Беғазы–Дәндібай мәдениеті — қола дәуірінің соңғы кезеңінде (б.з.б. IX–VIII ғасырлар) Орталық Қазақстан аумағын мекендеген тайпалардың ерекше археологиялық мәдениеті мен өнерінің жарқын үлгісі. Бұл мәдениет атауын көне ескерткіштер сақталған Беғазы және Дәндібай жер атауларынан алған. Беғазы атауы Беғазы тауы, Беғазыбұлақ және Беғазы өзенімен байланысты болса, Дәндібай да тарихи жер атауы ретінде белгілі. Осы екі атау біріктіріліп, ежелгі өркениет ошағы «Беғазы–Дәндібай мәдениеті» деп аталды.
Бұл тарихи мұраны алғаш ғылыми тұрғыда зерттеп, оның қазақ тарихындағы маңызын дәлелдеген әйгілі ғалым, академик Әлкей Марғұлан болды. Оның жетекшілігімен ұйымдастырылған археологиялық экспедициялар 1947–1949 және 1952 жылдары Беғазы–Дәндібай ескерткіштеріне кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тек Қазақстан тарихы үшін ғана емес, жалпы адамзат өркениетінің ежелгі кезеңдерін түсіндіретін маңызды ғылыми тұжырымдар жасалды.
Беғазы–Дәндібай мәдениетінің негізгі аймағы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай кентінің маңында орналасқан. Осы мәдениетті қалыптастырған тайпалар батыста Ұлытау, шығыста Абыралы мен Шыңғыс таулары, оңтүстікте Жетіқоңыр өңірінен бастап Ертіс өзеніне дейінгі кең аумақты мекендеген. Олар Нұра, Сарысу, Қаракеңгір өзендерінің бойын, Қызылтау, Бұғылы, Қызыларай, Қарқаралы және Баянауыл таулары аралығындағы жазықтарды қоныс еткен.
Бұл мәдениет қола дәуірінің соңғы кезеңінде қалыптасқан археологиялық мәдениет ретінде ерекшеленеді. Андрон мәдениетінің кейбір белгілері сақталғанымен, жаңа үлгідегі тұрғын үйлер, кесенелер және жерлеу дәстүрлері пайда болды. Әсіресе, қоғамның беделді адамдарына арнап салынған ірі тас кесенелер сол заман сәулет өнерінің ерекше жетістігі болып саналады. Қабірлерде мәйітті бір қырынан жатқызып жерлеумен қатар, шалқасынан қою дәстүрі де кездескен. Марқұмдардың қасына қару-жарақтар, әшекей бұйымдар, түрлі тұрмыстық заттар қойылған.
Керамикалық ыдыстардың пішіні мен өрнектері де өзіндік ерекшеліктерімен көзге түседі. Ыдыстардың сыртына шырша, жарты ай, тырнақ және шекілдеуік тәрізді өрнектер түсірілген. Кейбір құмыралар мен тостағандардың беті сүйек қалыптармен әсем безендірілген.
Беғазы–Дәндібай мәдениетінің ең маңызды ерекшеліктерінің бірі — күрделі сәулет үлгісіндегі тас кесенелердің салынуы. Мұндай ескерткіштер қатарына Ақсу-Аюлы, Бұғылы, Беғазы, Дәндібай, Ортау сияқты нысандар жатады. Кесенелер дөңгелек немесе төртбұрышты пішінде салынып, төбелері жалпақ тастармен не бөренелермен сатылы-пирамидалық әдіспен жабылған. Орталық бөлігінде үлкен тас жәшіктер орналасып, мәйіттер сол жерге жерленген.
Осы кезеңде Орталық Қазақстанда Кент, Бұғылы, Шортандыбұлақ, Қарқаралы, Ақкөзен, Ұлытау сияқты ірі қоныстар қалыптасты. Тұрғын үйлер бірнеше бөлмеден тұратын тас құрылыстар түрінде салынған. Сонымен қатар жеркепелер мен киіз үйге ұқсас жеңіл баспаналар да кездескен. Үйлердің ішінде тастан жасалған төртбұрышты ғибадат орындары болған.
Бұл тайпалардың негізгі кәсібі мыс өндіру мен металл балқыту, қыш жасау, мал шаруашылығы және егіншілік болды. Олар күнге, отқа, суға табынумен қатар, жылқы, қой, түйе секілді жануарларды қасиетті санаған. Қасқыр мен аю сияқты жыртқыш аңдарға да ерекше құрмет көрсетілген. Мұндай бейнелер Қойшоқы, Ақсу-Аюлы, Қызыларай ескерткіштеріндегі тас суреттерден кездеседі.
Беғазы–Дәндібай мәдениетінің тұрғындары әлеуметтік жағынан дамыған, беделді рубасылары басқарған, діни наным-сенімдері қалыптасқан тайпалар болды. Олар алғашқы мемлекеттік бірлестік құру деңгейіне жетіп, көрші өңірлермен тығыз байланыс орнатқан. Бұл мәдениет Оңтүстік Оралдағы Замараев мәдениетімен, сондай-ақ Алтай мен Енисейдегі Қарасұқ мәдениетімен саяси және экономикалық қарым-қатынаста болған.
Бұл мәдениеттің басты ерекшелігі — бұрынғы қола дәуірі дәстүрлерінің негізінде жаңа мәдени үлгілердің қалыптасуы. Қыш ыдыстардың жасалуы, сәулет өнері, жерлеу рәсімдері мен рухани дүниетаным қоғам өмірінің жаңа деңгейге көтерілгенін дәлелдейді. Ғалымдар Беғазы–Дәндібай мәдениетін Қазақстан тарихындағы ежелгі өркениеттің ең маңызды кезеңдерінің бірі деп есептейді. Қорымдардан табылған қыш ыдыстар, қару-жарақтар мен әшекей бұйымдар сол дәуірдегі тайпалардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен дүниетанымы туралы құнды мәлімет береді.
Дереккөз: kk.wikipedia.