Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі

Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі

Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі
Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі
Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі
1 / 3

Баба түкті Шашты Әзіз мазары - Қазақстандағы қасиетті орын. Ол Түркістан облысы Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылының маңындағы Жылыбұлақ өңірінде орналасқан. Ғасырлар бойы халық бұл жерді киелі мекен санап, зиярат етіп келеді. Қаратаудың солтүстік-шығыс бөлігінде, Қызылкөл көлінің жағасында орналасқан кесене бүгінде үлкен қорымның ортасында тұр.

Қазақ халқының танымында Баба түкті Шашты Әзіз ерекше құрметке ие әулиелердің бірі болып саналады. Ел арасында ол қиын кезеңде жәрдем сұрайтын, түс арқылы аян беретін, жаугершілік замандарда рухани демеу болатын қасиетті тұлға ретінде танылған. Оның есімі халық ауыз әдебиетінде, батырлар жырында және түрлі аңыздарда жиі кездеседі.

Фольклорлық деректерде Баба түкті Шашты Әзіз тек әулие ғана емес, сонымен қатар ерекше күш иесі, батыр тұлға ретінде сипатталады. Ежелгі замандарда тәңіршілдік дәуіріндегі бақсылар оны аруақ әрі пір ретінде қадірлеген болса, кейін ислам діні кең тараған кезеңде мұсылмандар арасында әулие ретінде мойындалған. Тарихи және аңыздық мәліметтерде оның есімі Ислам дінін Орта Азия мен Қазақстан жеріне насихаттаушылардың бірі болған Ысқақ бабтың замандасы әрі серігі ретінде аталады.

Баба түкті Шашты Әзізге қатысты кең тараған аңыздардың бірі Едіге батырдың дүниеге келуімен байланысты. Аңыз бойынша, әулие бір күні өзен жағасында намаз оқып отырған кезде пері қызды кездестіреді. Кейін екеуі шаңырақ көтереді. Алайда пері қыз қойған шарттардың бірі бұзылған соң, ол: «Құрсағымда алты айлық балаң бар. Оны Құмкент жеріне қалдырамын, барып тауып ал», - деп көкке ұшып кетеді. Баба түкті Шашты Әзіз айтылған жерге барып, құндақтаулы сәбиді тауып алып, оған Едіге деген есім береді. Осы себепті халық арасында Едіге батырды Баба түкті Шашты Әзіздің ұлы деп есептейтін аңыз сақталған. Бұл оқиға «Едіге батыр» жырында да көрініс тапқан.

Кесененің киелілігі туралы көптеген әңгімелер халық жадында сақталған. Соның бірі бойынша, бұрын бұл өңірде поляк қоныстанушылары тұрған кезде дәулетті бір адам монша салмақ болып, құрылысқа кесененің кірпіштерін пайдалануды бұйырған. Алайда кесенені бұза бастаған жұмысшының қолы дірілдеп, жұмысты жалғастыра алмай қалған деседі. Ал кесене кірпіштері пайдаланылған моншада кейін қайғылы оқиға орын алғаны жөнінде аңыз айтылады. Мұндай оқиғалар халық арасында кесененің қасиетті орын екенін дәлелдейтін дерек ретінде таралған.

Қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы да күреске шығар алдында Баба түкті Шашты Әзіздің рухына сыйынып, қолдау тілегені туралы деректер сақталған. Жалпы, қазақ батырлары мен палуандары аруаққа құрмет көрсетіп, рухани күш сұрауды ежелден дәстүрге айналдырған.

Баба түкті Шашты Әзіздің есімі «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Шора батыр» сияқты көптеген эпостық жырларда кездеседі. Сонымен қатар Алтын Орда дәуірінің көрнекті мемлекет қайраткері Едіге би де Баба түкті Шашты Әзізді өзінің арғы атасы санағаны туралы мәліметтер бар.

Бүгінде Баба түкті Шашты Әзіз мазары - халқымыздың рухани мұрасын айқындайтын, тарихи және мәдени маңызы зор қасиетті орындардың бірі. Кесене ғасырлар бойы сақталған аңыздар мен тарихи деректерді тоғыстырып, қазақ халқының дүниетанымы мен рухани құндылықтарын танытатын маңызды ескерткіш болып табылады.

 

Дереккөз: qazir.kz