбір зерттеушілер әйгілі «Ақсақ құлан» күйінің авторы Кет-Бұқа болуы мүмкін деген пікір айтады.
Кесене сәулет жағынан ерекше құрылыс саналады. Ғимарат төртбұрышты негізге тұрғызылған конус тәрізді пішінге ие. Биіктігі бес метрден асады. Қабырғалары үлкен тас тақталардан қаланған. Төменгі бөлігі шаршы үлгісінде салынып, оның үстіне киіз үйге ұқсас күмбез орнатылған. Негізгі бөлігінің көлемі 8,9×7,9 метр болса, қабырғаларының қалыңдығы шамамен екі метрге жетеді. Ішкі аумағы 4×4 метр, ал кіреберісі оңтүстік-шығыс бағытқа қаратып жасалған. Кесенеге биіктігі 1,2 метр болатын төрт баспалдақ арқылы кіреді.
Ғимараттың ішкі құрылысында да көне құрылыс дәстүрлері сақталған. Қабырғалары шамамен үш метр биіктікке дейін көтеріліп, үсті көлденең бөренелермен жабылған. Тастарды бекіту үшін ағаш пен лай пайдаланылған. Мұндай құрылыс тәсілі қола дәуірінен келе жатқан ежелгі сәулет өнерінің жалғасы болып саналады. Төбесін жабу кезінде де осы әдістер қолданылған.
Домбауыл кесенесі ұзақ уақыт бойы жақсы сақталғанымен, уақыт өте келе кей бөліктері бүлінген. Оның нақты қай жылы салынғаны әзірге анықталмаған. Дегенмен сыртқы келбеті мен құрылыс ерекшеліктеріне қарап, ғалымдар оны ислам мәдениеті толық орнықпаған кезеңге жатқызады. Қазақ арасында мұндай киіз үйге ұқсатып салынған тас құрылыстарды «үйтас» немесе «дің» деп атаған. Олар әсіресе Орталық Қазақстан мен Торғай өңірінде кең таралған.
Ертеде мұндай кесенелер тек жерлеу орны ғана емес, көшпелі жолаушылар үшін уақытша паналайтын орын қызметін де атқарған. Жолаушылар мазарларға түнеп, кейін келетін адамдар үшін ішін тазартып кетіп отырған. Қазақ халқы мазарларды қасиетті орын деп санап, ерекше құрмет көрсеткен. Олар мұндай жерлерді киелі мекен ретінде қабылдап, қадір тұтқан.
Домбауыл кесенесіне ұқсас ескерткіштердің бірі Қара Жыланды өзені бойындағы Қараның кесенесі болып табылады. Бұл екі ескерткіштің құрылыс үлгісі мен сәулеттік шешімдерінде ортақ белгілер көп кездеседі.
Кесене туралы алғашқы ғылыми мәліметтерді Шоқан Уәлиханов өз еңбектерінде жазып қалдырған. Кейін 1947 жылы Әлкей Марғұлан жетекшілік еткен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы ескерткішті жан-жақты зерттеді. Ал 1973 жылы арнайы экспедиция мүшелері кесенеде өлшеу, суретке түсіру және топографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1974 жылы М. А. Маманбаевтың жетекшілігімен қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, ғимараттың бұрыштары мен кіреберісі жөнделді, еденіне тас тақталар төселіп, айналасы абаттандырылды.
Бүгінде Домбауыл кесенесі - Ұлытау өңірінің көне тарихынан сыр шертетін, қазақ халқының сәулет өнері мен рухани мәдениетін танытатын маңызды тарихи мұралардың бірі.
Дереккөз: e-history.kz