Abai Instituty / Киелі Қазақстан / Ахмет Байтұрсынұлының үй-музейі

Ахмет Байтұрсынұлының үй-музейі

Ахмет Байтұрсынұлының үй-музейі
Ахмет Байтұрсынұлының үй-музейі
Ахмет Байтұрсынұлының үй-музейі
1 / 3

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі - ұлт ұстазының өмірі мен мұрасын насихаттайтын маңызды мәдени орталық. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында музей-үй Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» құрамына енгізілді.

Ахмет Байтұрсынұлының есімі ресми түрде ақталғаннан кейін оның Алматыдағы тұрған үйін тарихи-мәдени мұра ретінде сақтау жұмыстары қолға алынды. 1992 жылғы 18 қыркүйекте қабылданған №413 шешім негізінде бұл ғимарат жергілікті маңызы бар тарих және сәулет ескерткіштері тізіміне енгізілді. Осы шешімнің нәтижесінде 1993 жылы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі ашылып, өз жұмысын бастады.

Сол жылы қала әкімдігінің шешімімен бұрынғы Космонавтар көшесіне Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Кейін ғалым тұрған А. Байтұрсынұлы көшесіндегі №60 үй қайта жөндеуден өткізіліп, музей ретінде қалпына келтірілді. Бүгінде музей төрт бөлме мен бір жертөледен тұрады. Оның бір бөлмесі ахметтану дәрісханасы ретінде пайдаланылса, қалған залдарда ғалымның өмірі мен шығармашылық жолын танытатын экспозициялар қойылған.

Музейдің бірінші залы «Ұлттық рухымыздың қайта оралуы», екінші залы «Қазақ санасының шамшырағы», ал үшінші залы «Саясат құрбаны» деп аталады. Соңғы бөлімде Ахмет Байтұрсынұлының қуғын-сүргінге ұшыраған кезеңі мен түрмедегі жылдары туралы материалдар жинақталған. Музей-үй «Тұлғалар тағылымына - тағзым» бағдарламасы аясында келушілерге қызмет көрсетіп, Алаш қайраткерлерінің есімдерін ұрпақ жадында сақтауға үлес қосып келеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты - ұлт ұстазының мұрасын таныстыру және оның өнегелі өмір жолы арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу.

Музей қорында Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметіне қатысты 500-ге жуық құжат сақталған, олардың 300-і мемлекеттік архивтерден алынған түпнұсқа материалдар. Сондай-ақ ғалым пайдаланған жазу машинкасы, мөртабан, қаламсап, қолшамадан, самаурын, жез табақ және сандық сияқты жеке заттары қойылған.

Қордағы ең құнды жәдігерлердің қатарында Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері ерекше орын алады. Мұнда «Қырық мысал», «Маса», «Оқу құралы», «Тіл-құрал», «Баяншы», «Әліпби», «Ер Сайын», «Сауаташқыш», «23 жоқтау», «Әдебиет танытқыш», «Тіл жұмсар» сияқты еңбектерінің көшірмелері жинақталған. Ғалымның шығармалары әр жылдары қайта басылып, жалпы саны 56 рет жарық көрген. Ал олардың түпнұсқалары Қазақстанның Ұлттық кітапханасының сирек қорлар бөлімінде сақтаулы.

1997 жылғы 4 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №150 қаулысы қабылданып, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына байланысты музей-үйді жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1998 жылғы 12 қыркүйекте музей-үй мен ғалымның бюсті салтанатты түрде ашылды. Осы тарихи шарада көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайұлы музейдің халыққа қызмет ететін тағылым ордасына айналуына тілектестік білдіріп, құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырған.

Бүгінде музей қорында Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы туралы 2000-ға жуық ғылыми мақала, 50-ден астам монография, халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар материалдары сақталған. Сонымен қатар музей жанында 1000-ға жуық кітап, 500-ден астам әдеби журнал және көптеген ғылыми жинақтар топтастырылған кітапхана жұмыс істейді.

Музей-үйде жыл сайын 5 қыркүйекте Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне арналған «Тұлға тағылымына - тағзым» атты ахметтану оқулары өткізіледі. Бұл шара ғалым мұрасын насихаттап, оның идеяларын келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған дәстүрлі мәдени іс-шаралардың біріне айналған.

Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі ұлт руханиятының маңызды орталығы ретінде жұмысын жалғастырып, келушілерге есігін айқара ашып отыр.

 

Дереккөз: kazmuseum.kz