Боралдай сақ қорғандары кешені — Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне және Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізбесіне енгізілген маңызды археологиялық ескерткіш. Ол Алматы қаласының солтүстік-батысындағы Боралдай кентінің оңтүстік-шығыс бөлігінде, Үлкен Алматы өзенінің сол жағалауында орналасқан. Ескерткіштің мерзімі — б.з.б. VI–III ғасырлар.
Бұл кешен мегаполис аумағында орналасқанымен, өзінің ерекше тарихи құндылығын сақтаған сирек археологиялық нысан болып табылады. Оның басты ерекшелігі — темір дәуірінен жеткен және қалаға өте жақын орналасса да, бұзылмай сақталған жалғыз сақ обаларының бірі болуы.
Жалпы аумағы шамамен 430 гектарды қамтитын бұл жерде сақ және үйсін тайпаларының ақсүйек әулеттеріне тиесілі 52 жерлеу орны орналасқан. Қорғандардың биіктігі 10–14 метрге дейін, ал кейбірінің диаметрі 100 метрге дейін жетеді. Олар солтүстіктен оңтүстікке қарай тізбектеле орналасқан: солтүстігінде ұсақ обалар, ал оңтүстігінде ірі, беделді адамдарға арналған қорғандар шоғырланған.
Ең ірі қорғандардың маңында тас құрбандық орындары және сақ дәуіріне тән аң стиліндегі тас бедерлі обелисктер сақталған. Археологтардың болжамынша, шеткері орналасқан кіші қорғандар кейінірек, түркі дәуірінде салынуы мүмкін, әрі олар қарапайым қоғам өкілдеріне тиесілі болған.
Кешен маңында сақ дәуірінің тұрғын үйлері мен жерлеу орындарының реконструкцияланған макеттері орналасқан. Бұл келушілерге ежелгі сақтардың өмір салты мен тұрмыс-тіршілігін көзбен көруге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл аймақ ашық аспан астындағы музей ретінде ғылыми, мәдени және білім беру тұрғысынан аса маңызды табиғи-тарихи кеңістік болып саналады.
Бұл кешен ұзақ уақыт бойы ғылыми айналымға белгісіз болып келген. Ол 2006 жылы аэротүсірілім және 3D модельдеу кезінде анықталған. Кейін Алматы қаласының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің бастамасымен аумақ қоршалып, жүйелі археологиялық зерттеулер басталған. 2018 жылы Боралдай сақ қорғандары жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енгізілді.
Ғалымдардың пайымынша, бұл жерде б.з.б. VIII–III ғасырларда сақ тайпалары, ал кейінірек б.з.б. III – б.з. III ғасырларында үйсін тайпалары өмір сүрген. Археологиялық зерттеулер кешенде негізінен билеуші әулеттер мен жоғары лауазымды тұлғалар жерленгенін көрсетеді.
Қорымдардың биіктігі бастапқыда бұдан да үлкен болуы мүмкін, алайда уақыт өте жер бедерінің өзгеруіне байланысты олардың көлемі қазіргі күйінде сақталған. Биік қорғандарды тұрғызу үшін алынған топырақ іздері әлі күнге дейін байқалады.
Кешеннің ұзындығы шамамен 3 км, ені 800 м. Мұнда келушілерге арнап археологиялық деректер негізінде жасалған макеттер қойылған. Қазба нәтижелері көрсеткендей, сақтар қайтыс болған адамдарды ыдыс-аяқтарымен бірге жерлеген, бұл олардың өлімнен кейінгі өмірге сенгенін білдіреді. Кейбір қорымдардан жылқылармен бірге жерленген адамдар да табылған, ал жылқылардың кейбірі алтынмен әшекейленген.
Мамандардың пікірінше, мұндай жерлеулер көбіне әскери және әлеуметтік элита өкілдеріне тиесілі болған.
Кешен аумағында сондай-ақ сақ дәуірінің тұрғын үйі қайта қалпына келтірілген. Ол б.з.д. IV ғасырға жатады және сыртынан қарағанда лашыққа ұқсаса да, ішкі құрылымы мен төбесі киіз үйге ұқсас дәстүрлі формада жасалған. Бұл құрылыс алғаш рет өткен ғасырдың 1970 жылдары Медеу маңындағы қазба кезінде табылған және сол күйі сақталған.
Боралдай сақ қорғандары Алматы аумағындағы ерте темір дәуірінен сақталған бірегей археологиялық ескерткіш болып саналады және бүгінгі күнге дейін ғылыми тұрғыдан маңызды зерттеу нысаны болып келеді.
Дереккөз: kk.wikipedia.org. www.aikyn.kz