Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Ақмешіт үңгірі

Ақмешіт үңгірі

Ақмешіт үңгірі
Ақмешіт үңгірі
Ақмешіт үңгірі
1 / 3

Ақмешіт әулие үңгірі – Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында орналасқан, әктасты жыныстар қабатында табиғи жолмен қалыптасқан ойық-жарқабақты үңгір. Оның жалпы ұзындығы 254 м, ені 65 м, биіктігі шамамен 25 м. Үңгірдің қабырғаларындағы жарықтардан мезгіл-мезгіл су тамшылап тұрады. Ішкі көрінісіне қарағанда, оның жоғарғы саңылауы киіз үйдің шаңырағына ұқсап көрінеді.

Ел аузында бұл жерде бір кездері әулие кісі әулетімен бірге киіз үй тігіп, саты арқылы жоғары-төмен қатынап жүргені туралы аңыз да айтылады. Қазіргі күнге дейін бала көтермеген ерлі-зайыптылар мен науқас адамдар үңгірге келіп түнеп, зиярат етіп, мінәжат жасайды. Ақмешіт үңгіріне қатысты аңыз-әңгімелер өте көп.

Сол аңыздардың бірі Есіркеп Қойгелді батырға байланысты айтылады. Батыр қалмақтарға қарсы жорыққа шыққан сәтте кенеттен қатты нөсер жауын басталып, он мыңнан астам сарбаз осы үңгірге паналауға мәжбүр болады. Сол жерде олар таң намазын оқиды. Үңгір атауы белгісіз болғандықтан, жауынгерлердің бірі оны батырдың есімімен атауды ұсынады.

Алайда Есіркеп Қойгелді батыр бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы шығып, былай деген екен:
«Бұл – Қаратаудың қасиеті дарыған мекен. Бізді де, астымыздағы аттарды да жауыннан қорғап қалды. Намаз оқуымызға мүмкіндік берді. Үңгір ішіндегі тастар да аппақ, ерекше әсер қалдырады. Мұның қасиеті осы шығар. Сондықтан оны “Ақмешіт” деп атайық».

Содан бері бұл қасиетті орын халық арасында “Ақмешіт” атауымен сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді.

Үңгірдің географиялық орналасуы мен құрылымын зерттеген мамандар оның әктас қабаттарының табиғи ойылуы нәтижесінде пайда болғанын айтады. Ішкі көрінісі қарағанда саңылаудың пішіні киіз үйдің шаңырағын еске салады.

Нысан ішінде ұзындығы шамамен 7–8 метр болатын үлкен жырық жол бар. Зиярат етуге келген адамдар осы жарық бойымен жоғары көтеріліп, өздерінің арман-тілектерін, дұғаларын Аллаға арнайды. Бұл дәстүрдің нақты қашан қалыптасқаны белгісіз.

Тағы бір кең тараған аңыз бойынша, ертеде үңгір ішінде көп адам жиналып, намаз оқып, құлшылық жасайтын мешіт тәрізді қасиетті орын болған.

«Осындағы мешітке кіретін жасырын жолдар болған. Алайда екі ғасыр бұрын күмбездің бір бөлігі құлап, үңгірге үлкен саңылау пайда болып, кейін жер қыртысының өзгеруінен бұрынғы құпия жолдар жабылып қалған», – дейді жергілікті өлкетанушылар.

Үңгір арнайы биолокациялық құралдармен тексерілгенде, адам денсаулығына кері әсер ететін геомагниттік немесе микротолқындық ауытқулар анықталмаған. Яғни, бұл үңгірде адам ағзасына зиян келтіретін биоэнергетикалық әсер жоқ екені дәлелденген.

 

Дереккөз: kk.wikipedia, egemen.kz