Боралдай петроглифтері - Шымкент қаласының солтүстігінен шамамен 70 шақырым жерде, Боралдай өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан. Бұл жер өзінің табиғи сұлулығымен ғана емес, көне тарихтың үнсіз куәгері болған жартас суреттерімен де ерекшеленеді. Бүгінде Боралдай петроглифтері Қазақстандағы маңызды археологиялық ескерткіш.
Жартас суреттері туралы алғашқы мәліметтер 1905 жылы «Туркестанские ведомости» газетінде жарияланған. Ал 1924 жылы бұл ескерткіштерді зерттеумен Петр Иванович Комаров айналысты. Ол петроглифтер туралы ақпаратты жергілікті тұрғын Молда-Темірден естіп, кейін Ф.С. Шпотинмен бірге суреттерді зерттеп, олардың көшірмелерін жасаған.
Жергілікті халық ұзақ уақыт бойы бұл таңбалар мен суреттерді қалмақтардан қалған мұра деп есептеген. Алайда П.И. Комаров бұл пікірмен келіспеген. Оның ойынша, жартас бетіндегі таңбалар әлдеқайда көне кезеңге жатады және оларды басқа бір халық қалдырған болуы мүмкін. Ғалым тастардың сыртқы көрінісіне қарап, олардың кем дегенде мың жылдық тарихы бар екенін болжаған.
1904 жылы Комаров пен Шпотин Боралдай өзеніне құятын екі шағын өзеннің арасындағы төбеде орналасқан көне ғибадатхананың негізгі суреттерін зерттеді. Бұл зерттеулер Боралдай петроглифтерін ғылыми тұрғыдан танудың алғашқы қадамдары болды.
Кейінгі жылдары ескерткішті көптеген ғалымдар зерттеді. 1980-жылдары М.Қ. Қадырбаев пен А.Н. Марьяшев, ал 1986 жылы А.С. Мырзабеков петроглифтердің хронологиясын анықтап, олардың мазмұны мен мағынасын зерттеуге үлкен үлес қосты. 1995 және 1997 жылдары зерттеу жұмыстары жалғасып, петроглифтерді «Ордабасы» тарихи-мәдени қорығының, Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мамандары қарастырды.
2002 жылы Боралдай петроглифтері туралы маңызды ғылыми мақала жарияланды. Онда суреттердің негізгі сюжеттері жүйеленіп, қазақ руларының таңбалары зерттелді және олардың қай руға тиесілі екендігі анықталды.
1989-2005 жылдар аралығында археолог әрі ескерткіштерді қорғау саласының маманы А.Н. Грищенко Боралдай петроглифтерін жан-жақты зерттеп, көптеген суреттерді фотосуретке түсірді. Ол өзеннің оң жағалауынан бұрын белгісіз болған бірнеше жаңа петроглифтер тобын анықтады.
2007 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Археология институты мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірлескен экспедициясы зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Соның нәтижесінде Боралдай петроглифтері туралы ғылыми мәліметтер толықтырылып, олардың тарихи маңызы тереңірек ашылды.
Боралдай өзенінің жоғарғы бөлігіндегі петроглифтер Теректі шатқалының жартастары мен төбе басындағы тегіс тас беттеріне қашалған. Бұл өңірден жартас суреттерімен қатар көптеген археологиялық ескерткіштер де табылған.
Солардың ішінде ерекше назар аударатыны - құрбандық шалу рәсімдеріне арналған шұңқырлар ойылған үлкен тас. Ғалымдардың пікірінше, мұндай шұңқырлар адамдардың жын-перілерден қорғану, үй жануарларын сақтау және табиғат күштерін құрметтеу мақсатында өткізген көне салт-жоралғыларымен байланысты болған.
Теректі шатқалында ежелгі көшпенділердің өмір сүргенін көптеген оба қорымдары дәлелдейді. Сонымен қатар өлкетанушы Қ. Ағабеков тапқан көне түркі тас мүсіні де үлкен тарихи құндылыққа ие. Мамандардың пікірінше, бұл мүсін түркі дәуіріне жатады және VI-VII ғасырларда жасалған. Оның жоғары шеберлікпен өңделуі сол кезеңдегі тас қашау өнерінің дамығанын көрсетеді.
Археологиялық зерттеулер кезінде тағы бір маңызды олжа - ортағасырлық құмыра табылған. Құмыра шамамен бір метр тереңдіктен шыққан. Оның биіктігі 40 сантиметр болса, диаметрі 30 сантиметрді құрайды. Ерекше назар аударатын тұсы - құмыраның сыртында жеті жұлдыз пішінінде безендірілген үш медальонның болуы. Бұл жәдігер ортағасырлық қолөнердің жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді.
Теректі шатқалынан табылған көне заттар мен бүгінге дейін қасиетті саналатын бұлақтар бұл өңірдің мыңдаған жылдар бойы адамдар үшін ерекше маңызды болғанын дәлелдейді. Мұны қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі кезеңдерді қамтитын Боралдай петроглифтері де айқын көрсетеді.
Дереккөз: el.kz