Жамбыл мұражайы - қазақтың ұлы ақыны әрі жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылық мұрасын сақтап, насихаттайтын маңызды тарихи-мәдени орталық. Мұражай Алматы облысы, Жамбыл ауданының Жамбыл ауылында орналасқан және 1946 жылы Қазақстан Үкіметінің шешімімен ақын тұрған үйдің негізінде ашылған.
Мұражай Алатаудың Майтөбе сілемдеріне жақын орналасқан көркем өңірде, ақынның өмірінің соңғы жылдары өткен қасиетті мекенде орналасқан. Оның аумағында Жамбылдың көзі тірісінде отырғызылған ағаштар әлі күнге дейін сақталған. Сол бақтың ішінде 1946 жылы салынған Жамбыл кесенесі бой көтерген. Кейін кесене 1970 және 1996 жылдары қайта жөндеуден өткізіліп, ақ мәрмәрмен қапталды. Кесененің дәл ортасында ұлы ақынның құлпытасы орнатылған, ал оның жанында ақынның киесі саналған қызыл шұбар жолбарыстың мүсіні қойылған.
Мұражайдың ең құнды ерекшеліктерінің бірі - Жамбыл өмір сүрген үйдің бастапқы қалпы толық сақталғаны. Үйдегі он екі бөлменің әрқайсысында ақын өміріне қатысты тарихи жәдігерлер мен құнды экспонаттар қойылған. Әрбір зат Жамбылдың өмір жолынан сыр шертетін ерекше мұра болып саналады. 1996 жылы музей-үй жанынан заманауи конференц-зал салынып пайдалануға берілді. Оның іргетасын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қалаған.
Экспозициялар ақынның өмір жолын кезең-кезеңімен таныстырады. Алғашқы бөлім Жамбылдың ұстазы әрі рухани тәлімгері Сүйінбай Аронұлына арналған. Мұнда қазақ ақындық мектебінің сабақтастығы мен Сүйінбайдың Жамбыл шығармашылығына әсері көрсетілген. Сонымен қатар 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске, Жамбылдың сол кезеңдегі шығармаларына және ақынның тарихи фотосуреттеріне арналған құнды материалдар сақталған.
Мұражай қорында 1919 жылы өткен ақындар мен күйшілер слетіне, сондай-ақ 1934 жылғы ұлттық өнер шеберлерінің алғашқы республикалық слетіне және 1936 жылғы айтыскер ақындар жиынына қатысты сирек деректер қойылған. Бұл материалдар Жамбылдың суырыпсалма ақындық өнерінің биік деңгейін көрсетеді.
Көрменің маңызды бөлімдерінің бірі 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігіне арналған. Мұнда Жамбылдың сол кезеңдегі белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлерімен түскен фотосуреттері, марапаттары мен тарихи құжаттары қойылған. Ақынның Еңбек Қызыл Ту ордені, депутаттық мандаттары және басқа да марапаттары келушілер назарына ұсынылған.
1937 жылы Жамбылдың Мәскеу мен Тбилисиге жасаған сапары оның шығармашылығында ерекше із қалдырды. Осы сапар нәтижесінде дүниеге келген жырлар кейін «Кавказға саяхат» атты кітапқа енді. Ал 1938 жылы Жамбыл Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, мемлекет тарихында алғаш рет парламент мәжілісін өлеңмен ашқан тұлға ретінде тарихта қалды.
Мұражайда ақынның 75 жылдық шығармашылық мерейтойына арналған арнайы бөлім де бар. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген құттықтау хаттар мен жеделхаттардың көшірмелері, сыйлықтар, фотоальбомдар және мемлекеттік марапаттар қойылған. Ақынның Ленин орденімен және «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталғанын растайтын тарихи құжаттар да осы бөлімде сақталған.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жамбыл шығармашылығына арналған бөлім ерекше әсер қалдырады. Мұнда оның бүкіл елге рух берген әйгілі «Ленинградтық өренім» өлеңі, майданнан келген сарғайған хаттар және соғыс кезеңіндегі тарихи материалдар қойылған. Ақынның патриоттық жырлары кейін «Соғыс жырлары» атты жеке жинаққа біріктіріліп, бүгінде музей қорында сақтаулы.
Жамбыл өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі - ұлы Алғадайдың 1943 жылы майданда қаза табуы. Осы қайғыдан туған «Алғадай туралы ой» жоқтауы қазақ поэзиясындағы ең әсерлі туындылардың бірі саналады.
Мұражайда ақынның соңғы күндері де ерекше құрметпен көрсетілген. 1945 жылғы 22 маусымда сағат 7:55-те Жамбыл Жабаев дүниеден өтті. Сол сәтті бейнелейтін жәдігерлер мен құжаттар арнайы экспозицияда ұсынылған. Ақынның жеке бөлмесі, жұмыс үстелі, кітаптары, домбырасы, асатаяғы, тұрмыстық заттары мен тоқтап қалған қабырға сағаты сол күйінде сақталған.
Келесі бөлімдерде Жамбыл мұрасын зерттеген ғалымдар мен жамбылтанушылардың еңбектері қойылған. Мұнда Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Сейіт Қасқабасов және басқа зерттеушілердің еңбектерімен қатар Жамбылдың ізбасар ақындары туралы материалдар да жинақталған.
Жамбылдың туғанына 150 жыл толуы қарсаңында мұражай кешені толық жаңғыртылып, қайта қалпына келтірілді. Бүгінде мұнда мерейтойлық іс-шаралар, ғылыми конференциялар мен мәдени кездесулер тұрақты өткізіледі. Мұражай бағының ішінде қазақтың көрнекті композиторы әрі дирижері Нұрғиса Тілендиевтің бейіті де орналасқан.
Қазіргі таңда Жамбыл мұражайы - ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын танытатын ғана емес, қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптейтін маңызды мәдени орталық. Бұл жер Қазақстанның қасиетті орындарының бірі ретінде ел азаматтары мен шетелдік қонақтарды қабылдап келеді.
Дереккөз: el.kz