Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Міржақып Дулатов кесенесі

Міржақып Дулатов кесенесі

Міржақып Дулатов кесенесі
Міржақып Дулатов кесенесі
1 / 2

Міржақып Дулатұлы - Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі, ХХ ғасырдың басында қазақ халқын отты жырларымен оятып, білімге, еркіндікке және жаңғыруға үндеген ұлы тұлға. Оның туған жері - Торғай уезі, Сарақопа болысының үшінші ауылы (қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Қызбел ауылы).

Міржақып Дулатұлы қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын және жазушысы ретінде танылды. Ол өз шығармаларында патшалық Ресейдің отарлық саясатына ашық қарсы шығып, халықтың құқығын қорғауды мақсат етті. Сонымен қатар қазақ жастары үшін мектептер ашу, қазақ тілінде газет-журналдар шығару қажеттігін көтерді. Оның идеялары кейін ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының рухани бағытына үлкен ықпал етті. Әсіресе «Оян, қазақ!» жинағы қазақ жастарының ұлттық ұранына айналды.

1928 жылы Міржақып Дулатұлы қамауға алынып, кейін жалған айыппен ату жазасына кесілді, алайда үкім он жылдық лагерь жазасына ауыстырылды. Ол Беломор-Балтық каналы құрылысы аймағындағы Сосновец лагерінде жазасын өтеп, ауыр жағдайда 1935 жылы сол жерде қайтыс болды. Осылайша ол азаттық жолында өмірін құрбан еткен тұлғалардың бірі ретінде тарихта қалды.

1989 жылы Міржақыптың сүйегі Карелия жерінен табылып, қызы Гүлнар Дулатованың бастамасымен 1992 жылы Қазақстанға, туған жері Торғай даласына қайта әкеліп жерленді. Бұл іске міржақыптанушы ғалымдар мен белгілі қоғам қайраткерлері де атсалысты.

Осыған байланысты 1992 жылы Бидайық ауылында Міржақып Дулатұлының кесенесі мен музейінің іргетасы қаланды. Кейін 2016 жылы нысан толық жаңғыртылып, «Әділет» ЖШС тарапынан қайта жөнделіп, заманауи кірпішпен қапталды.

Музей екі қабаттан тұрады. Жоғарғы қабатта Міржақыптың отбасымен және замандастарымен түскен суреттері, естелік фотолары, түскиіздері және өзі қолданған тарихи бұйымдар сақталған. Ерекше мәнге ие жәдігердің бірі - бес жұлдыз белгісі, ол ақынның Соловецк лагеріндегі қабірінің басына қойылған белгі ретінде 1992 жылы елге әкелініп, музейге тапсырылған.

Музей мен кесене арасы 70-80 метр, бұл аралық төсеніш тастармен көркемделіп жалғастырылған. Мемориалдық кешен қорында Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатова тапсырған фотосуреттер, жол сөмкесі, күміспен қапталған белбеу және басқа да жеке заттар сақталған.

Бүгінде бұл кешенге тек Қазақстаннан ғана емес, шетелден де келушілер жиі келеді. Міржақып Дулатұлының кесенесі мен мұражайы - ұлт рухын ұлықтайтын қасиетті орындардың бірі болып саналады.

 

Дереккөз: www.gov.kz