Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Ақыртас

Ақыртас

Ақыртас
Ақыртас
Ақыртас
Ақыртас
1 / 4

Ақыртас - Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ теміржол станциясынан 6 шақырым оңтүстікте, Қырғыз Алатауының баурайында орналасқан. Бұл алып тас құрылыс шамамен екі ғасыр бұрын анықталғанымен, оның нақты қандай мақсатта салынғаны әлі күнге дейін толық шешімін таппаған. Сол себепті Ақыртас Қазақстандағы ең жұмбақ әрі ерекше тарихи ескерткіштердің қатарына жатады.

Ескерткішті зерттеу жұмыстары 150 жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді. Ақыртасқа алғаш назар аударған адам - орыс суретшісі М.С. Знаменский. Ол 1864 жылы генерал М.Г. Черняевтың әскери экспедициясы құрамында осы жерге келіп, тас қабырғалардың сызбаларын жасап, құрылыстың көріністерін қағазға түсірген.

Кейінгі жылдары Ақыртастың құпиясын ашуға көптеген белгілі археологтар, шығыстанушылар мен өлкетанушылар атсалысты. Олардың қатарында П.И. Лерх, В.В. Бартольд, А.Н. Бернштам, К.М. Байпақов және басқа да ғалымдар болды. Зерттеушілердің пікірінше, Ақыртас ортағасырлық деректерде кездесетін Касрибас қаласымен байланысты болуы мүмкін. Бұл атау Ибн Хордадбек пен Құдама еңбектерінде Тараздан Құланға дейінгі сауда жолы бойындағы елді мекендердің қатарында аталады.

XIII ғасырдың басында осы өңірге келген қытайлық саяхатшы Чан-Чун өз күнделігінде қызыл тастан салынған үлкен құрылысты көргенін жазған. Ол бұл жерді ежелгі әскери қонысқа ұқсатады. Бұл дерек Ақыртас туралы сақталған ең маңызды ортағасырлық мәліметтердің саналады.

1992 жылдан бастап Ақыртаста профессор К.М. Байпақов жетекшілік еткен археологиялық экспедиция тұрақты түрде зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазба барысында негізгі сарай кешенінен бөлек бірнеше маңызды нысандар анықталды.

Ең ауқымды құрылыс - сарай-бекініс. Ол биік жерге салынған және алыстан анық көрінеді. Құрылыстың көлемі 162 × 138,5 метрді құрайды. Қабырғалары үлкен қызыл тас блоктардан қаланған, бұрыштары дөңгелек мұнаралармен нығайтылған. Сарай төрт бөліктен тұрады. Оның құрамында мешіт, тұрғын бөлмелер, айвандар және шаруашылыққа арналған үй-жайлар орналасқан.

Сарайдың солтүстік жағынан XIII-XIV ғасырларға жататын қала сыртындағы қоныстар мен керуен-сарайдың қалдықтары табылған. Бұл орындар Ұлы Жібек жолымен жүрген саудагерлердің аялдайтын жері болған деп есептеледі.

Ақыртастан оңтүстік-батысқа қарай шамамен бір шақырым жерде орналасқан «Қамал» бекінісі де ерекше назар аударады. Археологиялық деректер бұл құрылыстың VIII-IX ғасырларда салынғанын көрсетеді. Бекініс тұрғызылған кезде қызыл тас пен саз балшық кеңінен пайдаланылған.

Кешеннің шығыс бөлігінде көлемі 250 × 250 метр болатын сарай алды бау-бақша орналасқан. Бұл жердің сәндік әрі шаруашылық мақсатта пайдаланылғаны байқалады.

Ақыртас құрылысына қажетті материалдар арнайы өндірілген. Қызылтас шоқысының шығыс беткейінде ұзындығы 400 метрге дейін жететін тас карьері анықталған. Мұнда өңделген және жартылай өңделген тас блоктардың іздері бүгінге дейін сақталған.

Кешеннен жарты шақырым жерде орналасқан топырақ карьерінен кірпіш пен қыш бұйымдарын жасауға қажетті сары топырақ алынған. Бұл жерден кірпіш күйдіретін пештердің қалдықтары, күл мен күйдірілген кірпіш сынықтары табылған.

Ақыртастың тіршілігі үшін аса маңызды болған нысандардың қатарында су қоймалары - хауздар бар. Солтүстік бөлікте орналасқан екі үлкен су қоймасы мыңдаған текше метр су сақтауға мүмкіндік берген. Батыстағы хауздың көлемі 3200 текше метрге дейін су жинауға арналған.

Кешен маңынан ерте темір дәуіріне жататын қорымдар да анықталған. Олар ежелгі өзен арнасының бойында, тау бөктерінде орналасқан.

Ақыртастың қорғаныс жүйесінде қарауыл мұнарасының маңызы зор болған. Қызылтас шыңдарының бірінде салынған бұл мұнара арқылы қауіп туралы хабар берілген. Мұнда арнайы алаң жасалып, от жағу арқылы түтінмен белгі жіберілген. Осылайша айналадағы қоныстар мен бекіністер арасында байланыс орнатылған.

Бүгінде Ақыртас тек археологиялық ескерткіш қана емес, Қазақстан тарихындағы ең жұмбақ әрі құнды мәдени мұралардың қатарына жатады. Ғалымдардың зерттеулері жалғасып жатқанымен, бұл кешен әлі де көптеген құпиясын сақтап отыр.

 

Дереккөз: ezhelgi-taraz.kz