Абылай хан алаңы - Көкшетау тауының етегінде орналасқан табиғи әрі тарихи бірегей ескерткіш.
Бұл алаңда 1991 жылы Абылай ханға арналған ұстын орнатылып, «Абылай хан» экспозициялық кешені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған. Мұражайдың жалпы аумағы 288 м². Экспозицияда Абылай ханның Ресей, Қытай және Бұхара хандықтарының елшілерін қабылдаған сәттері көрсетілген. Сонымен қатар, тарихи көріністердің бірі ретінде «Шаңды жорық» оқиғасы толық бір қабырғаға безендіріліп берілген. Ал орталық бөлігінде «Әскери кеңес» атты мүсіндік композиция орнатылған, оның айналасындағы бағаналарда Абылай ханға қатысты тарихи деректер жазылған.
Тарихи деректерге сүйенсек, XVIII ғасырдың ортасында дәл осы жерде үш жүздің билері Абылайды ақ киізге көтеріп хан сайлаған. Аңыз бойынша, Абылай хан сол кезде: «Тақта өздеріңіз отырыңыздар, мен сарбаздарыма барамын. Бұл жер табиғаты көркем, тек ойын-сауық орны болсын», - деген екен. Ал оның негізгі ордасы «Ханның қызыл ағашы» аймағында болған.
Бүгінде Абылай хан алаңы туристер көп келетін киелі орындардың бірі. Алаң ортасында биіктігі 37 метрлік ақ мәрмәр ұстын орналасқан, оны қарағандылық сәулетші Ерлан Айтуаров бастаған мамандар салған. Монумент сегіз қырлы формада, дөңгелек негіздің ішінде орналасқан. Қазақ мәдениетінде бұл пішін дүниенің төрт бағыты ғана емес, береке мен бірлікті де білдіреді. Ескерткіштің қырлары алтын жебе тәрізді өрнектермен безендірілген.
2009 жылы «Абылай хан ордасы» экспозициялық кешені ашылған. Ол келушілерге Абылай хан дәуірі туралы кең мәлімет береді. Кешен құрамына Абылай хан стеласы, тарихи зал және қымызхана кіреді.
Кешендегі ерекше нысандардың бірі - табиғи ақ тастан пайда болған Абылай хан тағы. Келушілер оны киелі санап, жеті рет айналып өтеді деген сенім бар.
Абылай хан алаңы ерекше табиғи ортасымен де танымал. Мұнда ерекше микроклимат, күн сәулесінің белсенділігі және ультракүлгін сәуленің молдығы адам ағзасына жағымды әсер етеді деген түсінік қалыптасқан.
Дереккөз: ruh.kz