Есім хан кесенесі - ХVII ғасырдың тарихи-сәулет ескерткіші, республикалық маңызы бар нысан. Ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-батыс мұнарасынан 12 метр қашықтықта орналасқан. Координаттары - 43˚17.835΄, 068˚16.275΄, теңіз деңгейінен биіктігі 219 метр.
Кесене ортағасырлық сәулет ескерткіші ретінде жартылай қалпына келтірілген. Бейіттің қазіргі сақталған биіктігі 3,2 метр, ені 8,9 метр. Бұл жер Қазақ хандығы тарихындағы ірі тұлға - Есім ханның жерленген орны.
Есім хан - қазақ тарихындағы аса ірі саяси және әскери қайраткер, «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен ел жадында қалған тұлға. Ол 1628 жылы қайтыс болған. Оның қабірі туралы алғаш рет 1960 жылы археолог Г.И. Пацевич жазған. Кесене жобасы шағын, квадрат пішінді құрылыс болып келеді, басты қасбеті портал түрінде сақталған. Қасбетінде геометриялық өрнектер мен глазурьлі плиткалар қолданылған. Едені квадрат кірпішпен төселген, ал күмбезі мен қабырғаларында сылақ іздері сақталмаған.
Кесененің сақталған бөліктері аймақта кең тараған жерлеу құрылыстарының дәстүрін көрсетеді. Ескерткіштің жоғарғы бөлігі толық қираған, тек төменгі мүрдехана бөлігі ғана сақталған. Алғашқы зерттеу жұмыстары 1958 жылы жүргізілген, кейін 1980-жылдары жартылай қалпына келтірілген. 1994 жылы ол Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне (№590.7) енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.
Есім хан - Шығай ханның 12 ұлының бірі, анасы - Жанымбике. Ол 1578 жылы дүниеге келген. 1588 жылы Созақтағы құрылтай кезінде ол небәрі 10 жаста болған, сол жиында оның ағасы Тәуекел сұлтан хан болып сайланған. 1598 жылы Тәуекел мен Есім бастаған қазақ әскері Ташкент, Самарқан, Бұхара үшін жорықтар жүргізген, нәтижесінде Сыр бойындағы 30 қала Қазақ хандығына қосылған.
Кейінгі кезеңде билік үшін күрестер жалғасып, Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы қақтығыстарға әкеледі. Ақырында Есім хан жеңіске жетіп, Қазақ хандығын қайта біріктіреді, астананы Түркістанға көшіреді. Ол мемлекет басқару жүйесін нығайтып, белгілі заңдар жинағын құрастырады - «Есім ханның ескі жолы».
Есім хан 1628 жылы 50 жасында қайтыс болған. Ол кесенеге қарама-қарсы орналасқан жерасты мүрдеханасына жерленген, ал үстіне арнайы кесене тұрғызылған.
Есім ханның бірнеше ұлдары болған, олардың ішіндегі ең белгілілері - Жәңгір мен Жәнібек, сондай-ақ оның ұрпақтары кейін Қазақ хандығының тарихында маңызды рөл атқарған.
Дереккөз: azretsultan.kz