Абат-Байтақ кесенесі - XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың басында салынған сәулет өнерінің маңызды ескерткіші. Ол Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Талдысай кентінен оңтүстікке қарай шамамен 12 шақырым жерде, Қобда өзенінің аңғарындағы Абат-Байтақ қорымында орналасқан.
Халық аңыздары бойынша, кесене әйгілі ойшыл Асан қайғы жыраудың ұлы Абат батырға арналып салынған. Абат батыр Бесқопа аңғарында кенеттен қайтыс болғаннан кейін, оны еске алу үшін бүкіл өңір халқы бірігіп, бұл кесенені тез арада тұрғызған делінеді. Осы себепті оның атауына «Байтақ» (кең, ұлан-ғайыр) сөзі қосылған. Дегенмен, сәулеттік ерекшеліктері оның төрелерге тән жоғары мәртебелі құрылыс екенін көрсетеді.
Кесене құрылымы төртбұрышты негізге құрылған. Оның үстінде 11 қырлы тұғырға орнатылған шошақ күмбез орналасқан. Сыртқы өлшемі шамамен 9,52 х 9,8 метр, бастапқы биіктігі 16 метр, ал бүгінгі сақталған биіктігі 14,5 метр. Құрылысы негізінен күйдірілмеген кірпіштен қаланып, ішкі жағы балшықпен сыланған, сыртқы бөлігі күйдірілген кірпішпен қапталған.
Абат-Байтақ кесенесі архитектуралық тұрғыдан қос күмбезді шатырлы құрылысқа жақын, сондай-ақ кей зерттеулерде ол порталды-күмбезді ескерткіш ретінде сипатталады. Ішкі кеңістік те төртбұрышты жоспармен салынған. 8 және 16 қырлы құрылымдардың біртіндеп күмбезге көтерілуі ғимаратқа жеңіл әрі үйлесімді көрініс береді. Қабырғаларында арқалық ойықтар мен сәндік өрнектер бар. Бұл ескерткіштің сәулеттік стилі Хорезм мектебінің және Арслан, Текеш, Көк-Кесене сияқты ортағасырлық ескерткіштердің үлгісіне ұқсайды.
Кесене орналасқан қорымда 200-ден астам құлыптас сақталған. Олар көбіне ақ және ақсұр әктастан қашалған, биіктігі 1,2-2 метр аралығында. Бұл құлыптастардан XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ шеберлерінің қолтаңбасы анық байқалады. Көптеген тастарда қайтыс болған адамның есімі, өмірбаяны араб қарпімен жазылған, кейбірінде ру таңбалары қашалған. Қорым мемлекет қорғауына алынған.
Абат-Байтақ кесенесі туралы алғашқы деректер XIX ғасырда француз саяхатшысы Жозеф Кастанье жетекшілік еткен экспедиция жазбаларында кездеседі. Кейін XX ғасырдың 70-жылдарында ғалым Мұхаметқазы Меңдіқұлов зерттеу жүргізген, ал 1979-1980 жылдары «Қазреставрация» бірлестігінің экспедициясы ескерткішті толық зерттеген. 1983 жылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
Зерттеулер нәтижесінде кесененің бұрынғы қасбеті өте биік болғаны анықталған: қалыңдығы шамамен 3 метр, биіктігі 5 метрге жуық, ал жалпы биіктігі 16 метрге дейін жеткен. Кей деректер бойынша, сол кезеңде кесененің төбесі алыстан көрінуі үшін алтын түсті бояулармен өрнектелген болуы мүмкін деген болжам бар.
Кейінгі жылдары кесене қайта қалпына келтірілді және түпнұсқа сәулеттік үлгі сақталды. Қалпына келтіру үшін тіпті Қобда ауданында ортағасырлық үлгідегі кірпіш шығаратын шағын зауыт іске қосылған.
Сонымен қатар, Абат-Байтақ кесенесіне ұқсас ескерткіштің көшірмесі Ресейдің Челябинск облысынан табылған. Бірақ ол нысан Кеңес кезеңінде қайта жаңғыртудан өткен.
2007 жылы кесене қайта жаңартылып, республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш ретінде қорғауға алынды, оны сақтауға 30 миллион теңге бөлінген.
Дереккөз: inform.kz