Қазақтың даңқты батыры Райымбек алыс болашақты алдын ала сезіп, тоғыз жолдың торабында ұрпағының бақытты өмір сүретінін болжаған екен. Өмірінің соңына таман, жарығы таусылғанын сезген ол: «Денемді түйеге артып жіберіңдер, жануар қай жерге шөксе, мені сол жерге жерлеңдер», - деп өсиет айтады. Содан бері екі ғасыр өтсе де, батырдың сүйегі бүгінгі Алматының дәл ортасында, халық көп жүретін көше бойында жатыр.
Райымбек батырдың зираты - ел үшін киелі орын. 1981 жылы бұл жерге мәрмәр ескерткіш қойылса, 1994 жылы «Райымбек» тарихи-этнографиялық бірлестігінің бастамасымен үлкен мавзолей тұрғызылды. Кесене алдында ақ бураның шөккен мүсіні орнатылған. Батырды халық тек қол бастаған ер емес, әулие, көріпкел ретінде де құрметтейді. Сол себепті мұнда келіп дұға жасайтын, тілек тілейтін адамдардың қарасы үзілмейді. Дегенмен бұл орын әлі де жөндеуді қажет етеді. 1991 жылы батыр құрметіне қаладағы көше атауы Райымбек даңғылы болып өзгертілді, бірақ көпшілік оны бұрынғыдай «Ташкентский» деп те атап жүр.
Ескі тұрғындардың айтуынша, бір кезде бұл маңда шағын төбешік болған. Құрылыс басталғанда қариялар ол жердің Райымбек батырдың жерленген орны екенін айтып, тиіспеуді өтінген. Бірақ құрылыс жалғаса бергенде күтпеген жағдай болады - бульдозер сол төбешікке келген сайын өшіп қалып, кері бағытта ғана жұмыс істеген. Бірнеше рет қайталанған соң, адамдар бұл жердің киесін мойындап, құрылыс тоқтатылған екен. Содан бері бұл орынға қол сұғылмайды.
Райымбек Түкеұлы 1705 жылы Алматы өңірінде туған. Атасы Хангелді батыр да елге танымал болған. Райымбек 17 жасынан бастап жоңғарларға қарсы соғысқа қатысып, өмірінің 33 жылын шайқастарға арнаған. Аңыз бойынша ол 77 рет жараланған. Ерлігімен ел есінде қалған оның ең әйгілі шайқасы - Ойрантөбе соғысы, онда ол жаудың бірнеше қолбасшысын жекпе-жекте жеңген.
Батыр кейіннен он мыңнан астам әскерге қолбасшылық жасап, ел қорғау ісіне жетекшілік етеді. Ол тек соғысқа қатысқан емес, халықты егіншілікке үйретіп, суару жүйелерін де дамытқан. 1729 жылғы Аңырақай шайқасында Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Өтеген сияқты батырлармен бірге жауға қарсы шыққан.
Райымбек есімі ел жадында терең сақталған. Оның атымен аудан, ауыл, метро бекеті аталады. Жазушылар оның ерлігін шығармаларға арқау еткен. Бүгінде Райымбек батырдың есімі мен рухы халық жадында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді.
Дереккөз: el.kz