Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Қабанбай батыр кесенесі

Қабанбай батыр кесенесі

Қабанбай батыр кесенесі
Қабанбай батыр кесенесі
Қабанбай батыр кесенесі
1 / 3

Қаракерей Қабанбай батыр - қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресін ұйымдастырған теңдессіз қолбасшы. Оның шын есімі - Ерасыл. Ол Найман тайпасының Қаракерей руынан шыққан. Батырдың балалық шағы ауыр кезеңге тұс келді: 7 жасында әкесі Қожақұлдан, ал 16 жасында үлкен ағасынан айырылды. Екі жақыны да жоңғарлардың қолынан қаза тапқан соң, 16 жасар Ерасыл жау шебіне жасырын кіріп, ағасының кегін қайтарады. Осыдан кейін ол Зайсандағы әпкесі Меруерттің ауылында бірнеше жыл тұрады. Сол жерде жылқыларға шапқан жабайы қабандарды қырып, батылдығымен көзге түскен соң, ел арасында «Қабан батыр» атанып кетеді.

Уақыт өте келе оның есімі ел қорғаған ұлы тұлғаға айналды. 1717 жылғы Аягөз шайқасынан кейін халық оны Қабанбай батыр деп атай бастады. Ол қазақ тарихындағы ең ірі шайқастардың бел ортасында жүрді: Түркістанды қорғауға (1723 ж.), Бұланты (1726 ж.) және Аңырақай (1730 ж.) шайқастарына қатысты. Осы ерліктерінің арқасында Қабанбай Абылай ханның ең сенімді серігі әрі бас батырына айналды. Ал 1741 жылғы Шаған шайқасындағы ерекше ерлігі үшін оған «Дарабоз» деген ең жоғары лақап ат берілді.

Батыр тек Шығыс өңірін ғана емес, бүкіл қазақ даласын азат етуге үлес қосты. 1751 жылы Оңтүстік Қазақстанды, соның ішінде Шымкент, Сайрам және Ташкент маңын жоңғарлардан тазартты. Бұл жорық Ташкентте Төле бидің билікке келуіне және тұтқындағы қарақалпақтарды босатуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ ол Бөгенбай батырдың әскерімен тізе қоса отырып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін жаудан азат етті. Жоңғарлар жеңілгеннен кейін, қырғыздарға өтіп кеткен Шоңжы, Нарынкөл, Кеген жерлерін қайтарып алды. Ол әскери іспен қатар дипломатияны да меңгерген тұлға болды: 1758 жылы Қытаймен келісім орнатып, Үрімшіге 300 жылқы айдап апарды.

Қабанбай батыр өмірінің соңына дейін ат үстінен түскен жоқ. Одан кек алмақ болған қырғыз батыры Қарабектің шақыруын, қатты ауырып тұрғанына қарамастан қабыл алды. Жекпе-жекте Қарабекті жеңгенімен, сол сәтте өзі де аттан құлап, бақилық болды. Ұлы қолбасшы бүгінгі Ақмола облысы, Целиноград ауданындағы Есіл мен Нұра өзендерінің аралығында қайтыс болған.

Бүгінде Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесі елордамыз Астана қаласы анық көрінетін ең биік жотада орналасқан. Оның есімі мен ерлігі Бұқар жырау, Ақтамберді, Дулат сияқты ақындардың жырларында мәңгілікке сақталды, ал ол туралы құнды деректер Ұлттық ғылым академиясының қорларында әлі күнге дейін қастерлеп сақтаулы тұр.

 

Дереккөз: history-akmola.kz